Жолдауда айтылған міндеттерді орындау әрбір азаматтың парызы - ғалым пікірі

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі

2017 жылдың 2 ақпан 2017 жыл // 12:28 // http://lenta.inform.kz/kz/zholdauda-aytylgan-mindetterdi-oryndau-arbir-azamattyn-paryzy-galym-pikiri_a2995200

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған міндеттерді орындау әрбір азаматтың парызы. Мұндай пікірді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры Сәуле Ержанова білдірді.

«Қазақстан халқы бүгінде береке-бірлікпен бір халық болып ұйысып, орнықтылықты арқау етіп, орасан жетістіктерге куә десем артық айтқандық болмас. Елбасының алдағы өмірге бағдарлама жасап, елімізді жолы айқын, сенімі күшті мемлекетке айналдыруды мақсат еткен қырағылығы ұлт мақтанышына айналып отыр. Мемлекет басшысының көрегенділігі мен тәуелсіздік жолында көшбасшы бола білген азаматтығын осы жолғы Жолдауы да дәлелдейді. Ұлт тарихының жаңа дәуірін суреттейтін Жолдауда Тәуелсіз Қазақстанды көркейту, бүкіл әлемді ғылым -білімімен, экономикасымен мойындататындай дәрежеге жеткізу көзделген. Жер шарындағы бейбітшілік пен келісім, прогресс пен өркендеуді қамтыған Жолдаудың мақсаты да осыны басты қағидаға айналдырған», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің алға қойып отырған мақсаты - әлемдік ең дамыған 30 елінің қатарынан ұлттымыздың жарқырап орын алуы. Ал оған ұлттың ынтымағы арқылы бейбіт жолмен жетуге болады.

«Елбасы Жолдауында сапалы білім беру жүйесін жақсарту мәселелеріндегі жаңа мүмкіндіктер жан-жақты көрсетілген. Заманауи оқу бағдарламалары мен оқу құралдары, әдістемелерді түзу, олардың жаңа буынның, болашақтың танымына сай өзгеріп отыруы қадағаланған. Талапқа сай білімін шыңдаған білікті мамандардың жаңа буын сұранысына жауап бере алатындай талғаммен рухани дамуына мән берілген. Жас буынның толық білім алуымен қатар шығармашылық, ғылыми ізденістерінің қолдау тауып отырылуына басымдық танытылған. Демек, ел дамуы мен өркендеуіне толық мүмкіндік беріліп отырғанда оны іске асыратын еселі еңбек пен сапалы ізденіс керек. Ел еңсесі еңкеймей, отыз елдің ортасында ойып алар орнын белгілеу үшін Жолдауда айтылған міндеттердің бәрі орындалуын көздеу қажет. Ал ол міндеттерді орындау әрбір азаматтың парызы», - деп түйіндеді сөзін Сәуле Ержанова.