Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Мәслихат депутаттары да үндеуге үн қосты

«Айқын» газетінің сайты

30 қаңтар, 2017 жыл // Авт. Жолдасбек Дуанабай // https://aikyn.kz/2017/01/30/2188.html

Қыздар университетінде Алматы қалалық Мәслихатының депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үндеуіне байланысты арнайы кездесу өткізді. Алқалы жиын барысында ҚР Президентінің мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу идеясына жан-жақты талқыланды.

Жиынды ашқан ҚазМемҚызПУ ректоры Динар Нөкетаева үндеудің мәні мен маңызына тоқтала келе: «Бұл қадам Парламент пен Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Сондықтан, соны өзгерістерге жетелейтін Елбасы Үндеуі мемлекет шежіресінде жаңа тарих пен жаңа заман беттерін ашуға зор мүмкіндік», – деп атап өтті.

Жиын барысында Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай: «Елбасы бұған дейін мемлекеттік басқару жүйесінде жинақталған тәжірибеден қорытынды шығара отырып, ендігі жерде мемлекетіміз үшін жаңа бір жауапты кезеңге қадам басып отырғанымызды баса айтты. Әлем елдерінің, алпауыт мемлекеттердің елді басқару жүйелеріндегі тәжірибелерін сараптан өткізіп жұмыс істеген сарапшылар қорытындысы да осы ойға ден қойғызады. Ендігі жерде Елбасының «Ұсынылып отырған шаралардың маңыздылығын ескере отырып, мен жарияланатын конституциялық реформалардың жобасын жалпыхалықтық талқылауға ұсыну жөнінде шешім қабылдадым» деуі де жаңарған демократиялық үрдістер талабымен ұштасып жатыр», – деп бұл реформаның саяси маңыздылығына тоқталды.

Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасыр бойына жүргізілген президенттік басқару тәсілі де өзін-өзі ақтағаны бәрімізге аян. Осынау жылдар ішінде әр салада жүргізілген реформалардың қай-қайсысы да президенттік басқарудың зор пәрменділігінің арқасында өз нәтижесін берді. Мемлекет басшысының үндеуінде атап көрсетілгеніндей, күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды. Осындай тоқтамға келген жиналған жұрт «Елбасының «Мен Президент ие өкілеттіліктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын» деуі де бұл реформаның мәнін, келешек алдындағы жауапкершілік жүгінің ауыр екендігін нақтылай түседі деген пікірде. Расында Президент айтқандай, әлемде мемлекеттік құрылыстың әмбебап моделі жоқ. Бәрі де ізденіс үстінде.

Сайып келгенде, мемлекеттік басқару жүйесі берік, нық қалыптасқан мемлекетте, билік тармақтарының өз міндетін терең түсініп, қызмет түрін ұдайы шығармашылықпен жетілдіріп отырған елде саяси тұрақтылық та, экономикалық өсім де, өсіп-өркендеу де болады. Сондықтан, мемлекеттік басқару жүйесін далалық демократия негіздерінен алыстамай, осы заман үлгісіне сай дамытып, ізденісті ілгерілете беру қазақ мемлекеттігінің іргесі берік болуына жасалған тағы бір қадам болмақ. «Осынау жауапты кезеңдегі жауапкершілік жүгін сезіне білу де әрбір отансүйгіш жан үшін басты қағидаға айналуы керек», деген «нұротандықтар» халықты конституциялық өзгерістергі белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Талқылау кезінде Алматы қаласының Мәслихатының депутаттеры Нурия Ниязова, Роза Бадаева, «Нұр Отан» партиясы АҚФ Баспасөз орталығының басшысы Қайым-Мұнар Төбеев, ҚазМемҚызПУ профессоры Сапар Оспанов және т.б. тұлғалар мен жастар сөз сөйлеп, Елбасы үндеуінде айтылған мәселелердің дер уақытында жүргізілгелі отырған реформа екендігін жеткізді. «Бұл реформа даму мен жаңаруға бастайтын үлкен қадам. Парламентке жүктелген үлкен жауапкершілік, ең алдымен елдің қарыштап дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондықтан, бұл реформаны талқылаудан бастап халық игілігіне жарағанға дейін бірлікпен әрі жоғары белсенділікпен жұмыс істеуіміз керек», – дейді тарқасты жиналғандар.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ