Түбегейлі өзгерістердің басы // Сайра Жиенбаева, ҚазМемҚызПУ профессоры

Айқын» республикалық қоғамдық-саяи газеті

5-бет, №13 (3085) 27 қаңтар, 2017 жыл //Үндеу пікір // Сайра ЖИЕНБАЕВА, Қыздар педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бүгінгі күннің талабы. Демократияның барлық үрдістеріне жауап береді. Ешқандай шерусіз, қақтығыссыз жасалып жатқан бұл реформа, Мемлекет басшысының сындарлы да, салиқалы саясатының жемісі дер едім. Тәуелсіздік алған жылдардың басында Елбасының қолына бүкіл өкілеттілік берілді. Себебі, КСРО тарап, көрші елдермен барлық экономикалық интеграция үзілген қиын-қыстау тұста, мемлекетті алға сүйреуге тиесілі заңдарды жедел қабылдап, жүзеге асыру қажет болды. Егер де Парламентке салатын болсақ, заңдарды қабылдау айларға созылып кетер еді. Ондай жағдайда еліміздің түрлі қиындықтарға тойтарыс беруі екіталай болмақ. Демек, парламенттік емес, президенттік басқару уақытында жемісін берді. Көрші мемлекеттермен салыстырғанда, суырылып алға шықтық. Ал бүгінгі күні жағдай түбегейлі өзгерді. Саясатта салмақты көзқарасымыз бар, Әлем таныған мемлекетке айналдық. Тығырықтың бәрін еңсердік. Енді барлық салмақты Президентке сала бермей, Парламент пен Үкіметті күшейтуге пәрмен беру керек. Сонымен бірге, бұқара Президенттің бастамасымен қолға алынған конституциялық реформалар бағдарламасын талқылауға атсалысқаны дұрыс деген ойдамын.