Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Абай оқуларының жүлдегерлері анықталды

«Түркі әлемі» халықаралық газеті

22-бет, №10-11 (қазан-қараша 174,175) 2016 жыл// Авт. «Қыздар университеті» медиа орталығы

Бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында «Абайды білмек керек, ойлы жасқа» атты қалалық Абай оқулары өтті.

Мәні мен маңызы ерекше, өнегелі де ғибратты шара жыл сайын Филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді.

Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қарасөздерін, музыкалық мұрасын дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерделеуге шабыттандыру, Абайдың әдеби мұрасын бүгінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау мақсатында өткен байқауға Алматы қаласындағы 6 жоғарғы оқу орнынан 30 астам студенттен іріктелініп алынған 16 үміткер қатысып, ақтық сында өз өнерлерін паш етті.

Байқаудың шымылдығын Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.д. Сәуле Ержанова ашып, оқу орынның Абайтану саласында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып өтіп, барша үміткерлерге сәттілік тіледі.

Екі аталым бойынша өткен байқау биыл да тартысты өтті. Бірінші бөлімде қатысушылар ақынның лирикалық немесе азаматтық тақырыптағы бір өлеңі мен бір қарасөзін тереңнен түсіне отырып, мәнерлеп жатқа оқу, поэзияны түсіну мен жеткізе білу қабілетінен сынға түссе, екінші бөлімде Абай әндерін өз нақышына келтіріп, музыкалық аспапта үйлесімді сүйемелмен, өз даусымен орындау арқылы сынға түсті. Бағалау кезінде олардың Абай өлеңдері мен қара сөздерін түсініп оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына және киім үлгілеріне де назар аударылды. Қатысушылардың өнерін көркем сөз бен өнер майталмандары: ҚР мәдениет қайраткері, білгілі ақын Серік Қалиев, филология ғылымдарының кандидаты Ләззат Әділбекова, университеттің әлеуметтік-мәдени департаментінің директоры Әліби Сағындықұлы, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева, ф.ғ.д,. профессор Сәуле Ержанова, мәдениеттану ғылымының магистрі Ләйла Аманқұлова бағалап, үздіктерді анықтады.

Әнмен өрілген байқау барысында ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жүректе қайрат болмаса», «Есіңде бар ма жас күнің..?», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Ауру жүрек ақырын соғады жәй», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңдері оқылса, екінші аталымда «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Сегіз аяқ» және т.б. әнсүйер қауымның, әр қазақтың жүрегінің түбінен орын алған әндері шырқалды. Бірінші сында Абай атындағы ҚазҰУ-дің студенті Сұңғат Аманбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Жанар Әмірбек пен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Рақымжан Қалдыкөздің өлең оқу шеберлігі қазылар алқасының көңілінен шықса, екінші сында Абай әндерін ерекше әсем даусымен, домбырада нақышына келтіріп орындаған Қайнар университетінің студенті Жандарбек Закван мен Қыздар университетінің студенттері Қамажай Еркебаева, Әшімбаева Кәмила мен Нүсіпхан Гүлназдың әсем даусы көпшілік көрерменді тәнті етті.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Абай атындағы Ұлттық университетінің студенті Сұңғат Аманбаев қанжығалап, бас жүлдеге тігілген домбыраны жеңіп алды. І орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Қамажай Еркебаева иеленсе, ІІ орынды Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Қалдыкөз Рақымжан мен Қыздар университетінің студенті Гүлназ Нүсіпхан өзара бөлісті. Ал, ІІІ орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Жанар Әмірбек, Қайнар университетінің студенті Жандарбек Завкан, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанты Рашид Баратов иеленді. Топ жарған жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша, Қазақ қыздарының қара шаңырағы Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының өнерпаз студенттерін өз аясына тоғыстырып, Абай жырын тағы да бір асқақтатты. Абайдай құдіретті тілі бар елдің 25 жылдығына арналған бұл игі шара Абай шығармаларын насихаттау арқылы жастарды Отансүйгіштік сезімге тәрбиелеп, елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, терең ойлайтын дара тұлға ретінде қалыптастыруға, сөйлеу мәдениетін, сондай-ақ әдебиеті мен тіліне деген ықыластарын арттырғаны сөзсіз деп білеміз.

Байқаудың марапаттау рәсімінде Қыздар университетінің ұстазы, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева: «Абайдың мұрасы біздің асыл қазынамыз. Абай тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың асылы, оның әрбір сөзі қазақтың бойтұмары. Абайдай тұлғасы бар қазақ, Абайдан үйренбесе, басқа жақа жалтақтаудың не қажеті бар деген ой келеді. Шын мәнісінде, Абайды тану бір іс-шараның аясында қалмауы керек. Ол үздіксіз жүргізілетін дүние. Абайдан қалған мұра көп емес. Жастар, Сіздер сол мұраны өз деңгейінде жеткізіп, әр сөзін түсініп, білмей, тани алмай жатсаңыздар ол барлығымызға сын. Абайды оқу, зерделеу кімге болса да керек. Абайды тереңнен оқып, түсінейік. Абайды тану – өзіңді тану», деп атап өтсе, қазылар алқасының төрағасы, белгілі ақын Серік Қалиев: «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі,

Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі», деп Абай атамыз айтқандай, бүгін адамзаттың Абайы, алаштың хакім Абайы, ұлы адамның ғақлия сөздері мен ғибратты өлеңдерімен жүрек көзіміз ашылды, іштегі кірді қашырдық. Кеудеміз хикметке толды. Өйткені, Абай әндерімен шалқыдық, Абайдың өлмес, өміршең өлеңдерімен толқыдық. Әрқайсымыз Абайша ойлануға, Абайша толғануға осы жерде мән беріп отырдыңыздар деп ойлаймын. Біз күн сайын Абайды оқып жүрсек екен деген тілегім бар. Абай біздің, қазақтың, ұлттың айнасы. Абай біздің темірқазығымыз. Абайдың ғибратты ғақлия сөздері – біздің бойтұмарымыз. Абайы бар, данышпаны бар қазақ елі аман болсын! Сіздер сияқты жастары бар қазақ елінің болашағы жарқын болады деп сенемін!», деп, өнегелі де мәнді шараны ұйымдастырушыларға және Абайды білмекке келген іргелі жоғарғы оқу орындарының студенттеріне үлкен алғысын білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлағатты да тәрбиелік мәні зор шара келесі жылы да өз жалғасын таппақ.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы