Қыздар Оразгүл Асанғазықызымен кездесу өткізді

Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының сайты

6 наурыз, 2017 жыл // Авт. «Қыздар университеті» медиа орталығы // http://www.qazaq-alemi.kz/news?id=3146

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 3 наурыз күні Қазақстан Республикасы Мәжілісінің экс-депутаты, белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры, университет түлегі Оразгүл Асанғазықызының 65 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өмірінің өзі өнеге» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты кештің шымылдығы халқымыздың қадірлі қызы Оразгүл Асанғазықызының өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілуімен ашылды. Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, қызметтің өрлеу баспалдағына өзінің қажыр қайратымен көтерілген Оразгүл Асанғазықызы күллі кейінгі толқынға, студент-жастарға үлгі екені сөзсіз. Ол – қазақ қыздарының қара шаңырағынан түлеп ұшқан, өсиетті өмір жолымен әрқашан оқу ордасының беделін өсіріп, мерейін асырып, өскелең өрендерге өміршең тәрбиенің бастауындай нәр беріп, ұлтымыздың рухани биігін аласартпай келе жатқан дара тұлға.

Сөз кезегін алған университет ректоры Д. Нөкетаева басты кейіпкер О. Асанғазықызының жүріп өткен өнегелі өмір жолына шолу жасап, өте мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін «Құрмет» ордені, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «ҚазКСР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі иегері, «Мәдениет қайраткері», ұшқан ұясының 70 жылдық мерейтойлық «Ұлағат» алтын медалімен марапатталған кеш иесі Қыздар университетінің «Құрметті профессоры» атағына ие болды. Мұндай зор құрметке лайық тұлғаны университет басшысы Д. Жүсіпәліқызы арнайы құттықтап, мантия кигізіп, куәлігін табыс етті.

Содан кейін көрермен қауымға Өнер және мәдениет факультетінің ән-күймен өрілген сазды бағдарламасы керемет көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, өнерлі жастардың сонау өткен ғасырдың аяғындағы жатақхана өміріне саяхат жасап, әзірлеген қойылымы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Әдемі сезімдерін бастарынан қайта өткізгендей күй кештірді. Бұл Оразгүл ханым мен оның жұбайы Жора Тайлыбайұлының қалай танысқаны, жүрек қылын тербейтін небір ыстық ықыластары, мөлдір махаббаты жайында болатын. Сахна төріне «Інжу-маржан» үйірмесінің студенттері шығып, кеш иесіне арнау-толғауларын оқыды. «Қыздар, қыздар», «Студенттік қоштасу», «Әдемі қыз», «Ой, жайлау», «Алматы» сынды әндер тамылжыта орындалып, «Томирис» би ансамблі мың бұрала би биледі.

«Тұлғатану жобасы» аясында ұйымдастырылып отырған салтанатты жиын студент-жастардың әуелі маман, сосын қоғам үшін қажетті тұлға ретінде қалыптасу үшін университет қабырғасында осындай мазмұнды кездесулердің өтуі өте орынды. Ұяда көргенін қияда қағидаға айналдырып, өткенді бүгінмен жалғай, қанаты талмай замананың көш керуенінен қалмай, елім деп елжіреп, халқым деп қалжырап, қайратына айбатын, ақылына абыройын таған етіп, еңбегі мен еңсесін тіктеп ұстаған Оразгүл Асанғазықызының өмірі мен еңбек жолы талай жасқа үлгі болғаны анық. Өзінің даңғыл дара жолы бар, көпшілікке өнеге болар айтулы тұлға сүйікті мамандығымен жұмыс істеп, қызметі мен отбасын қатар алып жүрді. Иә, Оразгүл Асанғазықызы өзінің еңбек жолында қарапайым, бірақ ең ұлы қызмет – мұғалімдіктен бастап, үлкен лауазымды қызметке дейін сатылай көтерілді. Ерінбей еңбек етті, талмай тер төкті. Өмір ағыны – түзу емес, бұралаң. Онда кездескен кез келген қиындықты табандылығымен жеңіп, сабырлығымен күте білді. Үнемі ел адамы бола жүріп, әйел адамның басты міндеті – өз отбасы жай-күйі, оны әсте ұмытпады, есте ұстады. Төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп, оларды оқытып-тоқытты. Үлгілі, көпбалалы отбасының іргетасын жолдасы Жора ағамен бірге қалады.

Өз кезегінде дүйім жұрттың қолпаштауымен сахна төріне көтерілген Оразгүл Асанғазықызы көпшілікке алғысын жаудыра келіп, «Өмірде бәрі қажырлы еңбек пен тынбай талаптану нәтижесінде келеді. Әр адам өз ісіне адал болып, жұмысын сүйіп істеуі керек. Жастар жалынды болып, бар жігерлеріңді жақсылыққа жұмсаңдар, білім алыңдар. Көп тіл уйренуге талпыныңдар. Оқудан еш жалықпаңдар. Сонымен қатар, қызбаланың басты мұраты қызметі мен отбасылық өмірін қатар алып жүруі керек. Жақсы жар тілеймін», – деп ақ тілегін білдіре кетті. Журналист Нәзира Байырбектің «Қайсарлық пен қайраткерлік» атты ғұмырнамалық жазбасы кітабын сыйға тартты.

Ұлтымыздағы небір аңызға бергісіз ұлы дала қыздары болғаны тарихтан белгілі. Әр заманның өзіне сай тұлғасы болатын болса, біздің заманымыздың қайсар қызы – Оразгүл Асанғазықызы. Ұлт тағдырын ойлап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, қазақ көші алға жүрсе екен, ұрпағымыз өрлей өссе екен, көсегесі көгерсе екен деп жүретін мақтаулы жан. Біз осындай айтулы түлегімізді мақтамаймыз, онымен мақтанамыз.

«Қыздар университеті» медиа орталығы