Жолдаудан – кемелді келешекке // Динар Нөкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты

«Қазақ әдебиеті» ҚР әдебиет, мәдениет және өнер апталығы

2-бет, №4 (3534), 3-ақпан, 2017 жыл // http://qazaqadebieti.kz/9080/zholdau-a-oldau-2

Қазақ жұрты тәуелсіздік босағасынан аттағалы бері әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынды. Осы мақсатта Елбасы бүгінге дейін қаншама нақты реформаларды жүргізгені белгілі. Президенттің сарабдал саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарышты даму жолына түстік. Күні кеше ғана жолданған Елбасы Жолдауының мақсаты һәм негізгі мағынасы елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті ету. Осы орайда «Биылғы Жолдаудың ұлт жолындағы маңызы қаншалықты?» деген сауал ізімен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваны сөзге тартып көрген едік...

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауынан дамудың жаңа белестерін бағындырарымыз айқын. Бұл жолғы бас құжаттың маңызы бұрынғы Жолдаулардан аса айрықша. Елбасы атап өткендей, Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Әлем бойынша дамыған елу елдің қатарына еніп, ендігі мақсатты отыздықтың қатарына бағыттадық. Оның орындалуы үшін Президент нақтылап берген жоспарды бірлік пен берекеміз жарастырып, жүзеге асыруымыз шарт.

Жолдаудағы бес негізгі басымдықтың төртіншісіне тоқталғым келіп отыр. Яғни адами капитал сапасын жақсарту. Төртінші басымдықтың бірінші тармақшасында Президент «Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар» деп маман даярлау мәселесіне ерекше мән беріп өтеді. «Еліміздің үшінші жаңғыруына алғашқы қадамды қалай бастаймыз?» дегеніңізге жауап осы тұстан шықпақ. Қазақстан Республикасының әр азаматы Жолдаудың өз қызметіне байланысты бағыты бойынша іске кірісу керек. Білікті педагог дайындау мәселесі біздің және барша ЖОО-ның алдына жүктелген міндет болып саналады. Өзім басқаратын «ұстаздар ұстаханасына» айналған Қыздар университетінің басты миссиясы да – осы.

Білімді ұрпақ – біздің жарқын болашағымыз! Ал келелі келешекті тәрбиелейтін педагогтар қауымы. Сол себепті де Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың негізгі күшті адам капиталын жақсартуға салып отырғанының астарында үлкен мән жатыр.

Ұлттың қалыптасу көрсеткіші ешқашан өздігінен жақсармақ емес. Халыққа нақты бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтегенде ғана солай болмақ. Елбасы Жолдауының мән-мағынасы осында деп білемін. Ұлттың сапалы, білімді, білікті, бай болмағы саяси-экономикалық ахуалдан болса керек. Мұның шешуін жиырма бес жыл бұрын ойластырған Елбасы сол уақыттан бері екі жаңғыру кезеңін сәтті жүзеге асырды. Енді міне, Қазақстан дамыудың жаңа дәуіріне қадам баспақ. Сондықтан, ұлттың беріктігі, бекемдігі үшін Жолдауды сараптап қана қоймай, белсене іске кірісуіміз керек. Сонда ғана еліміздің келешегі кемелді болмақ!