Тарихта қалар оң шешім // Динар НӨКЕТАЕВА, «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ҚазМемҚызПУ ректоры

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

4-бет, №44 (3116), 28 наурыз, 2017 жыл // https://aikyn.kz/2017/03/28/8136.html

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Конституциясы, бұл заң мәтінінде жүзеге асқан жалпыұлттық идея» дей отырып, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысына негізгі бағыт берген Ата заңымызды биік тұғырға қондырғаны белгілі. Біз айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік.

Сонда да Мемлекет басшысы өкімімен мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесін көтеріп, сәйкесінше жұмыс тобы құрыл­ғанынан хабардармыз. Жұртшылыққа Ата заңымыздың мазмұны мен мәні кеңінен түсіндіріліп, жер-жерде қызу талқылаулар жүргізілді. Осыған орай бүкілхалықтық талқылаудан келіп түскен ұсыныстар негізінде, Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Нәти­жесінде, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Консти­туциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құбылыс тәуелсіздік ғұмырнамасында, қала берді бүкіл қазақ халқы тарихында, тіпті әлемдік саяси ортада кездескен емес. Елбасы­мыздың дәуірлік құжатқа қол қоюы саяси көрегендігі, келер ұрпақтың мүддесін ойлап, халқының бүгініне алаңдаған кемеңгерлігі.
«Әділ билік – алтын таразы» демекші, Ата заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы Қазақстанда жаңа саяси құрылымның берік іргетасы қаланды. Мемлекетті басқару жүйесі жаңғыртылып, жетілдіруге бағытталды. Ең маңыздысы – президенттік билік сақталып, жаңарған Конституцияда бекітілді. Жаңа заң бойынша саяси партиялар өз қызметтерін жаһандандыруға зор мүмкіндік алды. Басты құжат діттеген мақсатына жетті деуге әбден болады.
Бүгінгі әлемдік өзгерістер заманында әрбір адам баласының игіліктерінің бірі – заңды дұрыс пайдаланып, оның мазмұнын терең түсіну, өмірде орынды қолдану. Елбасының ұстанып отырған сарабдал саясатының негізі де – «адами капитал» құндылығын арттырып, келешегіміздің кемелденіп, болашағымызды жарқын ету үшін заң жүйесінің сапасын арттыру.
Елімізді басқарудың заңдық құралы – Конституция. Сондықтан салиқалы қоғам мүшесі ретінде, мұндай жаңалықты дұрыс қабылдап, байыппен бағамдай білуіміз қажет. Жаңа конституциялық заң мемлекет жауапкершілігі мен Үкіметіміздің құзы­реттілігін күшейту арқылы еліміздің өсіп-өркендеу деңгейін арттыра отырып, халық­аралық бәсекеге қабілеттілігін жо­ға­ры­латары сөзсіз.
Сонымен бірге, Ата заңды жаңғыртудың негізгі міндеті – Конституцияның алдағы уақытта дұрыс әрі тиімді жұмыс істеуі, реформалар арқылы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ендеше, бұл міндет алдағы уақытта мүлтіксіз орындаларына сеніміміз мол.
«Ата заңымыз» – қоғам дамуының түпқазығы. Тұрақтылыққа, Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қол жеткізіп отырмыз. Осындай байлығымызды аялап, қадірін білейік, ағайын!

Динар НӨКЕТАЕВА,
«Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ҚазМемҚызПУ ректоры