Университет ректоры Жаратылыстану факультетінің студенттерімен кездесті

 

АЛМАТЫ. 10 қараша. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова Жаратылыстану факультетінің студенттерімен кездесті.
 
Дәстүрлі жиынның мақсаты – білімгерлердің өмірі мен оқу үрдісімен жан-жақты танысу, туындаған түйіткілді мәселелердің шешімін табу.
 
Кездесуде сөз алған оқу орнының басшысы Г. Алдамбергенова жиынның маңызына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
 
– Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 70 жылдан астам уақытта педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және отаншылдық рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы етіп даярлау – ұстаздарға жүктелген мәртебелі міндет. Сіздердің жақсы тәрбие алып, білікті маман болып қалыптасуларыңыз керек. Ол үшін Қыздар университетінде тиісті жағдайлар жасалған. Десе де көкейлеріңіздегі сұрақтарыңызды қойып, шешімін таппаған мәселелеріңізбен бөлісу үшін осындай басқосулардың маңызы зор деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Гаухар Төремұратқызы.
 
Жиын барысында студенттер негізінен жатақхана мәселесіне, академиялық ұтқырлық бағдарламасына, оқу ақысына, емтихан сессиясына қатысты сауалдар қойды. Жастар тарапынан жолданған сұрақтарға ректор Гаухар Алдамбергенова, ректор аппаратының жетекшісі Жаңагүл Сұлтанова, Экономикалық және өндірістік мәселелер жөніндегі проректоры Дамир Балтабеков, Қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс бөлімінің жетекшісі Бағланбек Доспамбетов жауап беріп, ұсыныстардың өз дәрежесінде ескерілетінін жеткізді.
 
Кездесу соңында университет басшысы келешекте осындай форматтағы іс-шаралар дәстүрлі түрде өткізіліп тұратынын, оқу корпустарының ғимараттарында сұрақтар мен ұсыныстарға арналған арнайы пошта жәшігі орнатылатынын жеткізді.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti