Динар Нөкетаева, ҚазмемқызПУ ректоры: «Жақсы кадр – мемлекетіміздің болашағы»

«Білім айнасы» газетінің сайты

24 сәуір, 2017 жыл // http://bilimainasy.kz/?p=7639

Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

университетінің ректоры

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесі мен біліміне мықты көңіл бөлінуі қажет. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғамның, халықтың болашағына үміт артатын сенімді өкілі. Сол себепті осы салада жақсы кадр дайындауға ат салсуымыз қажет.

Қазақстанның барлық облыстарында мектеп бітірушілерге арналған кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Университетте кәсіби бағдар жұмысын жүргізетін арнайы ЖОО дейінгі білім беру мен Мансап бөлімі жұмыс жасайды. Қыздар университеті Алматы қаласы білім басқармасымен және «Современное образование» қоғамдық қорының ұйымдастырумен Алматы қаласы мен Алматы облысы мектептерін аралап, кәсіби бағдар жұмысын жүргізеді және бұл жұмыс жыл бойы жалғасады.

Қыздар университетіндегі кәсіби бағдар жұмысының ең ауқымдысы – бұл дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Ы. Алтынсарин -2017» пәндік олимпиадасы. Республикалық олимпиада еліміздің мектеп бітірушілері арасында қабілетті, дарынды оқушыларды қолдау, зейінді, зеректі, ынталы, білімді жастарды ұрпақ тәрбиесіне, ұстаздық жолға ынталандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі. Олимпиада мектеп бітірушілер үшін ҰБТ-нің тоғыз пәні бойынша өтіледі: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы, химия және математика.

Мағжан Жұмабаев «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдікі» деген.

Сондықтан қоғамымызда мұғалімге қамқорлық жасасақ, қадірлі жанның мәртебесін асқақтатсақ, ел болашағы дейтін жастарымыз өздігінен осы мамандықты таңдары хақ.