Қателік
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 262

Ыбырай Алтынсарин олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

«Егемен Қазақстан» газетінің сайты

24 сәуір, 2017 жыл// Авт. Мира Байбек // https://egemen.kz/article/%E2%80%8Bibyray-altynsarin-olimpiadasynynh-zhenhimpazdary-anyqtaldy

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінде еліміздің мектеп бітірушілері арасында өткен халықаралық «Ы.Алтынсарин – 2017» пәндік олимпиадасы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Айта кетсек, мектеп түлектеріне тегін білім, яғни грант ұтып алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ, дарынды оқушыларды қолдау мақсатында биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған Ы.Алтынсарин олимпиадасы 3 наурыз күні Білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен бірлесе отырып республикамыздың бірқатар облыстарында, ал 17 наурыз күні алғаш рет халықаралық деңгейде Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия елдерінде өткізілген еді. Елімізде өткен аталмыш байқау қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, тарих, химия және метематика пәндері бойынша өткізілсе, шетелдік талапкерлер қазақ тілінен тест тапсыру, эссе жазу және мәнерлеп оқу бойынша 3 кезеңнен тұратын сыннан өтіп, бақтарын сынады. Ең жоғарғы көрсеткіші 100 баллдық білім сайысы 2012 жылдан бері Қыздар университетінің басшысы Динар Нөкетаеваның бастамасымен өткізіліп келеді. Биылғы «Ы.Алтынсарин-2017» пәндік олимпиадасына еліміздің барлық облыстарынан 4000-ға жуық оқушы қатысса, шет елдерде өткен білім сынағына 500-ден астам мектеп оқушылары қатысқан. Олимпиада қорытындысы бойынша шет елде өткен білім сайысында 22 оқушы, республика бойынша 27 оқушы жеңімпаз атанды. Еліміздегі олимпиада деңгейінен өткен 1253 қатысушы Қыздар педагогикалық университетінің оқу төлемақысына жеңілдік беретін арнайы сертификаттармен марапатталды. Аталмыш сертификатқа шетелдік 136 мектеп бітіруші ие болды. Салтанатты марапаттау рәсіміне университет басшылығымен қатар, еліміздегі олимпиада жүлдегерлері, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолияның жеңімпаз атанған оқушылары мен олардың ата-аналары, ұстаздары қатысты. Алғаш рет халықаралық деңгейде өткен олимпиада жеңімпаздарын марапаттау құрметі елімізге белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбеновке берілді. «Көп жылдық тарихы бар, беделі бар айрықша оқу орнының бұл олимпиаданы өткізуі үлкен маңызға ие. Еліміздегі педагогика саласын дамыту, оның ішінде әр пән бойынша жақсы мамандар дайындау, барлық кезде бар жағынан алдыңғы қатарда болу кез-келген оқу орнының қолынан келе бермейді. 60 мыңнан аса педагогтарды дайындап шығарған киелі шаңырақ – Қыздар университеті Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1 орынға ие болып қана қоймай, QS Stars University Ratings халықаралық рейтингісі бойынша үш жұлдызды тұңғыш қазақстандық педагогикалық университет атанып отыр. «Ұстаздар ұстаханасы» саналатын Қыздар университетінің қазақ қыздарына шет елде білім алуға мүмкіндік беретін Қосдипломды білім беру бағдарламасының енгізілгені қуантты. Бұл олимпиаданың Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде өтуі жастарға берілген үлкен мүмкіндік», – деді Мұрат Әбенов. Шара барысында «Talent Management Centre» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Дидар Болтаев, Өзбекстан Республикасының Қазақ мәдени орталығы, Білім және ғылым департаменті төрағасының орынбасары Клара Садырбаева, Монғолия Республикасы Баян-Өлгий аймағы Білім, мәдениет, өнер басқармасының қазақ тілі маманы Әсемгүл Ибрагимқызы және өзге де қонақтар сөз сөйлеп, шетелдік қандас қыздарымызға беріліп отырған үлкен мүмкіндіктер үшін оқу орнының басшылығына ризашылықтарын білдірді. «Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуда мәдениет, спортпен қатар, білім саласындағы ынтымақтастық шараларының да орны ерекше. Біз шетелдегі ағайындардың балаларын да сырт қалдырмай, өз отандарында білім алуға мүмкіндік беріп отыған Қыздар университеті басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз», – деді өзбекстандық қонақ Клара Садырбаева. Өзбекстан Республикасы бойынша бірінші орын жеңімпазы Меруерт Пернеева мен Моңғолия Республикасы бойынша бірінші орын иегері, Баян Өлгий аймағы, Руханият мектебінің 12 сынып оқушысы Жүзік Төлеухан тебірене сөз сөйлеп, қуаныштарын жыр жолдарымен жеткізіп, арнау өлеңдерін оқып берді. Шара аясында қонақтар университет кампустарын, кітапхана мен спорт кешендерін аралап, әр мамандық туралы толық мағлұмат, ұсынылатын жеңілдіктері туралы ақпараттар алды.

Мира Байбек, «Егемен Қазақстан» Алматы