Билік өкілеттіктерін қайта бөлу – уақыт талабы // Е.Меңліғазиев,ҚазМемҚызПУ профессоры

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

4-бет, №19 (3091), 8 ақпан, 2017 жыл// Авт. Е.Меңліғазиев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің химия кафедрасының профессоры // https://aikyn.kz/2017/02/08/3190.html

Бүгінгі күні бұқара ақпарат құрал­дарының қай түрі болмасын, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерістер енгізу туралы Қазақстан халқына жолдаған Үндеуін қызу талқылап жатыр.

Мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінуінің негізінде жүзеге асырылады.
Бірінші билік тармағы – заң шығару­шы билік. Бұл билік Парламентке тиесілі. Сондықтан Парламенттің депутаттары заң шығару процесімен тікелей айналысады, заң жобаларын ұсынады, заң жобаларын жан-жақты талқылайды және заңдарды көпшілік дауыспен қабыл­дайды. Сол заңдармен мемлекет ішіндегі барлық құқықтық қарым-қаты­настар реттеледі. Өйткені заңда мемле­кеттік органдардың құзыреті, лауазымды тұлғалардың өкілет­тіктері, адамның құқықтары мен бостан­дықтары, сондай-ақ тұлғалардың міндет­тері мен жауапкер­шіліктері жазылған.
Екінші билік тармағы – атқарушы билік. Бұл билік Үкіметке (Министрлер кабинетіне) берілген. Сондықтан Үкімет мүшелері, министрлер басқаратын ми­нистр­ліктер Парламент қабылдаған заң­дарды өздері де атқарады, жүзеге асырады, заңдардың атқарылуын ұйымдастырады және бақылайды.
Үшінші билік тармағы – сот билігі. Бұл билік – судьяларға жүктелген. Соттар заңның бұзылмауын қамтамасыз ете отырып, заң өрескел бұзылған жағдайда кінәлі тұлғаны жауапкершілікке тартып, жәбір көрген тұлғаның бұзылған құқық­тарын қалпына келтіру қызметін орындайды.
Қазақстан Республикасының мемле­кеттік билігі де осы жүйеге негізделген. Алайда тарихи, саяси, әлеуметтік, экономикалық себептерге байланысты, Қазақстандағы мемлекеттік билікті жүзеге асырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктердің ең маңыздысы – Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасының жоғарыда айтылған ешбір билік тармағына қатысты болмауы. ҚР Конституциясының 40-бабына сәйкес, Президент ешбір билік тармағына жат­пайды және барлық билік тармақ­тарының үйлесімді қызмет атқаруын қамтамасыз етеді. Яғни, Конституцияға сәйкес Қазақстанда барлық билік тармақтарының жұмыс істеуі белгілі бір мөлшерде Президентпен байланысты. Президенттің құзыреті де барлық билік тармақтарымен тікелей байланысты. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Президентінің өкілет­тіктері өте көп, құ­зыреттері аса ауқымды. Олар Консти­туцияның Пре­зиденттің құқықтық мәртебесіне арналған III тарауында жеке-жеке көрсетілген.
Енді міне, уақыт өте Елбасымыз, Президентіміз Конституция бойынша өзіне тиесілі өкілеттіктерінің бір бөлігін басқа мемлекеттік органдарға беруді жөн көрді. Бұл мақсатта, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша Қазақстан халқына арнайы Үндеу жолдады. Елге жолдаған Үндеуінің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында Парламент, Үкімет, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу.
Қазақстан Республикасы Президен­тінің Үндеуіне сәйкес заң шығарушы билікті жүзеге асыратын Парламенттің өкілеттіктері көбейеді, мәртебесі анағұр­лым жоғарылайды. Енді Үкіметтің қызметі Парламент депутаттарымен көбірек байланысты болады. Оған Үкіметтің құрылу тәртібін, қызметін ұйымдастыру ерекшеліктерін және ең бастысы, жауап­кершілігін айтуға болады. Өкілді орган Парламенттің мүшелері депутаттар, халық қалаулылары, енді Үкіметтің жұмысын жан-жақты қарастыра алады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Үндеуіне сәйкес атқарушы билікті жүзеге асыратын Үкіметтің де өкілеттіктері көбейді. Ауылшаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында Үкіметке біршама дербестік берілді. Қаржы, экономика, энергетика және өзге де сала­ларға қатысты өкілеттіктер жаңартылды. Үкімет орталық атқарушы орган ретінде жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруда көп құзыретке ие болды.
Конституцияға енгізіліп жатқан мына өзгерістердің негізінде Қазақстанның парламенттік басқару нысанындағы республикаға ауысуын елімізде орын алған мемлекеттік тұрақтылықтың белгісі деп білемін. Қазақстан Президентінің өз өкілеттіктерінен бас тартып, басқа органдарға өз еркімен беруі таңғаларлық жай екенін шетелдік басылымдар ерекше айтып жатқаны белгілі. Өзге мемлекет басшылары өкілеттіктерді қосып алмаса, бар өкілеттіктерді ешкімге бермейтіндері анық. Кейде тіпті ол үшін, әскердің көмегі керек болып жататын жағдайлар болады. Біздің елімізде, Президент Үндеуінің ха­лықпен талқылануы, кәсіпорын-мекеме­лерде талдаулардың қызу жүріп жатуы мемлекетімізде Президенттің жүргізіп жатқан саясатының бейбіт түрде, сатылы түрде біртіндеп жүзеге асырылуы Елба­сымыздың үлкен қызметінің нәтижесі.

Е.МЕҢЛІҒАЗИЕВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
химия кафедрасының профессоры