Динар НӨКЕТАЕВА, ҚазМемҚызПУ университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты: «Елбасы Жолдауы – білімге қолдау»

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

«Ел-арна» ақпараттық порталы

4-бет, №29 (3101), 25 ақпан, 2017 жыл // https://aikyn.kz/2017/02/25/5161.html // http://www.elarna.com/koru_kk.php?id=729801

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жасаған Жолдауында білім саласы жан-жақты қамтылғаны қатты қуантты. Өйткені бес басымдықтан тұратын биылғы басты бағдарламалық құжаттың ең негізгі ерекшелігі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында ақпараттық технологияларға негізделген инновациялық дамыған қоғам құруды мақсат етуде жатыр.

Адамзат баласының қол жет­кізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау. Осы орайда білім саласы ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың назарына ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасы Жолдау туралы айтқан мәлімдемесінде де айқын аңғартты. Онда Президент «Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Бас тақырып – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», – деген сөзі арқылы білдірді.
Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтар екі бірдей басымдықта жарияланғанын байқаймыз. Мәселен, «Эко­номиканың жеделдетілген тех­нологиялық жаңғыртылуы» атты бірінші басымдықта ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қарыштату тетіктері айтылды. «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын» деген Елбасы инновациялық біліктілікке баса назар аударылатынын жеткізді. Төртінші басымдық ретінде аталған «Адами капитал сапасын жақсарту» бөлімінде «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет», – деген Мемлекет басшысы үштілді білім беру туралы айтып, оның ішінде ана тіліміздің рөліне тоқталады. Қазақ тілінің басымдығы сақталып, оны дамытуға зор көңіл бөлінетіндігі көңілдегі күдікті сейілтері айқын.
Жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу – инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауы бұған дейін жасалған 5 жалпыхалықтық реформасы мен дамыған елдердің қатарына жету бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудың айқын тетіктері екенін астарсыз-ақ түсінуге болады.

Динар НӨКЕТАЕВА,
ҚазМемҚызПУуниверситетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты