Орақтұмсық

«Ана тілі» ұлт газеті

12-бет, №17 (1379), 28 сәуір-4 мамыр, 2017 жыл// Авт. Төлеужан Әбішева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті // http://anatili.kazgazeta.kz/?p=42631

Қазақ халқы өсімдіктер мен жануарларға олардың ерекшеліктері мен тіршілік әрекеттеріне сәйкес атаулар беріп отырған. Мұны біз құс атауларынан да жиі кездестіреміз. Атап айтқанда, қараторғай, бозторғай, ақ дегелек, ақбас тырна, қара дегелек, сақалтай, тұйғын, қараша қаз, сүңгуір үйрек, қайшыауыз, ақбас үйрек және т.б.

Ресей, Беларусь, Эстония, Жаңа Зелан­дия сынды көптеген елдерде әрбір жылды сол елдің аумағындағы сирек кездесетін құс түрімен атау бел­гіленген. Қазақстанда бұл дәстүр Биологиялық алуан түрлілікті сақтау қауымдастығының және Қазақстанның құстарды қорғау Одағының ұсынысымен 2006 жылдан бастап арнайы аталып келеді. Мысалы, орақтұмсық 2015 жылы жыл құсы деп белгіленді. 2006 жылы – тарғақ, 2007 жылы – қыстау қарлығашы, 2008 жылы – сұр тырна, 2009 жылы – егістік бозторғай, 2010 жылы – кәдімгі караторғай, 2011 жылы – үлкен сары шымшық, 2012 жылы – дала қыраны, 2013 жылы –шиқылдақ қаз, 2014 жылы – ақбас үйрек таңдалды.
Орақтұмсық – ұшатын құстардың татреңтектестер тобына жататын жалғыз түрі. Оның дене тұрқы орташа, бойының биіктігі – 40 см, ал салмағы 280-300 грамм. Қанаттарының шалымы 60-70 см. Ұзынша әрі жіңішке қызыл түсті тұмсығы төмен қарай орақ тәрізді иіліп келгендіктен орақтұмсық деп аталған.
Олар Орталық Азияның теңіз деңгейінен 2000-3000 метр биіктігіндегі өзен аңғарларында өмір сүреді. Жыл он екі ай бойы бір орында қоныс аудармай тіршілік етеді, тек ауа райы күрт өзгерген жағдайда ғана өзен аңғарларының төменгі ағысына қарай жылжып, орын алмастырады.
Денесіндегі қауырсындарының түсі әртүрлі. Жон арқа тұсындағы қауырсындары сұрғылт, ал құрсақ жағындағы қауырсындары ақ түсті. Тұмсығының түбіндегі, көзінің айналасындағы, иегіндегі, маңдайы мен төбесіндегі қауырсындары шымқай қара түсті. Мойны мен тұлғасының шекарасында көлденеңінен жартылай шеңбер тәрізді орналасқан қара жолағы айқын байқалады. Тұмсығы мен аяқтары қызыл. Қауырсындарының түсіне және тұмсығының пішініне қарап, оны басқа құстардан бірден оңай ажыратуға болады.
Орақтұмсық Тянь-Шань, Гималай, Памир – Алтай, Оңтүстік Тибет және Солтүстік – Батыс Қытайдың Биік ­тауларында кең тараған. Солтүстік және Орталық Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Күнгей және Теріскей Алатауларындағы Тентек, Лепсі, Асы, Шелек, Көкжар, Қарқара, Кеген, Шалкөде, Текес және Байынқұл өзендерінің аңғарларында кездеседі.
Тіршілік әрекеті көп уақытқа дейін толық зерттелмей келген болатын. Ұясын алғаш рет 1957 жылы ғалымдар Қырғыз Алатауынан тапты. Қазақстанда орақтұмсықты зерттеуге көп еңбек сіңірген қазақстандық көрнекті орнитолог ғалым – Анатолий Федорович ­Ковшарь екендігін ерекше атап өткен жөн. Ғалым 1977-1978 жылдары Іле Алатауының өзен аңғарларындағы ұясын, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде анықтап орақтұмсықтың тіршілік әрекеті туралы ғылыми құнды деректер жинақтады. Бұл жөнінде шағын ­метражды кинофильм 1979 жылы түсірілді.
Бір айта кетерлігі, орақтұмсық жақсы ұшады, ұшқан кезде жалпақ әрі доғал­данып келген қанаттарын сирек қағады. Көп жағдайда дыбыс шығармайды, тек балапандарына қауіп төнген кезде ғана оқтын-оқтын дірілдегендей әлсіз дыбыс шығарып, жауынан қорғанады.
Ұялары бір-бірінен 300-400 метр қашықтықта орналасады. Ішіне ұсақ малтатастар төсейді. Әрбір ұяда көбінесе 3-4 жұмыртқа болады. Жұмыртқаларының түсі жасылдау әрі ұсақ қызыл, сұр түсті дақтары болады. Балапандары үлпілдек қауырсынды. Ширақ қимылдайды. Тұмсықтары алға­шында сұр түсті, әрі тік болып келеді, тек өсе келе иіліп, қызыл түске ауы­сады. Қауіп төнген кезде жан-жаққа таралып, малтатастарының ара­сында қозғалмай тығылып жатып қорғанады.
Тіршілік иесі жіңішке иілген ұзын тұмсығының көмегімен өзен суындағы тастардың арасынан бір күндіктердің, жылғалықтардың, инеліктердің, ұсақ өзен шаяндардың ересектерімен және олардың дернәсілдерімен қоректенеді.
Орақтұмсық сирек кездесетін­діктен әрі саны аз болғандықтан Қазақстанның, Қырғызстанның, Тәжікстан­ның және Алматы облы­сының (2006) қызыл кітаптарына тіркелеген және өте қатаң түрде қорғауды қажет етеді. Алматы, Алакөл табиғи қорықтарында және Іле Алатауы мен «Көлсай көлдері» ұлт­тық табиғи саябақтарда қорғалады. Оны қорғау үшін жергілікті тұрғындар ара­сында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.

Төлеужан ӘБІШЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің доценті