Алаш орданың 100 жылдығы Қыздар университетінде талқыланды

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі

18 наурыз, 2017 жыл 15:48 //Авт. Алмас Мұқашұлы // http://www.inform.kz/kz/alash-ordanyn-100-zhyldygy-kyzdar-universitetinde-talkylandy_a3009283

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Қыздар университетінде Алаш орданың 100 жылдығына арналған «Алаш орда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Алаш қозғалысының ғасырлық тойы - Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. «Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын сарп еткен асыл азаматтардың тарихын қайта парақтап, ақтаңдақтардың шынайы бетін ашып, заман талабына сай зерделеудің маңызы зор. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жастарға Алаш идеясын ұстанған ұлттық-демократиялық зиялылардың саяси қызметі мен ұлттық партия құру идеяларын дәріптеу және осы идеяларды бойларына сіңіре отырып ұлтжандылыққа тәрбиелеу», -дейді шара ұйымдастырушысы, Тарих кафедрасының меңгерушісі Ләззат Қожекеева. Оның айтуынша, шара дәстүрлі «Нұрпейіс оқулары» аясында өтті. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына тарихшы ғалымдар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Жапонияның Цукуба университетінің, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің, «Алматы» университетінің, «Интеллект Орда» Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді ықпалдастыру институтының, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің және еліміздің т.б. ЖОО-ларының тарих пәнінің ұстаздары мен ғалымдары қатысты. Конференция барысында бүкіл еңбек жолы мен кызметін Қазақстанның тарих ғылымына, Алаш мәселесін, Алаш қайраткерлерінің тұлғасын терең зерттеуге арнаған, Қазақстан ғылымының өркендеуі жолында тер төккен, әрі осы саланың өркендеуіне үлес қосқан көрнекті ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарынын докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейістің еңбегі ұшан-теңіз екендігі кеңінен айтылды. Атап өтейік, конференция аясында арнайы жинақ жарық көрді. «Алаш орда және қазақ мемлекеттілігінің мәселелері» деген атпен шыққан конференцияның материалдар жинағына Алаш орданың 100 жылдығына және қазіргі Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы ғылымдарының өзекті мәселелеріне арналған ғылыми мақалалар топтастырылды.

Автор: Алмас Мұқашұлы