Күншілдік – руханияттың қас жауы / Рухани құндылықтардың адам еркіндігі әсері және оның жалпыұлттық мәні

«Түркістан» халықаралық саяси апталық газеті

6-бет, №20 (1190), 18 мамыр, 2017 жыл // Авт. Сәуле Сыздықова, Райса Саурбаева, ҚазМемҚызПУ, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің аға оқытушылары

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мақаласында рухани жаңғыру мен құндылықтарға ерекше мән бергені қуантады. Олай болса, біз рухани құндылықтардың адам еркіндігіне ықпалы мен оның жалпыұлттық мәнін ашып, зерттеп қарастырайық.

Жеке адамның еркіндігі мен бостандығы тарихи дамудың барлық кезеңдерінде нағыз өзекті мәселе болды. Мыңдаған жылдар бойы адамзат еркіндік пен бостандықты аңсады. Адамның басты рухани құндылығы еркіндік пен бостандықта көрініс табады. Демек, жеке адам бостандығы оның мемлекеттегі рухани құндылықтармен тығыз байланысты. Мемлекет құқықтық нормалар арқылы адамның өзі қалауына сай іс-әрекеттерінің шегін айқындайды. Сонымен қатар мемлекет жеке адамның осы бостандығына біреулердің шектейтін әрекеттерінен қорғауы тиіс.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мақаласын талқылау кезінде оның рухани еркіндік пен бостандықтың жағдайларын, яғни алғышарттарының дамуын көреміз, «біріншіден, рухани жаңғырудан, оның ішінде ұлттық сана мен жаңғырған қоғамнан, халықтың бәсекелік қа¬бі¬летінен, цифрлы Қазақстаннан, үш тілде білім беру және прагматизмнің қасиеттерінен, ұлттық бірегейлік пен жаңа гуманитарлық білімді жаңалаудан, патриотизмді нығайту, қалыпты және шынайы патриоттық сезімнің қалыптасуынан, латын әліпбиінен, тіпті, қоғамдық сананы қалыптастырудағы рухани жаңғырудың негізгі бағыттарына жан-жақты талқылағанын көреміз.

Шындығында, Президент мақаласында рухани жаңғыруға бағытталған айтарлықтай шаралар белгіленген. Адамның рухани еркіндігі, алдымен қоғамның әрбір мүшесінің дүниежүзілік мәдениеттің қазынасын творчестволықпен игеру мүмкіндігінде. Творчестволық ойлау, өміршең туынды жасау мағлұматты жай ғана догматтық, көрбілте, керенаулықпен игеру емес. Рухани еркіндік дегеніміз – мәдениет пен творчестводағы анархия да емес, қайта ол ойдың заттық объективтік логикасына сәйкестігі, партиялық басшылық пен творчестволық туындыға жауапкершілікті жоққа шығармайтын объективтік қажеттілікті, қоғамдық борышты білу болып табылады. Адамның ұлттық тілінен, ұлттық болмыс-бітімінен, ұлттық ерекшеліктерінен, ұлттық мәдениетінен, ұлттық өнерінен, ұлттық тарихынан, ұлттық танымынан, ұлттық сана-сезімінен, ұлттық рухынан, ұлттық құндылықтарынан – ұлттың рухани еркіндігі көрініс береді. Сонда рухани еркіндік дегеніміз, қандай да бір халықтың өзіне тән ерекше құндылықтарын сақтай отырып, барша адамзаттың қол жеткізген, прогресс әкелетін құндылықтарын пайдаланып, ұлттың мемлекет құру еркіндігіне қол жеткізу деген сөз.

Адамдардың рухани байлығы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінің даму дәрежесіне тікелей байланысты. Әлеуметтік және тарихи ортадан тыс, белгілі бір дәуірге, формацияға, тап пен әлеуметтік топқа, ұлтқа қатыссыз жеке адам жоқ, болуы да мүмкін емес. Әр адам өз дәуірінің, белгілі бір қоғамның мүшесі.

Рухани байлық пен еркіндікті, тіпті сауыққойлық пен құмарпаздық, жалаң білгіштікті «пысық» болуда деп түсінетіндер де бар. Рухани байлықты мұнша тым жұпынылауға болмайды. Тек өз қара басын ойлайтын, ешқандай қоғамдық міндетті мойындамайтындар, өзімшілдер ғана рухани байлықтың өрісін «көңіл көтеруге» дейін тарылтады. Сол сияқты адамдардың арасында кездесетін «еті тірілік» пен «пысықтық» та қажет нәрсе. Бірақ ол рухани байлықтың өлшемі бола алмайды. Пысықтық, ширақтық жақсы қасиеттердің бірі екені рас. Бірақ шеңбері кең шынайы рухани еркіндікпен, біздіңше, оны шатастыруға болмайды.

Гегельдің пікірінше, шығармашылық адамның сезімдік пен руханилық қарама-қарсылығын, ішкі еркіндігі мен сыртқы табиғи қажеттілігінің антагонизмін білдіреді. Ал Марксизмді жақтаушылар болса рухани еркіндік және шығармашылық еркіндік әлеуметтік-экономикалық құрылымға бағынышты және адамның таптық көзқарасына байланысты дейді.

Герцен былай дейді: «Мен еркіндік деген ұғымның не екенін енді түсіндім. Еркіндік дегеніміз – қоғамнан алу емес, қоғамға бере білу екен ғой. Егер бір адам екінші бір адамға мейірімін, жүрек жылуын төгіп жатса, мемлекет – адамға, адам мемлекетке қасқыр көзбен қарамай, біріне-бірі қамқор көзбен қарап жатса, әне, еркіндік дегеніміз сол. Ал енді бір адам екінші біреудің маңдай тер, табан ақымен тапқанын тартып алып жатса, әлі жеткені әлсізін жұлмалап жатса, билігі бары билігі жоғын қалай болса солай алып соғып, жылатып жатса, кешіріңіз, ол жерде еркіндік ешуақытта болмайды. Ал еркіндік жоқ жерде мәдениет те жоқ».

Қоғамның әрбір мүшесінің еркіндігі оның жоғары білімділігімен ғана емес, моральдық-этикалық адалдығымен де анықталады. Ол, атап айтқанда, азаматтық борышын сезіну, арамтамақтыққа, тойымсыздыққа, мансапқорлыққа төзбеу сияқты сапаларымен ерекшеленеді. Шенқұмарлық, өзімшілдік, күншілдік, яғни өзінен өзгенің жақсылығын, мерейін үстем болуын көре алмаушылық сияқты теріс мінездер еркіндікке нағыз тұсау, кедергі болып табылады.

Әрбір адам өзінің іс-әрекетін, мінез-құлқын өз мүдделері тұрғысынан ғана емес, айналасындағылардың мүдделерін де ескере ала отырып белгілеуі тиіс. Ол заңдылық пен құқық тәртіптерін қорғау, қиянат жасаушылыққа төзбей, оған қарсы күресе білуде. Бұған қажет қасиеттер: өзара көмек көрсету, адал, шыншыл, адамгершілік жағынан кіршіксіз таза болу, қоғамдық және жеке басының өмірінде қарапайым, кішіпейіл болу, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық жасау, әділетсіздікке төзбеу. Қоғамдық қажетсінушілікті дұрыс түсіну, соған сәйкес еңбек ете білу – адамгершілік тұрғысынан шыныққандықтың белгісі. Бұл ретте қиыншылықтан, мұқтаждық пен ауыртпалықтан тайсалмай еңбек етіп жүрген мысалдарды көптеп келтіруге болады. Туған елін көркейту үшін құлшына қайрат етіп, патриоттық борышын, бостандық пен ұлттық тәуелсіздік жолында күресіп жатқандар өз еркіндіктерін жүзеге асырушылар болып табылады.

Қазір қазақ ұлтының сан ғасырлы прогрессивті мәдениетінің жетістіктерін кемсітпей өзгелердікімен қоса игеру өте маңызды. Басқаша айтқанда өз ұлты туралы ғана ойлап қоймау керек, қайта Қазақстандағы этностарды да қорғап, және тең праволы болуына ұйтқы болуы тиіс. Бұл ұлттық сана мен мәдениетке, жеке адамның еркіндігі мен руханилығын онан әрі өркендеуіне ешқандай да қайшы келмейді, қайта оны түрлендіреді, байытады.

Тарихи тәжірибе өз ұлтының бұрынғы жинағандарының барлығын сын елегінен өткізбей қабылдай беретін және былайғы халықтың рухани байлығын бойына сіңіруден бас тартатын ұлттық шектеушіліктің де адамның еркіндігіне себін тигізбейтінін көрсетті.

Әрбір адамның тағы бір игі міндеті өзінің эстетикалық талғамын жетілдіре беру, әсемдікті дұрыс түсініп, бағалай білу, сол әсемдікті жасауға өз еңбегімен үлес қоса білу. Оның өзінің, азаматтық борышын қалай түсінетінін оның этикалық, эстетикалық білім дәрежесінен, киімінен де, жүріс-тұрысынан да аңғаруға болады. Мысалы, қоғамдық пайдалы еңбектен қашып, осы мода деп қалай болса солай жарасымсыз киінетін, күнін ресторандарда маскүнемдікпен өткізетін кейбір жандарды рухани жағынан жетілген деп айтуға болмайды. Рухани азғындаған адам ғана осындай жолға түсуі мүмкін.

Игі қасиеттердің адамның бойында өзінен-өзі стихиялы түрде пайда бола салмайтыны түсінікті. Санадағы ескіліктің шарқыншағымен батыл күреспейінше әрбір қоғам мүшесін рухани жағынан бай, моральдық тұрғыдан кіршіксіз етіп тәрбиелеу қиын.

Қазақстанда «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүргізілген шаралар рухани еркіндік саласында негізінен дұрыс орынды болды. 2009 жылы «Қазақтың 100 романы» кітапханасы сериясы бойынша атақты жазушыларымыздың таңдаулы романдарының жарық көруі –қуанышты жағдай. Дегенмен бұл саладағы кемшіліктерді де айта кеткен жөн. Біріншіден, оның нәтижелерін талдап, олардың ұлттық руханиятқа ұтымды және тиімсіз жақтарын, біздіңше, анықтайтын мезгіл жетті. Том-том етіп шетел шығармаларын аудару қажет болғанымен, онымен шектеліп қалуға, біздіңше, болмайды. Өйткені сол арқылы ұлттық руханиятымызға әкеліп жатқан жаһандану зардабын да еске алған жөн. Екіншіден, мәдени мұра дегенімізбен еліміздегі жазушылар өз шығармаларын шығаруға мүмкіндіктері болмай отыр. Оларға тиісті жағдай жасалмаған. Шығармашылықпен айналысып жүрген зиялылардың кейбіреуіне жасалатын көтермелеу ісі тиісті нәтиже бере алмай келеді. Үшіншіден, елімізде БАҚ-тар, телеарнадан беріліп жатқан көрсетілімдердің әлемдік өркениет саласынан дұрыс хабарлармен қоса, құйтырқы саясат негізінде ұлттық рухани саламызға тигізіп жатқан зияны белең алып барады. Бұған билік тиісті шара көре алмай отыр. Осындай өткір мәселеге бей-жай қараушылық немесе қауқарсыздық басым.

Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында Президент Мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алатыны жайлы сөз еткен еді. Бұл салиқалы да пайымды ойы қоғамдық зерттеуші ғалымдарымыздың мәртебесін бір көтеріп тастағаны белгілі. Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша түрлі жұмыстар атқарылуда.

Сонымен, еркіндіктің ең бір қымбаттысы да қасиеттісі ол – рухани еркіндік. Бұған қарапайым азаматтар түгілі зиялы деп жүрген қауымның өзі толық жете алды ма? Көбісі ой-арманын ашық айта алмайды, жалтақтайды, бүгежектейді, күңкілдейді, сыбырлайды. Құлдық санадан арылмай азаматтық қоғамға жетуіміз неғайбыл. Елге өзіне-өзі нық сенімді, тек халықтың қамын ойлайтын, шын мәніндегі азат тұлғалар керек.

Бүгінде саяси реформалар жасауға біздің экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайларымыз бар. Президент Мақаласында: «... «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деген болатын. Олай болса, әрбір адамның мемлекет алдында үлкен жауапкершілігі тұр. Президентіміз айқын көрсетіп берген бұндай рухани жаңғыру бағдарламасы – мемлекетіміздің негізгі даму бағыты болмақ.

Бұл Мақала тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ ТМД, Батыс, Орта Азия елдерінде қызу қолдау тауып жатыр. Мұнан шығатын қорытынды, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолында әлемдік аренадан өз орнын табады деп айтуымызға болады. «Қайтсем де елімнің экономикасын, әлеуметтік, саяси жағдайын жақсартамын» деп мемлекеттің рухани еркіндігін ойлап жүрген ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сабырлы да тұрақты саясатын қолдаймыз әрі осы Мақаланың жүзеге асуына өзіндік азаматтық үлесімізді қосамыз.

Қорыта айтқанда, руханият, рухани сала күйресе, оны жүз жылда да қалпына келтіру қиын. Сондықтан да, рухани саланы ешуақытта естен шығармауыз керек. Сонымен, заң мен адамгершілік, әділеттілік пен еркіндік идеялары іске асатын азаматтық қоғамда ғана саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен келісім, ауызбіршілік пен мейірімділік қатынастары орнайтын Қазақстан болашақта «Мәңгілік Елге» айналары анық деп ойлаймыз.

Сәуле Сыздықова, Райса Саурбаева, ҚазМемҚызПУ, Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің аға оқытушылары