«Махаббатсыз дүние дос па», әлде «бос» па? // Руда Зайкенова, ҚазМемҚызПУ профессоры

«Жас Алаш» республикалық газеті

5-бет, №15 (16201), 21 ақпан, 2017 жыл // Руханият // Авт. Руда Зайкенова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы // http://zhasalash.kz/ruhaniyat/19368.html

Қазiргi уақытта Абайдың нақылға айналып кеткен “Махаббатсыз дүние бос” деген сөзiнiң дұрыс нұсқасы – “Махаббатсыз дүние дос” екенi туралы болжам көзiқарақты оқырманға ой салып, бiрi “дүние досты”, бiрi “дүние босты” жақтаған екi түрлi пiкiр айтылып жүр. Алдымен өлеңнiң өзiн оқиық:

Кейде есер көңiл құрғырың,
Махаббат iздеп талпынар.
Iшем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас,
Жүректiң отын сөндiрмес.
Махаббат – өмiр көркi рас,
Өлген соң ол да үндемес.
Махаббатсыз дүние дос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегi жұмсақ бiлген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан бәрi – тұл,
Доссыз ауыз тұщымас.
Өлеңге талдау жасамас бұрын оның текстологиясын анықтап алу қажет. Бiр қызығы, Мүрсейiт қолжазбасы мен 1909 жылғы Абай өлеңдерiнiң тұңғыш жинағы және Мұхтар Әуезов құрастырып шығарған 1933 жылғы Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағынан бастап, 1957 жылғы М.Әуезовтiң соңғы сүзгiсiнен өткен екi томдық академиялық жинаққа дейiн аталмыш өлең жолы “Махаббатсыз дүние дос” деп жарияланып келiптi. М.Әуезов құрастырған академиялық жинақта өлеңге мынадай түсiнiк берiлген: “Өлеңнiң текстi 1909 жылғы жинақ және Мүрсейiт қолжазбасы негiзiнде енгiзiлiп отыр. Бұл нұсқасы Абайдың негiзгi жинақтарына енген”.
1957 жылдан кейiн, Абайдың екi томдық академиялық жинағы 1961 жылы үлкен I том болып шығады. Мiне, “Махаббатсыз дүние бос” деген өзгерту осы жинақтан басталған. Бұл екi аралықта Абай жинақтары жарық көрмеген, тек 1958 жылы орыс тiлiнде Абайдың бiр томдық жинағы “Великий поэт казахского народа” деген М.Әуезовтiң алғы сөзiмен шығыпты. Мұнда жоғарыдағы өлең “Непокорное сердце весь век” деп аталып, бiзге қажеттi шумақ:
А того, кто жил не любя,
Человеком назвать нельзя.
Пусть ты наг и нищ – у тебя
Все же есть семья и друзья, – деп аударылған. Аудармада “дүние дос” деген сөз жоқ, бiрақ “бос” деген мағына бар. Өлең мазмұнын автор дұрыс түсiнгенмен, Абай пәлсапасын жеткiзе алмаған. Бiрақ бұл өлең “Махабатсыз дүние бостың” таралуына негiз емес. Бұдан кейiнгi жылдарда осы сөздiң бiрде “дос”, бiрде “бос” болуы өлеңнiң одан әрi аударылмай қалуына себеп болған сияқты. Өйткенi орыс тiлiндегi таңдамалы өлеңдер жинағының (1980, 1985, 1995, 1996, 2003, 2006, 2008) бiрде-бiреуiнде бұл өлең мүлде берiлмеген және жаңадан аударылмаған. Тiптi Г.Бельгер құрастырған “Я – человек-загадка...” (2009) деген қомақты жинақта да жоқ.
1961 жылдан кейiн Н.Меңдiғалиев құрастырған Абай өлеңдерiне арналған “Әндер, романстар” (1962) жинағында “Кейде есер көңiл құрғырыңның” бiзге қажеттi шумағын мүлдем алып тастап, үш шумағын ғана берiптi.
Ал З.Ахметовтiң алғы сөзiмен Абайдың 150 жылдығына орай “Жазушы” баспасынан шыққан екi томдық академиялық жинақта “Махаббатсыз дүние бос” емес, “Махаббатсыз – дүниедос” деп басылды. Мұнда алғашқы нұсқа қалыпқа келгенiмен, екi сөз бiрiгiп тұрғандықтан, мағына тұмандана түскен. Бiр-бiрiне қарама-қарсы екi дай пiкiрдiң пайда болуына халыққа кең тарап отырған жоғарыдағы жинақтардың мұрындық болып отырғандығы айдан-анық. Ендiгi мiндет – мұны баспалар тарапынан бiр iзге түсiрiп, М.Әуезов құрастырған жинақ бойынша “Махаббатсыз дүние дос” деп жариялау қажет.
Абайдың “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес” деген төрт шумақ өлеңiнiң соңғы шумағында да:
Дүниеге дос ақиретке бiрдей болмас,
Екеуi тап бiрдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас, – деп “дүниемен ғана дос” болған адамның иманы да жоқ деген ойды аңғартады, яғни имансызда ұят та, махаббат та, намыс та болмайды, себебi ол – тек қана дүниемен дос. Мiне, махаббатсыз дүниемен ғана дос болу, махаббатсыз дүниеге ғана ынтық болу махаббатпен жаратылған адамға тән емес, ондай адам хайуанмен тең.
Оқу бағдарламасында бар аталмыш өлеңге дұрыс талдау жасау – қазiргi уақытта өзектi мәселелердiң бiрi. Әсiресе жастар арасында белең алған байлықты мақтан көру, басқаға мұрын шүйiре қарау оның рухани кедейлiгiн, жан дүниесiнiң мешеулiгiн көрсететiндiгiн түсiндiру қажет. Сонда Абайдың “Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп әдiлеттi” деген тұжырымы жүзеге аспақ.
Абай өлеңдерiнiң текстологиясын талдағанда 1909 жылғы өлеңдер жинағын емес, М.Әуезовтiң соңғы сүзгiсiнен өткен 1957 жылғы академиялық жинақты басшылыққа алу керек. Себебi М.Әуезов Мүрсейiт қолжазбасын да, 1909 жылғы жинақты да, 1916, 1922 жылғы жинақтарды да түгел салыстырып, қайтадан мұқият қарастырған. Сонымен бiрге, М.Әуезов басшылық жасаған 1957 жылғы жинақтың құндылығын белгiлi абайтанушылар Зәки Ахметов те, Мекемтас Мырзахметов те жоғары бағалап, Абайтануға арналған еңбектерiнде ерекше атап көрсеттi. Сондықтан алдымен М.Әуезовпен санасып барып, содан кейiн ғана Абайтануға дендеп енуге болатындығын қадап айтқымыз келедi.

Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы