«Ана көрген тон пішер»

«Ана тілі» ұлт газеті

9-бет, №8 (1370), 23 ақпан, 2017 жыл // Авт. Мәрия Майлықұтова, «Қыздар университеті» баспасының директоры // http://anatili.kazgazeta.kz/?p=41271

Жаһандану ғасырында ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жас ұрпақ санасын ғаламтор шырмап жатқан кезеңде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын уақыт келді. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Қыздар университеті» баспасынан «Ұлттық құндылықтар – тәрбие негізі» атты оқу құралы жарық көрді.

Авторлар қазақ қыздарының бойында болуға тиіс қасиеттерді тізбелеп көрсетіп, тәптіштей түсіндіреді. «Қыз баланың бойында сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз ежелден қолға алған. Сондықтан қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстамдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтық, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік үлкен қауіп деп санаған. Келін түсіріп, қыз ұзататын үйлердің әңгіме-жыры, іс-әрекеті көбінесе осы мәселелердің төңірегінде болады деген ойды ұлттық дәстүр, салт-санамен астастыра дәлелдейді. Дәстүр бойынша қалыңдық үшін де болашақ күйеуінің мінез-құлқы, ой-өрісі мен мәдениеті, білім мен инабаттылық болмысы, жақсы-жаман әдеттері жайында жақсы білуі өте маңызды. Қыз бала той-томалақ, көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстамдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, сергек сезімталдығымен, ептілігімен, өнерпаз әрі сөзге шешендігімен, жарасты әзілге шеберлігімен танылған, – дейді авторлар оқу құралында.
«Бүгінгі қыздың, ертеңгі келіннің қолынан іс келуін халқымыз міндетті деп есептеген. «Салақ әйелдің үйінен сабақты ине табылмайды», «Олақ әйел – оймақшыл», «Ана көрген тон пішер», «Қыз еркем – кестесімен көркем» деген сияқты мақал-мәтелдер осыны білдіргендей. Киім тіге білу, дәмді ас дайындау сияқты күнделікті тұрмыс-тіршіліктің істерін ұсақ-түйекке баламай, оны көңілге қонымды етіп істеу отбасы тіршілігін толыққанды жағдайда келтіреді әрі келген жері үшін – келіннің, күйеуі үшін – әйелдің қадірін асырады» деп қыздарымызға келін болғанда ескеріп, санасынан шығармауға тиісті өнегелі насихат айтады. Ғалым-ұстаздар оқу құралында қазақ жігіттеріне жар таңдауда қыздың тектілігіне, ақылдылығына, инабатты, ибалылығына мән беру керектігін ескертіп, Абай атамыздың:
«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан қапы қалма» деген жыр жолдарынан мысал келтіреді.
Авторлар «қазақ қызы сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы және терең ойлы болуға тиіс, жүзі жылы шырайлы, өзі ұяң әрі нәзік келеді. Сондай-ақ сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін келбеттілік, істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын көріктілік, баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын әдемілік, дене бітісі жинақы, сөзі шымыр шырайлылық» деп қазақ қыздарына тән қасиеттерді атап көрсетеді.
«Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген даналар сөзін негізге алған ұстаз-ғалымдардың еңбегі қазақ қыздарының бойтұмарына айналуға лайықты еңбек.

Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,
«Қыздар университеті» баспасының
редакторы