Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Динар Нөкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры: «Төртінші төңкерістегі» Үшінші жаңғыру»

«Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газеті

4-бет, №43 (29024), 2 наурыз, 2017 жыл // http://beta.egemen.kz/article/tortinshi-tonkeristegi-ushinshi-zhangyru

Жазудың пайда болуы, кітаптың дүниеге келуі, электр қуатының өндірілуі секілді үш ақпараттық революцияны бастан өткерген жаһандық қоғамдастық дәл қазір ХХ ғасырдың 70-жылдары басталған, яғни дербес компьютер, компьютерлік желілер, мәліметтерді жіберудің спутниктік жүйелері, ақпараттық телекоммуникациялар пайда болған төртінші ақпараттық төңкерістің бел ортасында тұр. Ақпараттық технологиялар әлем алдына сәт сайын жаңа қауіптерді туындатып қана қоймай, лезде басқаша әрі заманауи ойлауға итермелеген жаңалықтарды да әкеліп жатыр. Жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу – қоғамда құрық салдырмай бара жатқаны анық. Сондықтан, уақытқа қалыптасуды алға тартатын ақпараттық технологияның жүріс-тұрысын алдағы күндердің жаңа қадамдарын алдын ала болжап, оған мықты тетіктерді ойластыра алатын кемең­гер стратегтер ғана игереді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауына дәл осындай баға беруге болады. Өйткені, Қазақстанның Үшінші жаңғыруы – еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілетін арттыра түспек. Бұдан кейін мемлекет цифрлы технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән бере­тін елге айналмақ. Оның ішінде ең басты дүние – білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар әдеттегідей бірінші кезекте қаралған. Расында, сәт сайын өзгеріп жатқан тұтас әлем Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге толы жаңа тарихтың бетін ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл Президент Жолдауында айқын айшықталған. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына бес негізгі басымдықты ұсынған. Біріншісі – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына арналған. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да келешегі бар салалар дамытылып, ел Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлемек. Демек, кез келген сала үшін аса маңызды болып есептелетін сандық жүйе алдыңғы қатарға шығарылады. Бұл – білім қоғамын басты арнада қарастыратын инновациялық ел болу үшін өте қажет идея. Құқықтық Қазақстанның алдында цифрлы мемлекет болу міндеті тұр деген сөз. Мұнда білім беру жүйесі туралы жан-жақты айтылып, ақыл-ойдың өмір сүрудегі өзекті тетік екенін айқын ұғынамыз. Екінші басымдық «бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді» қарастырса, келесі басымдықтар «макроэкономикалық тұрақтылық», «адами капитал сапасын жақсарту», «институттық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты» мемлекет дамуындағы аса құнды бағыттарға арналған. Адами капиталды арттыруға байланысты айтсақ, бұл мәселе білім беру жүйесінің рөлін өзгертіп, білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруға міндеттейді. Оқыту бағдарламаларын адамның сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру секілді тармақтарды сөз ете отырып, «Мәңгілік Ел» идеясына тұздық болатын ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігі атап көрсетілген. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту арқылы білім қоғамының теңдескен құрылымын жасау да барынша қамтылған. Жолдауда әлеуметтік салаларға деген көзқарастың еш өзгермегенін байқасақ, бұл Елбасының білім беру саласы, әлеуметтік құндылықтарға деген ұшан-теңіз қамқорлығын білдірсе керек. Тағы бір айта кететін нәрсе, биылғы Жолдаудың кіріспесі Елбасы мәлімдемесі арқылы тұңғыш рет республикалық арналардан беріліп, мәтіні мерзімді баспасөзде жарияланды. Бұл көреген басшының алдағы уақытта ақпараттық технология саласына аса жоғары мән берілетінін меңзегені екенін айтпай-ақ түсінуге болады.

Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры

АЛМАТЫ