Жас аспаздар байқауы өтті

 

АЛМАТЫ. 10 қараша. Media_Ortalyq – «Ас – адамның арқауы». Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттерінің арасында осындай атаумен жас аспаздар байқауы өтті. Әлеуметтік және тәрбие департаменті ұйытқы болған шараға 6 білімгер қатысып, аспаздық шеберліктерін паш етті.
 
Байқауда 18 түрлі тағам қазылардың сараптауына ұсынылды. Студенттер жасаған астың басым көпшілігі еттен және көкөністен әзірленген. Бағалау барысында астың сапасымен қатар, оны ұсыну және безендіру ерекшелігіне, денсаулыққа пайдалылығына басымдық беру жайына да назар аударылды.
 
Екі кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы бөлімінде қатысушылар тақырыпқа сай сұрақтарға жауап беріп сынға түссе, екінші турда тағамдарды дайындау тәсілдері мен ерекшеліктері жайында айтты.
 
– Асхана – қолынан бал тамған қыз-келіншектердің ордасы іспеттес. Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер. Қыздар университетінің студенттері ертең ана атанып, бір шаңырақтың алтын қазығына айналады. Бойжеткендер оқу орнында алған білімін тәлім-тәрбиемен, аспаздық өнердің қыр-сырымен ұштастыра білсе нұр үстіне нұр болмақ. Алдағы уақытта бұл сайысты өткізу дәстүрге айналады, – деп атап өтті шара ұйымдастырушылары.
 
Байқауға қатысушылардың басым бөлігі 1-курс студенттері. Олар ұлттық тағамдармен бірге, қытай, өзбек, ұйғыр және орыс халқының ас мәзірін дайындады.
 
Бірнеше номинация бойынша өткен конкурстың жалпы қорытындысында бас жүлде Гүлнұр Бағдатқызына берілді. Сондай-ақ, қазылар алқасы өзге қатысушыларды 4 аталым бойынша үздік деп таныды. Олар дипломдармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
 
Іс-шара соңы педагогикалық университеттің өнерлі студенттерінің концертіне ұласты.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti