Айгүл Қосанова дәстүрлі ән кешін сыйлады

«Қала мен Дала» республикалық қоғамдық, әлеуметтік-саяси басылым

11-бет, №17 (126), 5 мамыр, 2017 жыл // «Қыздар университеті» медиа орталығы

Қыздар университетінде «Тұлғатану» жобасы аясында елімізге белгілі дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосановамен кездесу өтті.

Кездесу аясында әншілікпен қатар ұстаздықты бірге алып жүрген Айгүл Қосанова өз шәкірттерімен концерт беріп, дәстүрлі ән кешін сыйлады.

Сыр сұхбат түрінде өткен кездесуде студент жастар әншінің өмірі, өнерлік жолымен танысып қане қоймай, халық әндерімен де сусындап қайтты. Дәстүрлі әндерді нақышы мен мәнеріне сай орындап, өнерсүйер қауымның үлкен ықыласына бөленіп жүрген Айгүл Қосанова кездесуде өнерге баулып жүрген талантты шәкірттерін таныстырып, жас өнерпаздардың тұсауын кесті.

«Дәстүрлі өнердің қаймағы саналатын қазақтың ән өнері – халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы. Бүгінде рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, жан дүние сұлулығын, мейірімін, ізденісі мен махаббатын, іңкәр ықыласын, дәстүрлі ән өнерін бүгінгі ұрпағымызға жеткізу біздің мақсатымыз», дейді А.Қосанова.

Сан ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бір арнасы дәстүрлі ән өнері. Қазақтың дәстүрлі әндері, аймақтық ерекшеліктеріне байланысты, мектептерге бөлінген. Арқа, Батыс, Жетісу, Сыр өңірі. Соның ішіндегі Батыс әншілік мектебінің ізін қалыптастырушы, дарабоз әнші, ақын Мұхит Мералыұлының халық арасына кең тараған «Паңкөйлек», «Үлкен Айдай», «Көк Айдай», «Дүние», «Ақ Иіс» әндері концертте жас дәстүрлі әншілердің орындауында шырқалды. Дауыс ырғағы ерекше, кең диапозонымен ерекшеленетін Мұхит әндерінен «Айнамкөз» әнін Айгүл Қосанова өз орындауында шырқап, көрермендердің үлкен қошеметіне ие болды. Кеште сонымен қатар, «Адайдың жеті қайқысы» атанған маңғыстаулық 7 өнерпаздың: Жаңай Өскінбай, Медет Жылкелді, Мая Досат, Кенже Әділ, Майлан Шолтаман, Сүйіндік Тастемір, Қаржау Тұрсынның әндері орындалды.

Маңғыстау мектебі Батыс ән мектебіне кіргенмен саздарында, қағыстарында, сөздерінде өзіндік ерекшеліктері басым. Көбіне Маңғыстау әндері кең тыныста, жәй ырғалып орындалады. Өнер адамдарын Сарыарқа жағы «сал-сері» десе, Сыр бойы Оңтүстік жағы «Сүлей» дейді. Ал Батыста, оның ішінде Маңғыстауда әйел өнерпаздарды «сәйкі», ер адамдарды «қайқы» дейді. Адайдың жеті қайқы әндерінен соң көрермендер Маңғыстау ән мектебінде жеті қайқыға кірмейтін, тарих бетінде есімі қалған Қайып Қорабайұлы, Бақажан Қойшыбайұлы, Хамит Өскінбайұлы, Ақтан Керейұлы, Беріш Қазихан, Қожантай Қойбас сынды әншілердің «Жадау көк», «Сусар-ай», «Көк жөтел», «Дауылымпаз» әндерін тыңдады.

Айта кетейік, Маңғыстау өңірінде сонымен қатар жыршылық дәстүр жақсы дамыған. Маңғыстау өңіріндегі жыраулық дәстүрдің қалыптасуына үлкен себеп болған адайдың 5 жүйрігі. Олар: Абыл, Ақтан,Нұрым Қашаған, Аралбай. Кеш ажарын атадан балаға мирас болып келе жатқан киелі өнер түрі – терме-толғаулар орындалған бөлім аша түсті. Жас дәстүрлі әншілер Исаев Нұрболат «Махамбеттің термесін», Құлжарасова Әйгерім «Сартайдың термесін», Тұрғалиев Ғибадат «Наурызбектің термесін» нақышына келтіре орындап, батыс термелеріннен шашу шашты.

Кеште сондай-ақ, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің «Желкілдек», «Сүйген жар», «Шымыр», «Ахау құмған», «Асыл қарға», «Айтжан-ай», «16 ыз», «Әдемі қыз», «Сәлем» атты бізге жеткен әндері шырқалды.

«Ғарифолла Құрманғалиев Батыс Қазақстанның әншілік мектебін бүгінгі заманға дейін мүлтіксіз жеткізіп, кең тынысты әннің асқан шебері болған Мұхит әншінің өнерін жалғастырды. Батыстағы көптеген өңірдің ұмытылып бара жатырған әндерін, халық арасына қайтадан жоғарғы деңгейде насихаттап, Батыс әншілік мектебіне жаңа толқын болған әрі әнші, әрі термеші әрі композитор сонымен қатар көптеген рөлдерді сомдаған Қаратөбе өңірінің тумасы. Ғарекеңнің өзіндегі асқан шеберлікті айқындайтын тағы бір қыры бұл Батыс ән мектебінен бөлек Арқа, Жетісу ән мектебіндегі әндерді Батыс қағысы мен иіріміне салып ерекше қырын танытқан», деді қазақ мәдениетіне өшпес із қалдырған дарын иесі туралы А.Қосанова.

Тағылымды-тәлімді кеш соңында Өнер және мәдениет факультетінің деканы Гүлнұр Өмірбаева қазақтың көркем әндерімен сусындатып, алтын уақытын бөліп келген елімізге әйгілі әнші Айгүл Қосановаға және қазақтың салт-дәстүрін, дәстүрлі ән өнерін жаңғыртуға үлес қосып жүрген жас әншілерге үлкен алғысын білдіріп, гүл шоғын табыс етті.

Кездесу арқылы отансүйгіштік қасиетті дарытатын, тәрбиелік мәні терең ұлттық мұрамыз – ән мен күйді, терме, толғауларымызды дәріптеу, насихаттау және жақсы көңіл күй сыйлау мақсатындағы шара жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бірден-бір септігін тигізері сөзсіз.

«Қыздар университеті» медиа орталығы