Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Ақынмен өткен әсерлі кеш

RG MEDIA.KZ ақпараттық порталы

24 қараша, 2016 жыл // http://rgmedia.kz/news/view/6329 //Авт. «Қыздар университеті» медиа орталығы Нәзира Елеухан

Қыздар университетінде «Жасынның оты жанымда» деген атпен елімізге белгілі айтыскер-ақын, ҚР Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Серік Қалиевпен кездесу кеші өтті.

Кешке эстрада жұлдыздары, мектеп оқушылары, оқу орынның студенттері мен оқытушылар қауымы қатысты. Ақынын құрметтеген жастар қара сөзден қамшы өрген айтыскер-ақынын ерекше ілтипатпен қарсы алды.

Ақтаңгер жанның шығармашылығына арналған кеште ақынның жүрекжарды жырлары оқылып, ақын сөздеріне жазылған әндер шырқалды. Ақынның өмірінен сыр шертетін бейне фильм көрсетіліп, Ақсуатта «Туған жерге туыңды тік» атты аламан айтыста Аспанбек Шұғатаевпен өткен айтыстан үзінділер көрсетілді. Елімізге танымал әнші Ұлболсын Белғозиева ақын сөзіне жазылған «Үміт нұры» әнін, дәстүрлі әншілер Айбек Қалыбаев «Иманың жалғыз жолдасың», Мұқатай Баймұхаммет «Аңғал досым-ай», Тілеу Қуанбаев «Аяулым» әндерін әуелете шырқаса, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Мұратбек Сарыбасов «Қара жорға» әнін орындап кеш көркін аша түсті. Кеште М.Сарыбасов сонымен қатар, ақынның сөзіне жазылған «Достарыма» әнін орындап, жаңа әннің тұсауын кесті. Әнмен өрілген кеште сондай-ақ, «Толағай» драма театр үйірмесінің оқушылары «Көзайым», «Уақыт керуені» жыр жинақтарын өмірге әкелген ақынның «Шекербек», «Бағдаршам», «Әкемнің ері», «Әжетай» және т.б. өлеңдерін жатқа оқып берсе, Қыздар университетінің студенттері ақын өлеңдерінен құралған поэзиялық қойылым көрсетті. Өз кезегінде кеш иесі Серік Қалиев өзінің ақындығы жайында сырлы әңгімелерімен бөлісіп, тыңдарманға сиясы кеппеген біраз өлеңдерін оқып берді. Сонымен қатар, «Менің тілім» атты термені орындап жырдан шашу шашты.

Сырлы сұқбатқа толы болған әсерлі кеште жастар ақын өмірі мен шығармашылығымен, адами болмысы мен рухани әлемімен жақын таныса алды. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын жастар ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, ақын өлеңдерімен рухани сусындап қайтты. Кеш соңына дейін тапжылмай отырғандығынан-ақ жас тыңдармандардың қара өлеңге деген махаббатын аңғаруға болады. Көпшілікті әсіресе, бұл кездесуге асқан дайындықпен келген, ұйымдастырушылақ қабілетін жоғары деңгейде көрсеткен, рухани кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Әйгерім Тұрарбектің жұмысы көңілге жылылық ұялатты.

Тамаша кеш соңында Қыздар университетінің құрметті ұстазы Ағайша Исағұлова мен Тәрбие ісі жөніндегі департаменттің директоры Әліби Несіпбаев ақын шығармашылығына ерекше табыс тілеп, өзекжарды тілектерін жаудырды. Сый-сияпаттарын тапсырып, құрмет көрсетті. Ақын өз кезегінде жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, Арулар ордасына ақ тілегін арнап, студенттермен естелікке суретке түсті.

Серік Қалиев – қазіргі қазақ поэзиясында танымал ақындардың бірі. Қазақ жұртына алғаш рет айтыскер-ақын ретінде танылған С.Қалиев көптеген айтыстардың жүлдегері. Оның өлеңдеріне жазылған әндер жетерлік. Ақынның әндерін елімізге танымал әншілер Ескендір Хасанғалиев, Тоқтар мен Бейбіт, Гүлбаршын Тергеубекова, Айгүл Иманбаева, Гүлнұр Өмірбаева, Гүлмира Ақүрпекова, Сәкен Қалымов және т.б. әншілер орындап жүр. Ал, ақынның өзі шығарған термелері Мейрамбек Бесбаев, Ғани Мәтебаев, Ерлан Рысқали, Еркін Шүкіманов сынды әншілердің орындауында халыққа кеңінен таралған. Ақынның топтама өлеңдері «Толқынан толқын туады», «Жас ақындар антологиясы», «Алматым жүрегімде», «Алтын бесік – туған жер», «Жыр маржан» атты 10 томдық поэзия антологиясына енген. Ол «Көзайым», «Уақыт керуені» жыр жинақтарының авторы. С.Қалиев алаш рухын асқақтатар өлеңдерімен қатар лирикалық өлеңдерімен де оқырманының жүрегінен орын алған ақын. Қаламгер сонымен қатар балаларға арналған өлеңдер жазатын ақын.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

Нәзира ЕЛЕУХАН