«Ы. Алтынсарин-2017» республикалық пәндік олимпиадасы өтеді

"Ақ желкен" журналының сайты

28 ақпан, 2017 жыл // http://zhasorken.kz/y-altynsarin-2017-respublikaly%D2%9B-p%D3%99ndik-olimpiadasy-%D3%A9tedi/

Ы.Алтынсарин олимпиадасы тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілмек.

Бұл пәндік олимпиада басқалардан өзгерек.

2017 жылдың 3 наурызында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастырумен еліміздің мектеп бітіруші оқушылары арасында «Ы.Алтынсарин-2017» республикалық пәндік олимпиадасы өтеді. Мектеп түлектеріне тегін білім, яғни грантты ұтып алуға мүмкіндік беретін, сонымен қатар қабілетті де дарынды оқушыларды қолдау мақсатындағы байқау биылғы жылы осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Бұл байқау өзге байқаудан өзгерек болмақ.

Атап өте кетейік, Қыздар университетінің басшысы Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау биыл тұңғыш рет республика бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде өткізілмек. Осыған орай биылғы байқау екі кезең бойынша өтеді.

Республика бойынша өтетін олимпиада облыстық білім Басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен бірлесе отырып Алматы облысы бойынша Алматы, Талдықорған, Жаркент қалалары, Кеген ауылдық округі, Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларында, Қызылорда облысы бойынша Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей қаласында, Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында, Батыс Қазақстан облысы бойынша Атырау, Орал қалаларында 2017 жылдың 3 наурызында өткізіледі. Білім сынағы республиканың барлық аумағында бірдей уақытта сағат 12.00-де басталып 15.30-да аяқталады.

Ал, халықаралық деңгейде өтетін Ы. Алтынсарин олимпиадасы 2017 жылдың 17 наурызында 5 мемлекетте өткізіледі: Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай және Ресей елдерінде. Қазіргі уақытта олимпиадаға қатысуға тілік білдіруші оқушыларды тіркеу жалғасуда. Айта кетейік, ниет білдірушілір ҚазМемҚызПУ ресми сайтында бекітілген форма бойынша онлайн режиминде тіркеле алады және олимпиада туралы толық мағлұматпен Қыздар университетінің сайтынан таныса алады (www.kazmkpu.kz).

Биыл олимпиадаға математика пәні қосылып отыр. Байқау әдеттегідей сегіз пән бойынша емес, тоғыз пән бойынша өткізіледі: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, тарих, химия және метематика. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші – 160 балл.

Шетелдік талапкерлер үшін Олимпиада ІІІ кезең бойынша өткізіледі:

1-тур – Қазақ тілінен тест тапсыру;

2-тур – Берілген тақырыптардың біреуін таңдап эссе жазу;

3-тур – Мәнерлеп оқу.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сәуір айында анықталып, марапатталады. Олимпиададан жоғары нәтижеге қол жеткізген қыз балаларға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне түсуге жол ашылады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы таңдаған пәні мамандығына сай келген және тестілеуге қажетті өту балын алған жағдайда оқу ақысына 90% жеңілдік беретін дипломмен марапатталады. Жүлделі орын алмағанымен, олимпиаданың жоғары деңгейінен өткендер ҚазМемҚызПУ-дың оқу төлемақысына 10% жеңілдікке құқық беретін сертификаттармен марапатталады. Ол оқу орнына бірінші кезекте қабылдануға құқық береді.

Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде, жеңімпаз атанған 11 сынып оқушыларымен қатар, оларға сапалы білім берген пән мұғалімдері, сондай-ақ, аймақтарда олимпиаданың өтуіне жағдай жасаған аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары қызметкерлері Ректордың алғыс хатымен марапатталады.

Олимпиаданың бірегей ерекшелігі – оған тек қана қыз балалар қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы өткен «Ы.Алтынсарин-2016» олимпиадасына 3500-ден аса мектеп бітіруші оқушылар қатысқан болатын Оның 24-і Ректор грантына ие болса, 10 пайыздық жеңілдікке 548 оқушы ілікті.

«Қыздар университеті»

медиа орталығы

8 (727) 2 79 38 05