Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Ұлттық құндылықты ұлықтаған басылым

«Қазақ әдебиеті» ҚР әдебиет, мәдениет және өнер газеті

7-бет, №6 (3536), 17 ақпан, 2017 жыл//Авт. Мәрия Майлықұтова, «Қыздар университеті» баспасының редакторы

Жаһандану ғасырында ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жас ұрпақ санасын ғаламтор шырмап жатқан кезеңде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, ұрпақтар бойына сіңіріп, ұлттық намысты оятудан кеш қалмайық. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалым-ұстаздары Д.Ж. Нөкетаева, З.Қ. Сабырова, С.С. Қоңырбаеваның «Ұлттық құндылықтар-тәрбие негізі» атты оқу құралы «Қыздар университеті» баспасынан жарық көрді. Жалпыадамзаттық құндылықтан бастау алатын ұлттық құндылықтар, этномәдени, рухани-адамгершілік құндылықтарға ғылыми тұрғыдан баға берген авторлар «құндылық» ұғымының анықтамасын бірқатар ғылыми кітаптардағы анықтамаларына сараптама жасап, талдай келе ғұламалар жазбасындағы құндылықтар тұжырымдамасына тоқталады. Авторлар«шығыс ғұламалары мен ұлы дала ойшылдарының пікірлері, көрнекті ғалым педагогтардың пайымдаулары жалпыадамзаттық, ұлттық, этномәдени, рухани-адамгершілік құндылықтарды адамзатқа дәріптеу, насихаттау саналады» деген ойларын, Сократтың, Аристотельдің, Лао Цзының мейірім мен ізгілік туралы тәмсілдерін, Конфуцийдің:«Бүкіл өмір бойы басшылыққа алуға тұратын сөз-мейірімділік» деген даналығын тарқата талдап, түсіндіреді. Әл-Фараби тағылымындағы адамның өмірлік мақсаты, бақыт туралы ойлары мен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігіндегі» «адамға құт әкелетін білім – ізгілік» деген дүниетанымдық пайымдауының мәнін аша ұғындырады. Әмір Кейқауыстың атақты Қабуснамасынан:«Сен туралы халық жақсы сөз айтсын десең, сен өзің халық туралы жақсы сөз айт. Егер абыройдан айырылғың келмесе, жақсылық жасауды ұмытпа, ұлым! Егер қадірлі болғың келсе, халықтың қадірін біл!» деген көшбасшыға айтылған өсиеттеріне тоқталып, Ұлықпан Хакім айтқан қарапайымдылықтың жеті сипатын зерделейді. Оқу құралында француз ойшылы Мишель Монтеннің, Жан Жак Руссоның, орыс ағартушылары Ян Амос Коменскийдің,Л.Н. Толстойдың«риясыз мейірімділік» туралы пікірлері жайлы оқырманмен ой бөліседі. Шал Құлекеұлы (1748-1814) шығармаларындағы еңбек, бақыт, отбасы, түрлі топтар мен таптардың психологиясы туралы толғаулары зерделеніп, «құржан», «тіріжан», «жігітжан»сынды ер азаматтардың мінез құлықтарына қарай жіктеуіне тоқталады. Абай бабамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ізгілікке үндеген жыр жолдарының, Шәкәрімнің «Мейірім, ынсап, әділет, шыдам, шыншыл харакет – түп қазығы ақ ниет», – деген нақыл сөзінің пәлсапалық мәнін талдайды. «Ақ ниетпен жақсылық жасау адамның ішкі дүниесінің байлығын, жан сұлулығын көрсетеді. Өмірде кездесетін әр түрлі жағдайларда басқаларға зиян келтірмей, ой мен істің бірлігін сақтай отырып, байыпты шешім қабылдай алу да жақсылықтың нышаны» деген ойларын, «Адамның ең асылы –Қиянатсыз, ақ пейіл»-деген жыр жолдарымен айшықтап, тұжырымдайды.

А.С. Макаренко, Януш Корчак, В.А.Сухомлинский сынды орыс педагог ғалымдарының ғылыми еңбектеріндегі адами құндылық, бала тәрбиесі мәселелері жайлы ұтымды ойларын сараптайды. «Жалпыадамзаттық құндылықтар – тәрбиенің күретамыры» атты тарауда АДАМ, ӨМІР, УАҚЫТ ОТБАСЫ, АДАМГЕРШІЛІК,БАҚЫТ ұғымдарына ғалымдар мен ғұламалар берген анықтамалары мен тұшымды ой-пікірлерін кеңінен саралап, айшықты тұстарын даралап көрсетеді, мән-мағынасын терең ұғындырады. Бақыт ұғымына қатысты Қабан жырау атанған Қабылиса бабамыздың «Бақыт қайда барасың?» деген шығармасындағы:

- Бақыт қайда барасың?

- Келін мен қызы ибалы,

Ата-анасын сыйлайтын,

Сондай үйге барамын.

- Бақыт қайда барасың?

- Соғысқа құмар ойы жоқ,

Ұлан асыр тойы көп,

Бейбіт елге барамын!» деген жыр жолдары төңырегінде ой өрбітеді.

Оқу құралында ұлттық салт-дәстүрлердің философиялық мәніне үңіле отырып, қыз бала тәрбиесіндегі маңызын айшықтайды. Авторлардың «Ұлттық намыс » ұғымы жайлы айтқан зерделі ойлары көңілге қонымды. Авторлар: «ҰЛТТЫҚ НАМЫС – ұлттық ділдің іргетасы деуге болады. Ұлттық намыс болмаса, ұлттық руханият, ұлттық дәстүр, елжандылық, отансүйгіштік сияқты ұғымдарды меңгеру қиын. Академик М. Қозыбаев: «Адам ... Адам болу – қасиетті атақ. Адам атың болған соң, сен ата-анаңның, еліңнің, Отаныңның перзентісің. Отан алдындағы қарызың мен парызың – ең ұлы жауапкершілігің. Адами қасиеттердің арқауы – Ар, Ұят, Намыс. Намыс – адам өмірінің әр сатысында әр түрлі байқалады. Ол – «мен», «мен» деген сәби намысы, ол – өзін-өзі біле бастаған балғын жастың жігіттік намысы, ол – бойжеткен ару намысы, ағайынның аты озғандағы, ауылдастың тайы озғандағы ер намысы, азаматтық намыс, ұлт намысы» деп тебірене жазады. Авторлар қазақ қыздарының бойында болуға тиіс қасиеттерді тізбелеп көрсетіп, тарқата тарқатып, тәптіштей түсіндереді. Басылымда авторлар «Қыз баланың бойына сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Сондықтан, қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтық, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік үлкен қауіп деп санаған» деген ойларын ұлттық дәстүр-салтпен астастыра дәлелдейді. Ғалымдар оқу құралында «Бүгінгі қыздың, ертеңгі келіннің қолынан іс келуін халқымыз міндетті деп есептеген. «Салақ әйелдің үйінен сабақты ине табылмайды», «Олақ әйел – оймақшыл», «Ана көрген тон пішер», «Қыз еркем – кестесімен көркем» деген сияқты мақал-мәтелдер осыны білдіргендей. Киім тіге білу, дәмді ас дайындау сияқты күнделікті тұрмыс-тіршіліктің істерін ұсақ-түйекке баламай, оны көңілге қонымды етіп істеу отбасы тіршілігін толыққанды жағдайға келтіреді әрі келген жері үшін – келіннің, күйеуі үшін – әйелдің қадірін асырады» деп қыздарымызға келін болғанда ескеріп, санасынан шығармауға тиісті өнегелі істерді насихаттайды. Ұстаздар оқу құралында қазақ жігіттеріне жар таңдауда қыздың, тектілігіне, ақылдылығына, инабатты ибалылығына мән беру керектігін ескертіп, Абай бабамыздың:

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан қапыл қалма»- деген жыр жолдарынан мысал келтіреді.

Ғалым авторлар«қазақ қызы сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы және терең ойлы болуға тиіс, жүзі жылы шырайлы, өзі ұяң әрі нәзік келеді. Сондай-ақ, сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін келбеттілік, істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын көріктілік, баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын әдемілік»деп қазақ қыздарына тән қасиеттерді атап көрсетіп, «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дейді.

«Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген даналар сөзін негізге алған ұстаз-ғалымдардың еңбегі қазақ қыздарының бойтұмарына айналуға лайықты еңбек.

Қыздар университетінде ғана емес, басқа жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген бойжеткен бозбалалар, жалпы білім беретін оқу орындарының жоғарғы сынып оқушылары да оқып, ұлттық құндылықтар жайлы саналарына зерделесе екен...

Мәрия Майлықұтова

«Қыздар университеті» баспасының редакторы