Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына шетелдік азаматтарды оқуға қабылдаудың үлгі қағидалары

Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына жалпы орта, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік, орта білімнен кейінгі) және жоғары (жоғары кәсіптік) білімі бар тұлғалар қабылданады.

Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші тұлғаларды қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысын (білім беру грантын) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа да көздер есебінен оқуға ақы төлеуі арқылы жүзеге асырылады.

Әскери оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға егер олар осы деңгейде бірінші рет білім алатын болса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқық беріледі.

Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
Шетел азаматтарын мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бөлінген квота бойынша мемлекетаралық келісімдер негізінде құрылған халықаралық жоғары оқу орындарына қабылдауды жоғары оқу орындары дербес жүзеге асырады.

Шетел азаматтарын ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу түрінде жүзеге асырылады.
Шет тілінде берілген құжаттардың қазақ немесе орыс тілдеріндегі нотариалды куәландырылған аудармасы болуы тиіс.

Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар тұлғалар оқуға қабылданғаннан кейін оқудың бірінші семестрі ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен нострификациялау рәсімінен өтеді.

 Шетелдік студенттерге

Егер сайттан қате тапсаңыз, қате мәтінді белгілеп Ctrl+Enter пернесін басыңыз.