Елбасы Жолдауында білім саласының жан-жақты қамтылғаны қатты қуантады - Динар Нөкетаева

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі

2017 жылғы 11 ақпан, 20:22 // http://www.inform.kz/kz/elbasy-zholdauynda-bilim-salasynyn-zhan-zhakty-kamtylgany-katty-kuantady-dinar-noketaeva_a2998340

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл жолғы Жолдауында білім саласының жан-жақты қамтылғаны қатты қуантады, дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Динар Нөкетаева ҚазАқпарат тішісіне берген сұхбатында. «Жаңғыру - жаңаруға деген ұмтылысты заманауи жаңалық арқылы айшықтайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жариялаған Жолдауының астарында осындай аса маңызды тың идея жатыр. Бұл - егемендіктің 25 жылдығын артқа тастаған Ұлы Дала елінің екінші ширек ғасырға ұмсынған жаңашыл бастамасы деуге толық негіз бар. Ақпарттық технологиялар әлем алдына сәт сайын жаңа қауіптерді туындатып қана қоймай, дамуы дөңгеленген, лезде басқаша әрі заманауи ойлауға итермелеген жаңалықтарды әкеліп жатыр. Сондықтан, уақытқа қалыптасуды алға тартатын ақпараттық технологияның жүріс-тұрысын алдағы күндердің жаңа қадамдарын алдын-ала болжап, оған мықты тетіктерді ойластыра алатын кемеңгер стратегтер ғана игереді. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауына дәл осындай баға беруге болады. Өйткені, Қазақстанның үшінші жаңғыруы - еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түспек. Бұдан кейін мемлекет сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін елге айналмақ. Оның ішінде ең басты дүние - білім беруде жатқанын біздер, яғни педагогтар мен білім саласының мамандары айқын түсініп отырмыз. Жаһандану тамырын тап басатын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл жолғы Жолдауында білім саласының жан-жақты қамтылғаны қатты қуантады. Өйткені, биылғы басты бағдарламалық құжаттың ең негізгі ерекшелігі - интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында ақпараттық технологияларға негізделген инновациялық дамыған қоғам құруды мақсат етуде жатыр. Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтар екі бірдей басымдықта жарияланғанын байқаймыз. Мәселен, «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» атты бірінші басымдықта ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қарыштату тетіктері айтылды. «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл - маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын» деген Елбасы инновациялық біліктілікке баса назар аударылатынын жеткізді. Ал төртінші басымдық ретінде аталған «Адами капитал сапасын жақсарту» тармағында «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз - білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» деген Мемлекет басшысы үштілді білім беру туралы айтып, оның ішінде ана тіліміздің рөліне тоқталады. Қазақ тілінің басымдығы сақталып, оны дамытуға зор көңіл бөлінетіндігі көңілдегі күдікті сейілтері айқын. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жақын күндері жеміс беретіні көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені, тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылады. Сонымен қатар, кәсіптік білім беру жүйесінде, Елбасы тапсырмасына сәйкес, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындалмақ. Биылғы Жолдаудың негізгі ерекшелігі - Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан ұланғайыр Ұлы Дала елінің дамуындағы қамтылмаған сала қалмаған. Сонымен қатар, ол жерден кез келген ұжым өз қызметіне қажетті орындау тетіктерін тайға басылған таңбадай анық көре алады. Осыдан-ақ бұл Жолдау Тәуелсіздіктің 25 жылдығын сәтті қорытындылаған Қазақстанның келер ширек ғасырға ұстанған басты барометрі болатынын байқаймыз», - Динар Нөкетаева.

Автор: Алмас Мұқашұлы