Жеті ұстаз үздік атанды

«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газеті

11-бет, №20 (29001), 31 қаңтар, 2017 жыл//Авт. Айнаш Есали // https://www.egemen.kz/2017/01/31/96960

Жеті ұстаз үздік оқытушы атанды.

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыз­дар педагогикалық университеті – ТМД елдері арасында тек аруларға арналған бірден-бір жоғары оқу орны. Қара шаңырақта қазіргі таңда 8500-ге жуық студент білім алуда.

Қыздар университеті үшін жыл жақсы басталды. Білім ошағының жеті бірдей ұстазы Білім және ғылым минис­трлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. Олар – қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұстазы, профессор Ләззат Әділбекова, физика-математика факультетінің профессоры Әжімұқан Жамалов, қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің қауым­дас­тырылған профессоры Сағира Оданова, физика-математика факультетінің профессоры Эльмира Бакирова, әлеуметтік-гуманитарлық фа­культетінің қауымдастырылған профес­соры Сара Қырықбаева, өнер және мә­дениет факуль­тетінің профессоры Мөл­дір Оразалиева, педагогика және психология факультетінің профессоры Гүлнар Мұратбаева.

Ұстаздар жетістігімен қа­тар, жылдан-жылға универ­ситеттің де табыстары еселенуде. 2015 жылы Қыздар университеті Ұлттық бизнес рейтингтің халықаралық рейтинг одағының шешімімен «Сала көшбасшысы-2015» серти­фикатымен және «Сала көшбасшысы-2015» қабырға медалімен марапатталса, өткен жылы QS Stars University Ratings халықаралық рейтингі бойынша «3 жұлдыз» иеленген тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орны атанды. Ал білім ошағының ректоры Динар Нөкетаева жаңа жыл қарсаңында республика руханияты мен біліктілік әлеуетін көтерудегі қызметі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Қазіргі таңда Қазақ мемле­кеттік қыздар педаго­гикалық университеті – Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық ЖОО-лар ішінде алғашқы орындарды иеленген ең үздік университет болып табылады. Еуропалық білім беру жүйесіне қарай бой түзеген университетте үш деңгейлі мамандар дайындау жүйесі толығымен енгізілген. Бүгінде университет қос дип­ломды бағдарламалар бойынша білім алуға қол жеткізіп, LAMS (Ұлыбритания) және Миссисипи (АҚШ) атты әлемдік университеттермен арнайы бағдарламаны жүзеге асыруда.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ