Тәуелсіздік айшықтары

«Түркістан» халықаралық саяси апталық газеті

12-бет, №48 (1166) 1 желтоқсан, 2016 жыл //Авт. Рысбай Сәтімбеков, Қыздар университетінің құрметті профессоры, Ардагерлер алқасының төрағасы

Сан ұрпақтың басынан өткізген тарихи өмір жолында, қазіргі өмір сүріп жатқан жарқын заманымызда және үкілі үмітке толы келешегімізде де «Тәуелсіздік» деп аталатын қасиетті сөздің мән-мағынасында баға жетпес рухани ұлттық ұғым жатқандығын ешқашан естен шығармауға тиіспіз.

Халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, рухы күшті, намысы өршіл, мұраты асқақ ата-бабамыз барлық кезде де тәуелсіздік үшін аянбай күрес жүргізіп келгендігі белгілі.

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл өткендігін айтуға оңай болғанымен осы жылдар ішінде қаншама қия жолдар мен бедерлі белестерден өткендігіміздің тарихи тағдыры көп жағдайларды еске түсіреді. Кемел елдің кемеңгер басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтсақ, «Жиырма бес жылдық мүшелді мерзім мемлекетіміз үшін қалыптасу тұғары болып қана қойған жоқ, біз өзгелерге де үлгі болатындай биіктерден көріне алдық» - деген ұлағатты сөздерінің мәні тереңде жатыр.

Тәуелсіздік еліміздің тарихына үлкен өзгерістер енгізіп, ұлттық ұранымыз, ерекше Елтаңбамыз бен аспан түсті көк байрағымыз желбірей түсті. Соның арқасында көңіліміз көкке көтеріліп, жанымыз жадырап, еселі еңбегімізді ел игілігі үшін арнап келеміз. Азаматтығымыздың азат болып, еңсеміздің күллі әлем алдында биіктеуі және абыройымыздың асқақтай түскенін айрықша мақтаныш сезіммен атап айтуға тура келеді.

Еліміздің тәуелсіз ел болғандығын көзбен көріп, егеменді еліміздің өркендеуіне, өз еңбегімізбен үлес қосып келе жатқанымыздың өзі жүрегімізге қуат, көңілімізге шуақ беріп жүргендігі зор мақтаныш сезімге бөлейді.

Мамандығымыз ұстаздық болғаннан соң6 өскелең ұрпақтарға саналы тәрбие және сапалы білім беру жолында 50 жылға жуық Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық қызмет атқарып, ел игілігі үшін еңбегіміз арқылы өз үлесімізді қосып жүргеніміз басымызға қатар келіп қонған бақ пен бақыт деп ерекше мақтаныш сезіммен айтсақ, артық айтқандық бола қоймас.

Тәуелсіздік алған күннен бастап, елімізде бұрын-соңды болмаған өз ана тілімізде мектептерге арналған биология пәндері бойынша төл оқулықтар жазуға қол жеткізгендігіміз тәуелсіздіктің тікелей жеңісі мен жемісі деп қадап айтуға болады. Мысалы, 1991 жылдардан бастап мектептерге арналған «Өсімдіктану» (5-6-сыныптар үшін), «Жануартану» (7-8-сыныптар үшін), Тәнтану (8-сынып үшін), ал 10-11-сыныптарға арналған «Тіршіліктану» оқулықтарын жазуға үлес қосқанымды мақтан етемін. Бұл төл оқулықтар бірнеше рет қайта басылып, бірнеше ұрпақтардың білім алуына септігін тигізді. Бұл төл оқулықтарда еліміздің таңғажайып табиғат байлықтары туралы деректер мен аса құнды рухани ұлттық ұғымдар, түйінді тұжырымдар, қорытынды ой-пікірлер қоса берілген. Сонымен қатар, бұл оқулықтарда өте бай ана тіліміздің асыл құндылықтары туралы деректер берілгендігін де атап айтуға болады. 2000 жылдардан бастап бұл оқулықтар жаңа буын оқулықтары деп аталып, қазіргі кезде орыс, ұйғыр, өзбек тілдеріне аударылып, еліміздің жас ұрпақтарына білім мен тәрбие беру саласында қолданылып келе жатқандығы белгілі. Бұл арада бір айта кететін жағдай, соңғы жылдарда мектептерге арналған кейбір биология оқулықтары орыс тілінде жазылып, қазақшаға аударылып беріліп жатқандығының куәсі болып жүрміз. Өкініштісі, орыс тілінде жазылған оқулықтарда тікелей табиғатқа қатысы бар қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтары берілмейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлап жатқанымызда осындай мәселелерді де ойдан шығармағанымыз абзал. Себебі, Елбасы айтқандай, кез келген мерейтой той тойлау ғана емес, ертең туралы ой ойлау екенін де естен ұстауымыз керек.

Ұлы Даланың данагөй данышпан бабаларымыз қалдырған табиғат жайындағы мақал-мәтелдері, ой қорытындылары, аса бай ұлттың рухани ұғымдары мен түйінді тұжырымдарының құнды әрі танымдық, әрі тәрбиелік ғылыми дерек көздері екендігін ұмытпай бүкіл әлемге паш етуге тиіспіз. Мысалы, «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр – жақсы істен мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр – бақша өсіріп жаса нұр» – деген даналық нақылының мәні зор екендігін көкірегі ояу, көзі қырағы әрбір адам түсінеді ғой деп ойлаймыз. Бұл арада, жүрегімізден жарып шыққан жыр шумақтарын келтіруді жөн деп есептеймін:

Ұлттық ұғым – ұлтымыздың ұраны,

Қастерлейік осы асыл мұраны.

Ұлтымыздың құнды ұлттық ұғымын,

Біліп өссін, әрбір ұрпақ ұланы!

Елбасымыздың соңғы кезде жарық көрген өте құнды «Ұлы дала ұрпақтары» деп аталатын кітабында халқымыздың бойында сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен аса зор адамгершілік қасиеттерін бағалау қажеттігі «Ұлы дала ұрпағының ұлағатты парызы» екендігін ешқашан да естен шығармауға тиіспіз. Президенттің айтқан әрбір даналық сөздері ұрпақтарымыздың көкірек көзіне ұялап, жүрегінің төрінен орын алуына әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс. «Жалпы жұртыңды, иісі Алашыңды құрметтеу алдымен өзің туған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады» – деген ұлттық рухани ұстанымы ұрпақтарға арналған өнегелі өсиет екендігін күнделікті жұмысымызда басты бағдаршам етіп пайдалануымыз қажет.

Рысбай Сәтімбеков,

Қыздар университетінің құрметті профессоры,

Ардагерлер алқасының төрағасы