Адами капитал алғашқы орында

«Президент және халық» республикалық қоғамдық-саяси газеті

3-бет №5 (595), 10-ақпан, 2017 жыл //Авт. Назира Елеухан // http://pr-hal.kz/zha-yrtu-3-0/adami-kapital-al-ash-y-orynda/

7-ақпанда Қыздар университетінде ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Истайбекқызы­ның қатысуымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында кездесу өтті.

Шараға университеттің оқы­тушы-профессор құрамы мен студенттер қауымы қа­тыс­ты. Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған жиынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева ашып, жүргізіп отырды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың үлкен жетістіктерге бас­тайтын, сондай-ақ дұрыстығын уақыт таразысында көрсете алатын стратегиялық құжат болып табылатын биылғы Жолдауы әрбір қазақстандыққа осы берекелі, бірлікшіл тұрмысымызды сақтап, саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуді міндеттейді. Елбасы Жолдауы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және бағытымыздың дұрыстығын көр­се­тіп, жетістіктерімізді нақтылай түсті, – деген Динар Нөкетаева университет ұжымының Жолдауды талқылап, оған қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жатқандығын айтты.
Негізгі сөзді алып, үлкен баян­­дама жасаған Парламент Мә­жі­лісінің вице-спи­кері, Мәжілістегі «Нұр Отан» фрак­ция­сының жетекшісі Гүлмира Исимбаева Жолдаудың мән-маңызы мен ерекшелігін көпшілікке кеңінен түсіндіріп, онда көр­сетілген бес басымдықтың әрқай­сысына жеке-жеке тоқ­талып өтті. Атап айтқанда, құжаттағы оқу процестеріне ІТ білімді енгізу, жаңа индустрияны енгізуде цифрлық технологияны қолдану, қаржылық білікті­лік­ті көтеру, үштілділікті дамы­ту, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім бе­ру сапасының алшақтығын азайту, кәсіптік білімді дамы­ту, тұрғындардың сапалы білім алуына қолжетімділігін қам­тамасыз ету мәселелеріне ерек­ше назар аударып, жан-жақты талдап берді.
Халық қалаулысы әсіресе, маңыз­ды салалардың бірі болып табылатын білім беру мәселесін тереңнен сөз етті.
– Мемлекет басшысы Жол­дауының төртінші басым­ды­ғы ада­ми ка­питал сапасын жақ­сартуға арналған. Бұл – бі­лім бе­ру, ден­саулық сақтау, әлеу­меттік қамсыздандыру салаларын дамыту жөніндегі жүйелі көзқарас. Экономикалық өсу­дің жаңа моделінде бі­лім бе­ру орталық буынға айналуға тиіс. Біріншіден, оқу бағдарламаларын жаңғырту, яғни «сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамыту, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру» жөнінде міндет қойылып отыр. Қазір мазмұны жаңартылған оқу бағдарламалары мен оқу­лықтарын, сондай-ақ білім алушылардың (30 мектепте) оқу жетістіктерін өлшемшартпен баға­лау жүйесін кезең-кезеңмен байқап көру жұмысы аяқталды, – деді Г.Исимбаева.
Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша депутат «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Мектепте білім беру дең­гейінде үш тілде білім берудің жол картасы әзірленді. Ағыл­шын тілінде оқыту үшін педагог кадрларды даярлау мен қайта даярлау және жоғары оқу орындарының оқытушыларын қайта даярлау жұмысы жал­ғастырылып жатыр, үш тілде білім беру шеңберінде арнайы бөлімдер жұмыс істеп тұр. Министрлік ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификаттары бар «Химия», «Физика», «Информатика», «Биология» пәндері мұғалімдерінің электрондық дерекқорын құрды. 2016 жылы Назарбаев Университеті және республиканың 15 жоғары оқу орны базасында «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерінің 675 мұғаліміне арналған тілдік курстар өткізілді және мемлекеттік сатып алу шеңберінде «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерінің 75 мұғаліміне арналған 4 айлық біліктілікті арттыру курстары өткізілді. 2017 жылы «Информатика», «Физика», «Химия» және «Биология» пәндерінің 8425 мұғалімін қамту жоспарланып отыр», – деп атап өтті Г.Исимбаева.
Елбасы Жолдауында кәсіптік білім беру саласы да кеңінен қамтылған. Кездесу барысында Г.Исимбаева осыған орай «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасымен, яғни, тегін білім берумен бірінші кезекте жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ еңбекке қабілетті жастағы адамдар қамтылуға тиіс. Көзделген экономика шеңберінде жаңа өндірістерге мамандар даярлау үшін кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға серпін беру қажет. Біздің мақсат – жұмысшы мамандықтар бойынша даярлықты 2 есеге ұлғайту», – деп Жолдаудағы аса маңызды мәселелерді түсіндіріп өтті.
Сұқбат түрінде өткен кездесу барысында оқу орнының ұстаздары көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар ала алды. Сонымен қатар, Жолдауда көрсетілген міндеттерге орай өз ұсыныстарын да білдірді.
Жиын соңында Гүлмира Исимбаева маңызды құжатта жүктеліп отырған жауапкершілікті терең сезінуге және оның орындалуына бірге атсалысуға шақырды.

Нәзира ЕЛЕУХАН