Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылдаудың  қағидалары

Жалпы ережелер

  1. Осы Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылдаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) “Білім туралы” 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5 – бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген, білім беру мекемесіне қабылдаудың Үлгілік ережесіне сәйкес құрылған және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылдау тәртібін айқындайды.
  2. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті (бұдан әрі – ҚазМемҚызПУ) докторанттарын қабылдау ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру арқылы, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты және өзге де көздер есебінен оқу ақысын төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
 

Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылдаудың тәртібі

(докторантура)

 

  1. ҚазМемҚызПУ-нің докторантурасына тұлғаларды қабылдау түсу емтихандарының нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Докторантурада шетелдіктерді оқыту ақылы негізде жүзеге асырылады. Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу құқығы магистратура бағдарламалары бойынша стипендиялық бағдарламаларды есепке алмағанда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

  1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша шетел азаматтарын оқуға қабылдау ҚазМемҚызПУ-нің академиялық күнтізбесіне сәйкес күнтізбелік жыл бойы жүргізіледі.
  2. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар заңнамамен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы №8 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау қағидаларына сәйкес танылады немесе нострификацияланады.
  3. Құжаттарды қабылдау және түсу емтихандарын өткізуді ұйымдастыру үшін ҚазМемҚызПУ-де қабылдау комиссиясы құрылады. Қабылдау комиссиясының төрағасы ҚазМемҚызПУ-нің басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға болып табылады.

Қабылдау комиссиясының құрамы ҚазМемҚызПУ-і басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен бекітіледі.

  1. ҚазМемҚызПУ-нің докторантурасына түсушілердің өтініштерін қабылдау, қабылдау комиссиясымен, сондай-ақ ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі. Өтініштерді қабылдау мерзімі күнтізбелік жылдың 3 – 25 шілде аралығында.

Шет тілі бойынша, мамандық бойынша түсу емтихандары, кешенді тестілеу күнтізбелік жылдың 8 – 16 тамызы аралығында, қабылдау күнтізбелік жылдың 28 тамызына дейін жүргізіледі.

 

Докторантураға қабылдау және түсу емтихандарын өткізу тәртібі

 
  1. Докторантураға кемінде 1 жыл еңбек өтілі және “магистр” дәрежесі бар тұлғалар қабылданады.
  2. Докторантураға түсуші тұлғалар ҚазМемҚызПУ-не мынадай құжаттарды тапсырады:

1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

2) білімі туралы құжаттың көшірмесін;

3) шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификатын;

4) ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың тізімін (бар болған жағдайда);

5) 3×4 сантиметр өлшемді алты фотосурет;

6) № 907 бұйрықпен бекітілген 086-У нысанындағы медициналық анықтаманы;

7) кадрлар есебі бойынша жеке іс парағы немесе жұмыс орны бойынша кадр бөлімі растаған еңбек қызметін растайтын өзге де құжатты;

Осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстыру үшін олардың түпнұсқалары ұсынылады. Салыстыру жүргізілгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.

  1. Докторантураның білім беру бағдарламаларының топтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мақсатты даярлау аясында тұлғалардың өтініштерін (еркін түрде) қабылдау ҚазМемҚызПУ-де жүргізіледі.
  2. Докторантураға түсушілер шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаттарын ұсынады:

ағылшын тілі: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (TOEFL ITP (ТОЙФЛ АЙТИПИ) – кемінде 460 балл); Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (Интернет бейзид тест) (TOEFL IBT (ТОЙФЛ АЙБИТИ), шекті балл – кемінде 87);

          TOEFL шекті балл – кемінде 560 балл;

International English Language Tests System (IELTS)– кемінде 4.5.

неміс тілі:

Deutsche Sprachpruеfung fuеr den Hochschulzugang (DSH, Niveau C1/С1 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau C1/С1 деңгейі);

француз тілі:

Test de Franзais International™ (TFI) – оқу және тыңдалым секциялары бойынша B1 деңгейден төмен емес;

 Diplome d’Etudes en Langue franзaise – (DELF), B2 деңгейі;

 Diplome Approfondi de Langue franзaise – (DALF), C1 деңгейі; Test de connaissance du franзais – (TCF) – кемінде 400 балл.

 ҚазМемҚызПУ-дың қабылдау комиссиясы ұсынылатын сертификаттардың түпнұсқалығын тексереді.

  1. Докторантура білім беру бағдарламаларының топтары бойынша түсу емтиханын докторантура бағдарламасына қабылдауды ҚазМемҚызПУ-і дербес жүргізеді. Бұл ретте, түсуші тұлғалар докторантура білім беру бағдарламасының тобы бойынша түсу емтиханын тек таңдаған жоғары оқу орынында ғана тапсырады.
  2. Докторантураға түсу емтихандарын өткізу кезеңінде – ҚазМемҚызПУ-де, білім беру бағдарламаларының топтары бойынша емтихан комиссиялары құрылады. Кадрларды даярлаудың мәндес бағыты бойынша бір емтихан комиссиясын құруға жол беріледі.
  3. Білім беру бағдарламаларының топтары бойынша емтихан комиссиялары тиісті бейінге сәйкес ғылым докторы немесе кандидаты, немесе философия докторы (PhD) дәрежесі бар профессор-оқытушылық құрамының, ҚазМемҚызПУ қызметкерлерінің қатарынан қалыптастырылады.

Емтихан комиссиясының құрамы олардың төрағалары көрсетіле отырып ҚазМемҚызПУ-і басшысының бұйрығымен бекітіледі.

 

Апелляциялық комиссия жұмысының тәртібі

  1. ҚазМемҚызПУ емтихандарды өткізуге күнтізбелік жиырма күн қалғанға дейін ҚР БҒМ-ге докторантура білім беру бағдарламаларының топтары бойынша түсу емтихандарын өткізудің кестесін жібереді.
  2. Емтиханның нәтижесімен келіспеген жағдайда және бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР БҒМ жанында Апелляцияны қарау жөніндегі республикалық комиссия және ҚазМемҚызПУ-де апелляциялық комиссия құрылады.

Республикалық апелляциялық комиссияның төрағасы мен құрамы, түсу емтихандарын қабылдау пункттерінде құрылатын апелляциялық комиссиялар төрағалары ҚР БжҒМ бұйрығымен бекітіледі.

ҚазМемҚызПУ-дегі апелляциялық комиссияның құрамы қабылдау комиссиясы төрағасының бұйрығымен бекітіледі.

Апелляциялық комиссия түсу емтиханы мен кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген тұлғалардың өтініштерін қарау үшін құрылады.

  1. Апелляциялық комиссия докторантураға түсуші тұлғалардан емтихан материалдарының мазмұны мен техникалық себептер бойынша түскен өтініштерді қабылдайды және қарайды.

Апелляциялық комиссия жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының топтары бойынша түсу емтихандарының нәтижелерін апелляцияға берген тұлғаға балдар қосу туралы шешім қабылдайды.

Апелляциялық комиссия шет тілі бойынша түсу емтихандары және кешенді тестілеу бойынша апелляцияны қарау нәтижелерін республикалық апелляциялық комиссияға жібереді.

Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссия ұсынысының негізділігін қарайды және апелляциялық комиссияның ұсынысы келіп түскеннен кейін бір күн ішінде шет тілі бойынша түсу емтихандарының немесе  оқу үшін кешенді тестілеу нәтижелерін апелляцияға берген тұлғаға балл қосу туралы шешім қабылдайды.

  1. Апелляцияға берілетін өтінішті докторантураға түсуші тұлға апелляциялық комиссия төрағасының атына береді. Емтихан материалдарының мазмұны мен техникалық себептер бойынша өтініштер түсу емтиханының нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін қабылданады, оны апелляциялық комиссия өтініш берілген күннен бастап бір күн ішінде қарайды.

Түсу емтихандарының нәтижелері өткізілген күні жарияланады.

Апелляциялық комиссия әр тұлғамен жеке тәртіппен жұмыс істейді. Тұлға апелляциялық комиссияның отырысына келмеген жағдайда, оның апелляцияға берген өтініші қаралмайды.

  1. Апелляциялық комиссия өтінішті қарау кезінде апелляцияға берген тұлға жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
  2. Апелляциялық комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төраға және барлық комиссия мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.
  3. Түсу емтихандарын және кешенді тестілеуді өткізу кезінде тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында түсу емтихандарын қабылдау пункттеріне ҚР БҒМ өкілдері жіберіледі.

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.