«Алаштың» 100 жылдығына арналды

«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газеті

14-бет, №46 (5395), 20 сәуір, 2017 жыл // Авт. Рая Ескендір //

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы Алаш Орданың 100 жылдығы аясында Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Алаш қозғалысы: тарихы мен тағлымы» атты интеллектуалды олимпиада өткізген еді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – ұлтының азаттығы мен теңдігі үшін аянбай қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің өнегелі істері мен жалындаған ғұмырларын елінің жарқын болашағына арнаған өмір жолын, жүрегі мен ақылынан туған көркем ойларын, дүниетанымын, Алаш қозғалысының тағылымын насихаттау. Жас ұрпаққа Алаш зиялыларының азаттық үшін күрескен жылдарының салмағы мен бағасын ұғынуға ықпал жасау арқылы тәуелсіздігіміздің мәнін сезінуге тәрбиелеу, студенттердің санасында өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезімді қалыптастыру.

Олимпиаданың ашылу рәсімінде сөз алған Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің деканы, т.ғ.к., доцент Жамал Әшірбекова ел болашағының жарқын болуы рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты жастардың қолында екендігін баса түсіндіріп өтті. Ұйымдастырылған білім додасы студент жастардың өз елінің тарихына құрметпен қарап, отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелейтін шаралардың бірі екендігіне тоқталып, қатысушы топтарға табыс пен сәттілік тіледі.

Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Алаш ұрпақтары» командасы, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ибн-Сина ізбасарлары» командасы, Алматы технологиялық университеті «Алаш аманаты» командасы, Алматы университетінің «Бәйтерек» командасы, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының «Номад» командасы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ақ тұмар» командасы қатысты.

Интеллектуалды додада бақ сынасқан қатысушы топтар бес айналымнан тұратын арнайы сұрақтар мен тапсырмаларға белсене жауап беріп өз білімдерін сынады.

І айналым – таныстыруда әр команда капитаны өзінің университеті мен мүшелерін таныстырып, команданың атын қорғаса, ІІ «Ұяшықтар құпиясы» айналымында әр команда ұяшықтарда жасырылған Алаш қайраткерлерінің өмірі, қоғамдық-саяси қызметі мен Алаш партиясы тарихының негізгі кезеңдеріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Бейне сұрақтан тұратын ІІІ айналымда елімізге танымал ғалымдар видео форматында қатысушы топтарға «Алаш қозғалысы: тарихы мен тағлымы» тақырыбына қатысты арнайы сауалдар қойды. ІV «Алтын қақпа» айналымында әр команда Алаш қайраткерлерінің өмірі, қоғамдық-саяси қызметі мен Алаш партиясы және Алаш Орда үкіметі тарихына қатысты үш деңгейлі тарихи терминдерге анықтама берді. 1-деңгей «қола қақпа», 2-деңгей «күміс қақпа», 3-деңгей «алтын қақпа» деп аталды. Толық жауап берген команда ғана қақпадан өту мүмкіндігіне ие болды. Үшінші қақпаның сұрағы ағылшын тілінде қойылды. Бұл сайыста сайыскерлердің сөйлеу мәнері, шешендігі, фактілерді қолдануы басты назарға алынды. Ал, соңғы, V «Ой толғау» айналымында команда мүшелері арнайы жәшікте не жасырылғанын тауып, тақырыпқа қатысты мағлұмат берді.

Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткізілген интеллектуалды олимпиаданың қорытындысы бойынша: С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ибн-Сина ізбасарлары» командасы I орын, Алматы технологиялық университеті «Алаш аманаты» командасы II орын, Алматы университеті «Бәйтерек» және Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы «Номад» командалары ІІІ орынды иеленді. Барлық жеңімпаздар командалар мақтау қағаздарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Айнагүл Қайыпбаева: «Дана халқымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» дегендей, Қазақстан тарихы пәні бойынша өткен дәстүрлі интеллектуалды олимпиада барысында студент жастар мыңды жығар жан-жақты білімдерімен осы қанатты сөздің тарихи маңызын көрсете білді», деп атап өтті.