Ұлы мұраттар жолындағы ел // Динар Нөкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры

«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газеті

№241 (28969), 15 желтоқсан, 2016 жыл // Авт. Динар Нөкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ректоры // https://www.egemen.kz/2016/12/15/84121

Он сегіз мың ғаламда қазақ дейтін өр рухты халқы кемелденген, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар, бай тарихи қазынасы, мазмұнды да мағыналы тамаша табиғатымен көз сүріндіретін мемлекет бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен айтар болсақ, ол – осыдан 25 жыл бұрын «жарқырай туған жарық жұлдыз», туған Отанымыз – Қазақстан Республикасы.

Сан жылдар бойы жадымыз­да жаңғырып, құндақталған құн­дылығымыздай болған осы ата-баба арманына 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткізіп, айдай әлемге атымызды мәшһүр еттік. Бүгін, Алатаудай асқақ арманымыздың орындалып, тілегімізге жеткенімізге аттай 25 жыл. Ал қарыштап дамыған Қазақстан осы жолда нені бастан кешірмеді?!

Егемен ел болғанымызға – би­ыл ширек ғасыр. Алайда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруындағы «Қазақстан» атты алып кеме әлемдік жа­һандануда ғасырға бергісіз тарихи кезеңді бастан кешірді. Ірі секіріске татитын серпіліспен дамыған елі­міз­дің бұл аяқ алысын бүкіл әлем мой­ындағаны анық.

Рас, XXI ғасырдың төрінде отырған халқымызға осындай бақ оңайлықпен келген жоқ. Қазір тілге тиек етіп айтуға оңай болғанымен, өз уақытында кейбір аласапыран оқиғалар аз болған жоқ. Өткенді еске ала отырып, бүгінімізге шүкір қылғанымыз абзал. Сол арқылы ғана осы шақтың бағасын бағамдай аламыз.

Тарихқа қарап отырсақ, кез келген елде ұлтын ұлықтап, болашаққа бағдар сілтейтін мыңнан дарабоз тұлғалар біреу ғана болған. Ұлтымыз азаттық алған күннен бері, елін еңселі келешекке қарай сенімді бас­тап келе жатқан, кешегі ұлылар өмір сүрген Ұлы Даланың ұлағатты ұраны, нағыз Елбасы бола білген білімдар әрі саясаткер, өз заманынан аса туған мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – халқымыздың шынайы мақтанышы.Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдарда тота­литаризмнің қатаң тәртібінен, «қайта құрудың» бейберекет қарбаласынан қалжырай шығып, ертеңгі күнге сенімі жоғалған халықты екі аяғынан тік тұрғызып, талай ауыртпалықтарға төзе біліп, жарқын болашаққа ұмтылдырған тұлға қандай құрметке де лайық.

90-жылдар жаңадан егемендік алған жас мемлекетке барынша күрделі кезең болды. Өңдірістің құлдырауы, ақшаның құнсыздануы, тауар тапшылығы халықты қатты үрейлендірді. Бірақ еліне демеу болып, сенім сыйлаған Тұңғыш Президент баршаны мойымай, бірлесе іс-қимыл жасауға шақырды. Болашақты айқындау жолында бір ел болып жұмылуға үгіттеді.

«Жеке мен үшін іс жүзінде сонау ырғақты кезеңнің әрбір күні ұмытылмақ емес. Біздің халқымызды ұзақ күткен бостандыққа әр қадам сайын жақындатқан сол бір күр­делі оқиғалар туралы естеліктер өшірілместей менің жадымда», – деп толғана еске алады Нұрсұлтан Әбішұлы сол бір тарихи күндерді.

Мемлекеттік маңызды істі бас­тамас бұрын жеті рет өлшеп, содан кейін дұрыс шешім қабылдаған Мемлекет басшысының халық игілігі үшін жасаған істері ұшан-теңіз. Ядролық қарудан бас тартып, 40 жылға жуық ұлы Абай даласын улаған сынақ полигонын біржола жауып тастау – әлемді таңдандырған айтулы оқиға еді. Бұған ешкім таласа алмайды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Пре­зидентін дүние жүзі әлемдік ау­қым­дағы көшбасшы ретінде мойын­дайды. Оған жер-жаһанда орын алған көптеген дау-дамайлар мен қантөгіске дейін жеткен кейбір шиеленісті оқиғалар ке­зінде Елбасының араағайын болуы нақты мысал. Түркі дүние­сінің Н.Ә.Назарбаевты «абыз ақ­са­қалымыз» деп бағалайтыны да белгілі.

Елбасы бойындағы сабырлылық пен ұстамдылық, адамзат тағдыры үшін тыныштықты қалайтын төзім­ділігі, алаңдаушылық, қазақы таби­ғатымызды анық байқатады. Осы ретте биылғы жылы Мемлекет басшысының Корнеги қорының штаб-пәтерінде ұлттардың соғыстар мен қақтығыстардың алдын алу жөніндегі келісілген іс-қимылдарын айқындайтын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі Қазақстанды күллі адамзатты бейбіт өмірге бастайтын маңызды жобаны жүзе асыратын ел ретінде танытқанын ерекше атап өту қажет. Бейбіт әлем құру – қарусыздану мен келісімге ұмтылған кісіліктен екенін Елбасы тағы да дәлелдеді дей аламыз.

Тәуелсіздік – бостандыққа ұм­тылған халқымыздың қайсар рухы­ның жемісті жеңісі. «…Уақыт қар­қы­ны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін», – деген Елбасы Н.Назарбаевтың сөзі халық жадында әрқашан жаңғырып тұр.

«Қазақстан-2050» Стратегия­сының ұлы мақсаттарына ұмтылған, бейбітшілік бесігіне айналған, мұраты – Мәңгілік Ел Қазақстанның бұдан әрі де гүлдене беретіні ақиқат.

Динар НӨКЕТАЕВА,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

университетінің ректоры

АЛМАТЫ