Ы.Алтынсарин олимпиадасы кіл мықтыларды анықтайды

«Қала мен Дала» республикалық қоғамдық, әлеуметтік-саяси басылым

11-бет, №9 (118), 10 наурыз, 2017 жыл// Авт. «Қыздар университеті» медиа орталығы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастырумен еліміздің барлық аймағында мектеп бітіруші оқушылары арасында «Ы.Алтынсарин-2017» республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

Қыздар университетінің басшысы Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау биыл осымен алтыншы рет өткізілді.

Олимпиада Алматы облысы бойынша Алматы, Талдықорған, Жаркент қалалары мен Кеген ауылдық округінде, Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданында, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларында, Қызылорда облысы бойынша Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей қаласында, Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында, Батыс Қазақстан облысы бойынша Атырау, Орал қалаларында бірдей уақытта сағат 12.00-де басталып, 15.30-да аяқталды. Биыл олимпиадаға математика пәні қосылуына байланысты байқау әдеттегідей сегіз пән бойынша емес, тоғыз пән бойынша өтті. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, тарих, химия және метематика. Олимпиада 16 аймақтағы облыстық білім Басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен бірлесе ұйымдастырылды.

Алматы қаласы бойынша өткен білім сынағы Қыздар университетінің Бас оқу ғимаратында өткізілді. Оған 600-дан аса мектеп бітіруші қыздар қатысып, бағын сынады. Оқушыларды қолдауға ата-аналарымен қатар, ұстаздары да келді.

Республикалық олимпиаданы ресми түрде оқу орынның оқу ісі жөніндегі проректоры Әділет Тойбаев ашып, оқу орынның тыныс-тіршілігі мен оқу, білім, ғылымдағы жеткен жетістіктерімен, сонымен қатар, оқу орынның қосдипломды білім беру бағдарламасымен таныстырып өтті.

– «Қазіргі таңда университет LAMS Ұлыбритания университетімен, Нийде университеті мен АҚШ-тағы Миссисипии мемлекеттік университеттерімен қосдипломдық оқу бағдарламасын іске асырып отыр, яғни осы бағдарлама бойынша бітірген студенттер екі диплом ала алады. Екі бірдей, қазақстандық және халықаралық дипломның иегері бола аласыздар. Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша қос диплом алған көптеген түлегіміз өз елімізде жемісті еңбек етіп, Назарбаева зияткерлік мектептерінде және т.б. жоғары лауазымда қызмет атқаруда. Сондықтан, Сіздер үшін де үлкен мүмкіндіктер бар», деп, оған түсу бойынша қойылатын талаптарды жіті таныстырып, барша қатысушы оқушыларға сәттілік тіледі.

Атап өте кетейік, биыл Ы. Алтынсарин олимпиадасы тұңғыш рет республика бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде өткізілмек. Халықаралық деңгейде өтетін Ы. Алтынсарин олимпиадасы 2017 жылдың 17 наурызында 5 мемлекетте өткізіледі: Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай және Ресей елдерінде.

Шетелдік талапкерлер үшін Олимпиада ІІІ кезең бойынша өткізіледі:

1-тур – Қазақ тілінен тест тапсыру;

2-тур – Берілген тақырыптардың біреуін таңдап эссе жазу;

3-тур – Мәнерлеп оқу.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сәуір айында анықталып, марапатталады. Олимпиададан жоғары нәтижеге қол жеткізген қыз балаларға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне түсуге жол ашылады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушы таңдаған пәні мамандығына сай келген және тестілеуге қажетті өту балын алған жағдайда оқу ақысына 90% жеңілдік беретін дипломмен марапатталады. Жүлделі орын алмағанымен, олимпиаданың жоғары деңгейінен өткендер ҚазМемҚызПУ-дың оқу төлемақысына 10% жеңілдікке құқық беретін сертификаттармен марапатталады. Ол оқу орнына бірінші кезекте қабылдануға құқық береді.

Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімінде, жеңімпаз атанған 11 сынып оқушыларымен қатар, оларға сапалы білім берген пән мұғалімдері, сондай-ақ, аймақтарда олимпиаданың өтуіне жағдай жасаған аудандық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары қызметкерлері Ректордың алғыс хатымен марапатталады.

Олимпиаданың бірегей ерекшелігі – оған тек қана қыз балалар қатысады. Олимпиада жұмысының максималды көрсеткіші – 160 балл.

Естеріңізге сала кетейік, былтырғы өткен «Ы.Алтынсарин-2016» олимпиадасына 3500-ден аса мектеп бітіруші оқушылар қатысқан болатын. Оның 24-і Ректор грантына ие болса, 10 пайыздық жеңілдікке 548 оқушы ілікті.

Қабілетті де дарынды оқушыларды қолдауға ықпал етіп қане қоймай, мектеп түлектеріне тегін білім, яғни грантты ұтып алуға мүмкіндік беретін байқау қатысушыларына сәттілік тілейміз!

«Қыздар университеті»

медиа орталығы