Парасат мектебіндегі ұлық мереке

«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газеті

6-бет, №49 (5398), 27-сәуір, 2017 жыл // Авт. Рая Ескендір //

Қазақ мемлекеттіәк қыздар педагогикалық университетінде 21 сәуір «ақ түйенің қарны жарылған» күн болды. Иә, Ару қыздар мекенінде ұлыстың ұлы – әз-Наурыз мейрамын тойланды. Білім шаңырағына кіргеннен алқызыл көркейген әлем көздің жауын алды. Небір әдемі болып тігілген киіз үйлер, айналасында ұлттық киім киген қызметкерлер мен студент-қыздар анадайдан менмұндалап, өзіне тарта түсті. «Ұлар» ансамблінен тұратын өнерлі қыздар домбырамен күмбірлете күй тартып, мың бұрала билеп, ауылдың алты ауызын шырқап кеп жібергенде, аспан әуелеп тұрғандай сезілді. Тіпті осындай ниеті түзу халық үшін табиғат-ана да тамаша ауа райын сыйлап, күн шуағы төгіліп тұрды.

Университет шеберлерінің қолынан шыққан төл туындыларынан ұйымдастырылған «Қазақтың қолөнері – төл өнері» атты арнайы жасақталған көрме еріксіз мойын бұрғызды. Оны аралап жүріп, осындай бай мұрасы бар халықтың баласы екеніңе дән риза боласың, шүкіршілік айтасың. Ал, кең жайылған дастарханда қазақ халқының ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарын қайта шығарып, одан дүйім жұртшылық ауыз тиіп, тамсанып өз бағаларын беріп жатты. Сондай-ақ, қонақтар мен жиналған қауым киіз үйдегі ақ дастарханнан ұлттық тағам – «Наурыз көжеден» дәм татты.

Осындай керемет көріністерді тамашалай келіп, Арулар ордасындағы «Ақ шатырда» «наурыз – берекем, наурыз – мерекем» атты концерттік бағдарламаны көруге мүмкіндік туды. Өнерлі қазақ халқының ұрпағы қалай ұлттың бойына дарыған ұлы өнерін қалай паш етпей тұра алады?! «Сен тұр, мен атайын» деп тұрған өнерпаздар әуезді ән, күй, би сынды бар өнерлерін ортаға салып, жарқ-жарқ ете түссе, делебең қосып, қосыла кеткің кеп кетеді. Ұлтымыздың күллі әдет-ғұрып, салт дәстүрін еске түсірген факультетаралық қойылымдар көрермендерді бір серпілтіп тастады. Тілге тиек етер болсақ, Физика-математика факультеті «Құда түсу» салтын көрсетсе, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті «Қыз ұзату», «Беташарды» сахналағанда нақ той үстінде отырғандай, керемет көңіл-күйде болады екенсіз. Педагогика-психология факультетінің «Құрсақ шашуы» мен Жаратылыстану факультетінің «Бесікке салу» және Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті ұжымының «Тұсау кесу» салттарына арналған қойылымдарын көргенде, дәстүр жаңғырғандай әсем күйге еніп, неге дәл бүгінгі таңда да осы әдет-ғұрыпты қайта қалпына келтірмеске деп, қынжылғандар да аз болған жоқ. Қазақ – ұлы халық, мұндай ұлттың ұрпағы болу – кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Міне, осындай тәлім-тәрбиесі мен мән-мазмұны зор сахналық қойылымдар әсіресе, жас қыздар – болашақ аналарға үлкен ой салып, жүректегі нәзік қылдарын бір тербеп өткені анық.

Мерекелік кеш ұлттық ойындармен жалғасын тауып, «арқан тарту», «асық ату», «тымақ ату», «тоғызқұмалақ ойыны» тәрізді ұлттық ойындармен жалғасын тауып жатты.