Теннистен өткен жарыста екінші орынды еншіледі

АЛМАТЫ. 9 қараша. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің үстел теннисінен құрама командасы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен IX Жазғы Универсиада ойындарында екінші орын алды.
 
11-15 қазан күндері Тараз қаласындағы «Тараз – Арена» спорт кешенінде өткен сайыс Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
 
Дәстүрлі жарысқа 16 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынады. Қыздар университетінің атынан қатысқан студенттер жарыс жолында жылдамдығы мен шеберліктерін жан-жақты паш ете білді. Атап айтқанда, Әсел Құрал, Гуллора Якубова, Маргарита Цихлер және Медиана Қалықбай қарсыластарынан мерейлері үстем болды.
 
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша 1-орынға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ие болды. 2-орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің спортшылары қанжығасына байласа, 3-орын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің командасына бұйырды.
 
Ал, жекелей сында 54 спортшының арасынан Қыздар университетінің 3-курс студенті, Үстел теннисінен ҚР спорт шебері Медиана Қалықбай қола медальға ие болды.
 
Спорт бәсекесінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға дипломдар мен кубоктар табысталды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdar_yniver
instagram: qyzdar_yniversiteti