ГАУХАР ТӨРЕМҰРАТҚЫЗЫ АЛДАМБЕРГЕНОВА

Ректор

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы 1971 жылдың 20 тамыз күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген.

1995 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтын;

1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспинтурасын аяқтады.

1998 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде «Кәсіби қазақ тілін мәтіндер арқылы игерту жолдары» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты, 2009 жылы  «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, 2011 жылы педагогика ғылымдарының профессоры атағын алды.

Г. Алдамбергенова 100-ден аса ғылыми мақала, 2 монография, 2 оқу құралы, 10 оқу-әдістемелік құралдардың, оның ішінде «Ойшылдардың этика туралы көзқарастары», «Мораль мәні және оның атқаратын қызметі», «Ғұлама-ойшылдардың «Этика-мораль» туралы идеялары», «Қазақ қыздарының моральдық-этикалық мәдениеті», «Қазақ халық педагогикасында қыздарды моральдық-этикаға тәрбиелеудің құралдары мен әдістері» атты оқу, оқу-әдістемелік құралдарының авторы. «Қазақ халқының қыздарға моральдық-этикалық тәрбие берудегі озық дәстүрлерін бүгінгі білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасы» концепциясы мен «Қазақ халқының қыздарды тәрбиелеудегі моральдық-этикалық дәстүрлері» атты арнайы курсының авторы. 2010 жылы жарық көрген «Қазақ халқының қыздарға моральдік-этикалық тәрбие берудегі озық дәстүрлерін бүгінгі білім беру жүйесінде пайдалану тұжырымдамасы» атты еңбектің құрастырушысы.  2010 жылы қыздар тәрбиесін негізге алып, «Моральдық-этикалық тәрбие беру негіздері» монографиясын, 2014 жылы «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру» атты монографиясын шығарды. 2014 жылы қазақ тілін толық меңгеру үшін қажетті тест тапсырмаларға арналған «Өнердегі қазақ тілі» атты оқу құралы глоссарий, қазақша-орысша сөздік, арнайы терминологиялар мен жаттығуларды жариялады. Сонымен қатар, оқу құралындағы барлық тапсырмалар кинематография, балет өнері, зергерлік бұйымдар, музыка, театр, архитектуралық өнер сияқты пәндерді оқытуға негізделген. Докторанттарға арналған «Жоғарғы педагогика», магистранттарға арналған «Педагогика» пәндері бойынша оқу-әдістемелік кешендерінің құрастырушысы. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беруге арналған «Ғажайып әліпби» электронды оқулық авторларының бірі. Бұл оқу құралы қазақ тілі дыбыстарының негізінде ағылшын тілін үйретіп, дидактикалық және иллюстрациялық материалдармен толықтырылып, шет тілін меңгеруге мүмкіндік береді.

Гаухар Төремұратқызы ғылыми-зерттеу жұмысының барысында Ресей, Германия, Ұлыбритания, Чехия, Италия және Түркия елдерінде өткен семинар-тренингтер мен біліктілікті көтеру курстарының тыңдаушысы. «Разработка внутривузовской системы обеспечения качества образования», «Самоорганизация и личная эффективность руководителя», «Пространство в географии со стороны искусства», «Регуляции в Болонском процессе и его преимущества», «Инновационный Интернет для науки и образования», «Art Innovative Technologies», «Психология и менеджмент», «Современные вызовы и потенциалы культурной политики: на основе опыта Азербайджанской Республики», «Система образования в Европейском Союзе перспективы сотрудничества и развития», «Research Universities: The Kazakhstan Path», «Использование виртуального тренинга «Мотиватор» және «Жоғары, техникалық және кәсіптік білім сапасын тәуелсіз бағалау жүйесі» сияқты оннан астам халықаралық конференциялардың қатысушысы.

Гаухар Алдамбергенованың жалпы еңбек өтілі – 29 жыл. Оның ішінде 20 жылдан астам уақытта білім беру мекемелерінде басшылық қызметтерді атқарды.

Алғашқы еңбек жолын 1988 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы орта мектепте аға пионер вожатый қызметінен бастаған.

1988 – 2001 жылдары аралығында Қызылорда облысы, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы орта мектептерде қазақ тілі пәнінің мұғалімі;

2001 – 2016 жылдары аралығында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы, Әлеуметтік-гуманитарлық кафедрасының меңгерушісі, доцент, Қазақстан тарихы және әлеуметтік ғылымдары кафедрасының профессоры, Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры;

2014 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректор міндетін атқарушы;

2016 – 2017 жылдары Қазақ ұлттық хореография академиясының бірінші проректоры;

2017 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры.

Гаухар Алдамбергенова отандық білім мен ғылымның дамуына сіңірген еңбегі үшін «Жоғары оқу орнының ең үздік оқытушысы», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атақтарымен, «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Ректор Блогы

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.