Қыздар Университетінде «Құрышжанов оқулары» өтті

 

АЛМАТЫ. 12 ақпан. Media_Ortalyq – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі түрколог, тұңғыш қыпшақтанушы ғалым Әбжан Құрышжанұлының ғылыми еңбектерін зерттеп, зерделеу мақсатында «Құрышжанов оқулары» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
 
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі жиын барысында жалпы түркі әлеміне, түркітануға оның ішінде тіл, әдебиет, әлеуметтану, тарих, қоғамтану, өнер тарихы, халықаралық қатынастар, байланыс салалары бойынша өзекті мәселелер бағамдалды. Сонымен қатар, түркі тілдерінің тарихы мен рухани мұралары, қыпшақтанудың жалпы және жеке мәселелері, түркі халықтарының тарихи-мәдени байланыстары, профессор Әбжан Құрышжанұлының түркі дүниесін, тілі мен тарихын, руханиятын зерттеуге, жалпы түркітану іліміне қосқан үлесі туралы сөз қозғалды.
 
Конференцияға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар мен тіл мамандары қатысты. Атап айтқанда, Түркияның Омер Халисдемир Университеті, Ахи Евран Университеті, Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Каспий Университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары онлайн желісінде байланысқа шығып, тақырып аясында баяндама жасады.
 
Жиынды Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Алтынай Тымболова ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды.
 
– Бүгінде уақыт талабына сай мұндай халықаралық интеграциялар мен байланыстарды нығайтуға қызмет ететін әлемдік ауқымдағы кәсіби мамандар қажет. Мұндай ғалымдар қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие. Солардың бірі – Әбжан Құрышжанұлы еді. Бұл есім берісі – қаймана қазаққа, арысы – әлем түркітанушыларына таныс есім болды. Зерттеушілік мол түйсігі мен қарымды қаламгерлігінің арқасында төл тарихымыздың тереңіндегі орта ғасыр ескерткіштерін, бірқатар түркі жұртына ортақ мұраларды ғылымға енгізіп, көпшілікке қайта қауыштырды, – деп атап өтті ол.
 
Кеңес жұмысы «Түркітану ғылымы жастар көзімен», «Жаңартылған білім мазмұнынына жаңа бағдар» атты екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар «Профессор Ә. Құрышжанұлы және қыпшақтану ілімі», «Түркі дүниесінің рухани мұрасы: әдебиеті мен мәдениеті», «Түркі өркениеті және тәлім-тәрбие мәселелері», «Түркі халықтарының тарихи-мәдени байланысы: лингвомәдениеттану және елтану мәселелері», «Түркі халықтарының тарихын зерттеу мәселелері мен перспективалары», «Түркі жәдігерлеріндегі жаратылыстану туралы ойлар», «Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны» және «Жаңартылған білімге – жаңаша көзқарас» бағыттары бойынша зерттеу еңбектерімен бөлісті.
 
Басқосуда Ахи Евран Университетінің докторанты Осман Қабадайы «Қазақстанның жаңа латын әліпбиі туралы кейбір ойлары», Қыздар Университетінің студенті Айнұр Өтеуова «Ғалым Əбжан Құрышжанұлы зерттеулеріндегі фонетиканың кейбір мəселелері», Айгерім Науанова «Профессор Əбжан Құрышжанұлының этимологиялық зерттеулері», Назерке Ерғазы «Әбжан Құрышжанұлы зерттеулері», Ақнұр Шамшаддинқызы «Білім беру жүйесіндегі кіріктірілген сабақ ерекшеліктері» және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Әділет Ықылас «-ман аффиксінің тарихи этнонимдері» тақырыптарында баяндама жасады.
 
Жиын соңында Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Жарқынбике Сүлейменова қатысушыларға алғысын білдіріп, конференцияға белсенді қатысқан бір топ студент пен магистрді Алғыс хатпен марапаттады.
 
Әбжан Құрышжанұлы – қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор.
 
Ә. Құрышжанұлының зерттеген еңбектері негізінен тіл тарихы, көне түркі тілдері мен ежелгі қыпшақ жазба ескерткіштері мәселелеріне арналған. Ол ХІІІ ғасырда жазылған «Кодекс Куманикус» жазба ескерткішін, қыпшақ тілдерінің қазіргі түркі тілдерімен, сондай-ақ қазіргі қазақ тілімен арадағы байланысын зерттеп, 8-11 ғасырдағы көне түркі тілі мен тарихы жөнінде, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері туралы еңбектер жариялады. Құрышжанұлы бір ғана қыпшақ тілін зерттеумен шектелген жоқ. Ұлт тілі мен оның тағдырына әрдайым жанашыр көзбен қараған еңбекқор ғалымның қалам тартпаған саласы кемде-кем. Ол үлкен ғылымға қадамға басқан 1956-1973 жылдар аралығында қазақ тілі мен түркі тілдерінің тарихына байланысты 100-ге таяу ғылыми-зерттеу мақалалары мен бірнеше іргелі монографиялық еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Олардың арасында Орхон-Енисей руникалық жазулары, Құмандар сөздігі, Түркі-араб сөздігі, Әл-Қауанин ескерткіші, Әбу-Хаяйн, Ахмед Йүгінеки, Ахмед Йассауи, Жүсіп Баласағұни және т.б. еңбектері бар.
 
Ғалымның түркітану саласындағы көп жылғы ізденістері өз нәтижесін берген сүбелі дүниелердің бірі – 2001 жылы жарық көрген «Ескі түркі тілі жазба ескерткіштері» мен 2004 жылы шыққан «Құдатғу білік» атты кітаптары. Қазақ халқының тарихын көненің көзiндей сақтаған «Кодекс Куманикус» арқылы зерделеген Ә. Құрышжановтың өзге зерттеулерiн айтпағанда, Ж. Баласағұниды қазақша сөйлетуiнiң өзi оның есiмiн түрiктану тарихына, берiсi қазақ мәдениетi мен әдебиетiнiң, тiл ғылымының тарихын жазды. Ә. Құрышжанұлы қазақ тiл бiлiмiнде тұңғыш рет жазба мұралардағы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердi терiп, жинақтап, тақырыптық-сематикалық топтарға бөлiп, көпшiлiк қауымға ұсынды. Мұндағы жинақталып берiлген аталы сөздер әртүрлi жыр-жауһарларынан терiлiп алынған тағылымы мол, халықтық тұтас дүниетанымды таныта алатын, бүтiн бiтiмдiкке жетудiң сара жолын нұсқайтын қасиеттi сөздер.
 
Саналы ғұмырында ғалымдық, ұстаздық өнегесін, барлық білім-тәжірибесін шәкірттеріне берген ғалым түркологиялық ғылыми зерттеулермен ғана шектеліп қалмай, ғылыми кадрлар даярлау ісімен де шұғылданып, өзіндік мектебін қалыптастырған ғалым-ұстаз ретінде танылды. Өмірінің соңғы жиырма жылдай уақытында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Түркология» саласы бойынша дәріс оқыды, аталған сала бойынша Диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары ретінде республикамызға талай ғылыми кадрлар даярлауға атсалысты.
 
Ә.Құрышжанұлы ғылыми-педагогтік кадрларды дайындаудағы жетістігі мен ерен еңбегі үшін ҚР Үкіметі тарапынан «Парасат» орденімен марапатталып, Мемлекеттік стипендияның иегері атанды.
 
«QYZDAR YNIVERSITETI» MEDIA ORTALYGY
Tel.: 8 (727) 279-38-17
e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.
facebook: qyzdaryniversiteti
вконтакте: qyzdaruniver
instagram: qyzdar_yniversiteti