Алматыда арулар ордасы Амал мерекесін атап өтті

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі

15 наурыз, 2017 жыл 09:52 // Авт. Алмас Мұқашұлы // http://www.inform.kz/kz/almatyda-arular-ordasy-amal-merekesin-atap-otti_a3008017

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 14 наурыз «Амал» мерекесін бүгінгі таңда Қазақстанның батыс аймақтары ғана емес, еліміздің барлық аймағында да атап өтетін болды. Ұлттық мереке, дәстүр, әдет-ғұрыпқа ерекше мән беретін Қыздар университеті де бұл мерекені жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл да таңнан Қыздар университетінің ұжымы бір-бірімен құшақ жая амандасып, айдан аман, жылдан есен шыққанына қуанып, ақ тілектер айтып, ән мен күй тербелген айрықша жағдайда атап өтті. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева мерекенің маңыздылығына тоқталып өтіп, барша қауымды көктемнің шуақты да, мерейлі мерекесімен құттықтады. «Бұл мерекеде дәстүр бойынша, ағайын әулеттің бас иесіне, ауыл-аймақ ауылдың үлкен ақсақалына, жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, хал-жағдайларын, отбасы амандығын сұрап, қол беріп көрісіп, «бір жасымен» құттықтап, ақ баталарын алған. Қандай керемет дәстүр. Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын қандай тамаша мереке. Біз дәстүрімізді сақтау, Ұлыстың ұлы күнін қадірлеу арқылы ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ете аламыз. Амал мерекесімен басталатын Наурыз елімізге құт-берекесімен, молшылығымен келіп, әрбір шаңыраққа қуаныш пен шаттық сыйласын. Баршаңызға дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге мол табыс, отбасыларыңызға қуаныш пен шаттық, бақыт пен береке тілеймін!», - деді Д.Нөкетаева. Көрісумен басталған амал мерекесі бір емес, Арулар ордасының бірнеше ғимараттарында атап өтілді. Өнерпаз қыздар әннен шашу шашса, жігіттер күмбірлете күй шертті.

Автор: Алмас Мұқашұлы