Волейболдан Қыздар университетінің командасы қола медаль алды

 

АЛМАТЫ. 10 қараша. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде волейболдан қыздар арасында өткен ҚР жоғары оқу орындары студенттерінің IX Жазғы Универсиада ойындарында білім ордасының құрама командасы үшінші орын алды.
 
Дәстүрлі сайыстың мақсаты – жастардың денсаулығын нығайтып, спорттық шеберлігін шыңдау және олардың арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
 
Қазан айының 11-16 күндері аралығында өткен жарысқа 16 команда қатысып, бақтары мен баптарын сынады.
 
– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да болашақ педагог мамандарды даярлайтын ұжымның алдында тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, – деп атап өтті шара ұйымдастырушылары.
 
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 1-орынға ие болды. 2-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті еншілесе, 3-орын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің командасына бұйырды. Университет басшылығы спорт бәсекесінде жеңіс тұғырына көтерілген командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti