Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Білім саласы біліктілікті талап етеді

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

АҚПАН 7, 2017жыл // Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ // https://aikyn.kz/2017/02/07/3021.html

Алматыдағы Қазақ қыздар мемлекеттік университетінде Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Истайбекқызы Исимбаеваның қатысуымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.

Елбасы Жолдауын түсіндіруге арнал­ған жиынды Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­ги­калық университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашып, жүргізіп отырды.
Баяндама жасаған Мәжілістің вице-спикері, Мәжілістегі «Нұр Отан» фрак­ция­сының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, онда көрсе­тіл­ген бес басымдықтың әрқай­сы­сына жеке-жеке тоқталып өтті. Атап айтқанда, құжаттағы оқу процестеріне ІТ білімді енгізу, жаңа индустрияны енгізуде цифрлық технологияны қолдану, қар­жылық білік­ті­лікті көтеру, үштілділікті дамыту, қала мен ауыл мектептері ара­сындағы білім беру сапасының алшақ­тығын азайту,кәсіптік білімді дамыту, тұрғындардың сапалы білім алуына қол­же­­тімділігін қамтамасыз ету­ мә­се­лелеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талдап берді.
Халық қалаулысы, әсіресе, маңызды салалардың бірі болып табылатын білім беру мәселесін тереңнен сөз етті.
– Мемлекет басшысы Жолдауының төртінші басымдығы адами капитал сапа­сын жақсартуға арналған. Бұл – білім беру, ден­саулық сақтау, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру салаларын дамыту жөніндегі жүйелі көзқарас.Экономикалық өсудің жаңа моделінде білім беру орталық буынға ай­на­лу­ға тиіс.Біріншіден, оқу бағдар­ла­ма­ла­рын жаңғырту, яғни, «сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту, IT-білімді, қаржылық сауат­тылықты қа­лып­тастыру» жөнінде міндет қойылып отыр. Қазір мазмұны жаңар­тылған оқу бағдарламалары мен оқу­лықтарын, сондай-ақ білім алушылардың (30 мектепте) оқу жетістіктерін өлшем­шартпен бағалау жүйе­сін кезең-кезеңмен байқап көру жұмысы аяқ­талды, – деді Г.Исимбаева.
Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша депутат «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағыл­шын тілінде оқытатын боламыз. Мек­теп­тердің және мұғалімдердің деңгейі, әсі­ресе, ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педа­гог­тардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешуіміз қажет» деп Жолдау­дағы маңызды тұстарды сара­лады. Оның айтуынша, қазір 127 мектепте 2,7 мың мұ­ға­лім жекелеген пән­дерді ағылшын ті­лін­де оқытып жатыр.

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ