Айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбековты еске алу кеші өтті

«Білімді Ел-Образованная страна» сайты

8 желтоқсан, 2016 жыл // http://bilimdinews.kz/index.php/doshkolnoe-obrazovanie/item/2701-ajtysker-a-yn-esen-l-zha-ypbekovty-eske-alu-keshi-tti //Авт. «Қыздар университеті» медиа орталығы

Қыздар университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, оннан аса кітаптың авторы, белгілі айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбековты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өтті.

«Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Дүние түбі балдай-ау.

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау бәрі, қалды-ай-ау», деп ақынның өзі жырлап өткендей, бүгін Есенқұл ақынның жырын тыңдамағанымызға, Есенқұл ақынды сағынғанымызға сынаптай үш жыл өтіпті.

Артына өшпес мол мұра қалдырған, бір қазақтың емес, бар қазақтың ұлына айналған дара ақынды ардақтауға, мол мұрасын жастарға насихаттауды мақсат тұтқан кешке өнердегі қаламдас достары, шәкірттері, ақынның өмірлік жары Меңсұлу Сұлтанқызы, елімізге белгілі айтыскер ақындар, эстрада әншілері, Арулар ордасының өнерпаз жастары, сонымен қатар, тұлғаның туған жері Алматы облысы Жамбыл ауданынан құрметті қонақтар келіп қатысты.

Кешті Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашты. «Есенқұл Жақыпбеков – халқымыздың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің мәртебесін биіктеткен, ақындық өнердің көрнекті өкілі, бірі емес бірегейі. Ес-ағамыз – ақындық өнерімен бірге айтыс өнерін қатар тізгіндеген жан. Ол кісі жыр алыптары Сүйінбай мен Жамбылдың ізін жалғап, өнерін өрістеткен суырып салма айтыскер, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан талантты ақындардың қатарынан ойып тұрып орын алған айтулы тұлға. Абай, Қасым, Мұқағали сынды ғұлама ақындардың жолын жалғастырушы. Күн өткен сайын Есенқұл ағамыз сөз өнеріндегі серік еткен тапқырлығымен дараланып, қоғам базынасын жеткізуде даналығымен сараланып, абыройы асқақтап, беделі биіктей түседі. Оның халық арасындағы асыл қазынасы, артына қалдырған мол мұрасы – мәңгі өлмейтін мөлдір жырлар», - деп атап өткен Д.Нөкетаева кештің құрметті қонағы, ақынның өмірлік жары Меңсұлу Сұлтанқызына қазақы дәстүрмен сый-сыяпат көрсетіп, ақ орамал мен оқалы камзол кигізді, гүл шоғын табыс етті.

Ақтаңгер жанның шығармашылығына арналған кеште жүрекжарды жырлары оқылып, ақын сөздеріне жазылған «Қара күз», «Алдай-ау», «Біздің елдің жігіттері», «Аққуым», «Сен ұмытпа», «Сен жалынсың», «Есіл дүние», «Тұманды күн», «Өмір өтті-ау зырғып ағып» әндері әуелете шырқалды. Халық жадында сақталған жауһар әндерімен қатар кеште ақынның «Қаныбек» термесі, «Барады өтіп келте өмір» толғауы орындалды. Қыздар университетінің Мәдени-тынығу жұмысы мамандығының студенттері «Ақын өлеңдерінен композиция» атты театрландырылған қойылым көрсетіп, ақын өлеңдерін сөйлетсе, ұстаздарын сағынышпен еске алған шәкірттері «Ұстазыма», «Қош, Есаға!» атты арнау өлеңдерін оқыды.

Кеш барысында сонымен қатар, ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейне фильм көрсетілді.

Ақынның айтыс өнерінде ағынан жарыла айтқан бүкпесіз шыншылдығы мен суырыпсалма тапқырлығы көпке аян. Бүгінде Есенқұлды өзіне пір тұтып, ұстаз көрген жастардың санында шек жоқ. Ақын дарынды жастардың бірден-бір қамқоршысы һәм бағдаршамы секілді еді. Кеште ақынның өзі баптаған сол шәкірттерінің бірі, айтыскер-ақындар Айдана Қайсабек пен Жалғас Садыр-ұлы айтысып, кеш ажарын аша түсті. Кеште сондай-ақ, шараның құрметті қонақтары болған, ақынның өлеңдерін айтып, көпшілікке насихаттап жүрген ел ағалары белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев пен Үмбетәлі мұражайының директоры, ақын Әуелбек Ысқақов ақын жайында естеліктерімен бөлісті. С.Қалиев қасиетті домбырамен ақын өлеңдерін айтып берсе, Ә.Ысқақов Есенқұл Жақыпбековтың айтқандарын жинап, дайындап жатқан «Деген екен...» атты кітабынан біраз үзінділер оқыды. Бірегей сыршыл лирик ақынның шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтіп, көрерменнің жүрегін әнімен тербетті.

«Ақынның артына қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Ал, ақын мұрасын өлтірмеу – студент-жастар, яғни біздердің, жас ұрпақтың қолында. Осындай игі шараларды жиі өткізу арқылы ұлттық мәдени мұрамызды, рухани қазынаны ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде жеткізу біздің парызымыз», дейді шараның ұйымдастырушысы, оқу орынның мәдени-тынығу жұмысы мамандығының 4 курс студенті Арайлым Қарабаева.

Ақынның сонау 1984 жылы республика деңгейіндегі телевизиялық ақындар айтысының лауреаты атанғаны – күні бүгінге дейін халық жадында. Алғашқы жыр жинағы – «Қарлығаш» деп аталса, «Ағымнан жарыламын», «Біз екеу-

міз», «Жеріңе табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Тау басындағы кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» деген өлең жинақтарының авторы екені дүйім жұртқа белгілі. Ақынның «Алдай-ау», «Өзіңді аңсап», «Бақ пенен қызыр қонса да», «Өнер адамы», «Жұлдыздар бәрін болжайды» сынды ән-термелері ел арасында кең тараған, жиі сұраныстағы жауһар жырлары. Эстрадамыздың жарық жұлдыздары – «МұзАРТ» тобының орындауындағы «Өмір өтті-ау зырғып ағып» өлеңі хитке айналған. Оны білмейтін толқын жоқтың қасы десе де болады. Жалпы, Есенқұл Жақыпбековтың қалам тербемеген тақырыбы кемде-кем. Оған Отан, туған жер, отбасы, ана туралы, жастық, махаббат, ел тарихы, ұлы тұлғаларға жазылған өлеңдері дәлел.

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, бұл кеш Есенқұл Жақыпбековтың жырларының мәңгілік екенін тағы бір мәрте көрсетті. Көптеген шәкірттері барда, қазақ ұлты барда ақынның ақмаржан жырлары мен құдіретті әндері өлмек емес.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы