Г.Әбдіқалықова «Әйелдер ұйымдарының жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» атты республикалық конференцияға қатысты

«Хабар» телеарнасы

21 сәуір, 2017 жыл // http://khabar.kz/kz/news/saysat/item/79684-g-bdi-aly-ova-jelder-jymdaryny-zhastar-arasynda-y-dini-ekstremizmni-aldyn-aluda-y-r-li-atty-respublikaly-konferentsiya-a-atysty//

Діндар адамдардың радикалдануына ықпал ететін негізгі ақпарат көзі интернет болып отыр. Биылғы бірінші тоқсанда қазақстандық интернет кеңістікте терроризм және экстремизм идеяларын тарату бағытындағы 100 мыңнан астам дерек анықталып, оларды жою шаралары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы арқасында былтырғы 6 ай ішінде экстремизм және терроризм нышаны бар 315 қылмыс тіркелген. 12 экстремистік актінің жолы кесілді. Мемлекет тарапынан халықтың түрлі топтарының арасында мақсатты түрде алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың 32%-ы арнаулы сауықтыру шараларымен қамтылды. Мұнан бөлек, шет елдегі лаңкестік топтардың қатарына қосылмақ болған 91 отандасымызға тосқауыл қойылды. Ал, діни экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін 123 азамат сотталған. Алматыдағы қыздар педагогикалық университетінде өткен «Әйелдер ұйымдарының жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы рөлі» атты конференцияда осындай деректер келтірілді. Жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, Елбасы жолдауындағы маңызды міндеттің бірі елдегі жат ағымдарға жол бермеу үшін үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктердің белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Арман Қырықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары: -Қазіргі кезде жастардың арасындағы діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын әйелдер ұйымдарының ролімен байланысты қарау – жаңа бетбұрыс, бұл тыңнан салынып жатқан жол. Бұл әлі де тиісінше зерттеуді, талдауды қажет ететін сала деп айтуға болады. Бірақ қазақ қоғамында әйелдердің, аналардың рөлі қашанда жоғары болған.