«Мәңгілік Ел» идеясының мәні үлкен

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

5-бет, №192 (3068), 23 желтоқсан, 2016 жыл// Авт. Толқын Жұмашова, педагогика ғылымдарының магистрі, ҚазМҚПУ-дың аға оқытушысы

Президент Мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан – 2050» стратегиясының түпқазығы етіп алынғандығын атап көрсетті. Ендеше, бізге бағдаршам іспетті болып отырған стратегиялық құжат барда біз мемлекетіміздің озық елге айналуы үшін тиімді жұмыс істеуіміз керек.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел ата – бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл арманды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүретінін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деп атап көрсетті.

Ендеше, алдымызда асқар арман, межелі алынатын асу барда біз уайымдайтын нәрсе болмауы керек. Ұлт Көшбасшысы тәуелсіздігімізді баянды етіп, дамыған 30 елдің ұатарына қосылу – Мәңгілік ел болудың нысаны екенін атап көрсетті. Демек, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін әрқайсысымыз ортақ құндылықтарға өз үлесімізді қосуымыз керек.

Расында да, Мәңгңлңк ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Астанада мәңгілік мұратымызды паш етіп тұрған Мәңгілік ел салтанат қақпасы салынды. Қазір Мәңгілік ел идеясы мемлекеттік идеологияға айналды. Сондықтан оның терең тамыры және үлкен мағыналы мәні бар.

Сонымен бірге, Мәңгілік ел ұлттық идеясының басты, негізгі іргетасы – бірлік екенін атап өткен жөн. Бірлік – ол елдің рухани, халықтың мәдени, тілдік, ділдік, ақпараттық кеңістіктегі бірлігі. Бұл бір. Екіншіден, әрбір мемлекеттің тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болады. Ал ұлттық идея - ұлттың сол тарихи кезеңінде өзін – өзі тануынан көрініс табады. Осы тұрғыдан қарасақ, бүгінгі таңда Мәңгілік ел сөзі – мәңгілік Тәуелсіздік ұғымымен астасып жатыр. Сондықтан тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпаққа аманат ету – біздің басты міндетіміз.

Толқын Жұмашева