Өзбекстанда «Ы.Алтынсарин-2017» халықаралық пәндік олимпиадасы өтті

«Qazaq-alemi.kz» дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сайты

1 сәуір, 2017 жыл // Авт. Ерлік Ержанұлы // http://www.qazaq-alemi.kz/more?page_id=18&id=2937//

Өзбекстанның Ташкент қаласында 1 сәуірде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ы.Алтынсарин-2017» халықаралық пәндік олимпиадасы өтті. Оны Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі Ерік Өтембаевтың қолдауымен Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы Білім және ғылым бөлімі төрағасының орынбасары Клара Садырбаева ұйымдастырды.

ТМД елдеріндегі қыздарға арналған бұл бірегей жоғары оқу орнының дарынды, қабілетті оқушыларды қолдау мақсатында, мектеп бітірушілер арасында өткізелетін бұл олимпиадасы Өзбекстанда биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ұйымдастырылған бұл шараға Өзбекстан қазақтары арасынан колледж, лицейлерден 50 бітіруші қатысты. Енді жеңімпаздардың есімі 22 сәуірде Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ресми түрде жарияланып, университет ректорының гранты табыс етілетін болады.

Ерлік Ержанұлы