Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Алашорда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері талқыланды

«Qamshy.kz» ақпарат агенттігі

16 наурыз, 2017 жыл //http://qamshy.kz/home/show/16453

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алашорданың 100 жылдығына арналған «Нұрпейіс оқулары» аясында «Алашорда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті деп хабарлайды qamshy.kz.

Конференцияның ашылу салтанатында университеттің бірінші проректоры Алиев Баһадүр Әзімжанұлы сөз сөйлеп, конференция ұйымдастырудың мақсаты жайлы: - Осы өткізіліп отырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Алаш қозғалысының тарихи маңызын, ХХ ғасырдағы қоғам қайраткерлерінің саяси қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелерін, дүниежүзі тарихын зерттеу және оқыту мәселелерін зерттеушілер мен жас ізденушілерге үлкен қызығушылық тудыратыны анық. Сол себепті де конференция Алаш қозғалысына ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер мен Алашорданың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды,-деді. Проректордың сөзінен кейін кезек баяндамашыларға берілді. Мінберге Ш.Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология иснтитутының бас ғылыми қызметкері Алдажуманов Хайдар Сейсенбайұлы шығып, «Академик Кеңес Нұрпейіс және ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихнамасы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми мұрасы мен дүниежүзі және Отан тарихын зерттеудегі орасан зор еңбектері жайлы тың деректерге кеңірек тоқталды. Жапонияның Цукуба университетінен келген PhD доктор Ниномия Такаши «Қазақстан-Жапония қарым-қатынасына 25 жыл» тақырыбында сөз сөйлеп, Қазақстан мен Жапонияның тарихи, мәдени байланысының тамыры тереңде жатыр деген қорытынды ой айтты. Алматы университетінің ректоры, т.ғ.к., Шілдебай Сәбит Қамытбекұлы «Алаш партиясы және Қазақстандағы топшылдық күрес» жайлы баяндады. - 1920-1927 жылдар аралығында Қазақстанда орын алған тарихи оқиғалар мен құбылыстар барысында Қазақ АКСР-інің мемлекеттік билік органдары Орталықтың отарлық саясатын жүзеге асыратын институттарға қалай айналғандығын мұрағат құжаттары негізінде ашуға тырысамыз,-деді өз сөзінде баяндамашы. Сонымен қатар, тақырыптың мазмұнын аша түсу үшін төмендегідей сұрақтарды қою арқылы Қазақстандағы топшылдық күрестің пайда болу тарихына үңілді. 1) Алаш партиясының жетекшілері большевиктермен неге күресті? 2) А.Байтұрсынов бастаған Алаш партиясы өкілдерінің бір бөлігі неге Кеңестер жағына өтіп, РКП(б) құрамына кірді? 3) Қазревком төрағалығына қазақ неге тағайындалмады немесе қазақтар неліктен қазақ төрағаға қарсы болды? 4) Қазақ АКСР-індегі мемлекеттік-партиялық билік номенклатурасында қазақтар жетекші рөлге ие болды ма? 5) Қазақ АКСР мемлекеттік билік жүйесіндегі қазақтар неге топ-топқа бөлініп, өзара күрес жүргізді, мұндай келеңсіз құбылыс қайдан басталды? Аталған сұрақтарға ғылыми негізде нақты деректерді келтіру арқылы жауап берді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор Смағұлова Светлана Өтепқызы «К. Нұрпейіс еңбектеріндегі Алаш мәселесі: Тұлғалар тағдыры» жайлы үлкен мәселе көтерді. Әсіресе, Алаш тарихын зерттеуге қомақты үлес қосқан, Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан ұлт зиялыларының өмірін жеке қарастырған ғалым ретінде баса айтылды. Бесінші болып мінберге Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, т.ғ.к. Тақабаева Бота Маратқызы шығып, «Кеңес Нұрпейістің Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесі» жөнінде жақсы баяндама жасады. Конференция барысында 4 секция жұмыс істеді. Атап айтқанда: 1-секция. Алаш Орда және қазіргі заман: идеялар сабақтастығы; 2-секция. «Алаш» қайраткерлерінің тарихи тағдыры; 3-секция. Жастарды тәрбиелеудегі Алаш қозғалысының рөлі; 4-секция. ХХ ғасырдың басындағы саяси және қоғамдық қозғалыстар. Конференцияға алыс-жақын шетелдер мен республикамыздың барлық аймақтарынан келіп қатысқаны қуантты. Осындай ауқымды ғылыми-практикалық конференциялардың танымдық пайдасы мол. Барлық қатысушылар өздерінің білімі мен тәжірибесін, жаңа әдістерімен пікір алмасып, ой бөлісуі болашақта Алаш тақырыбының жандана түсуіне өз септігін тигізері анық.

«Қамшы» сілтейді