Қазақстанның жаңа дәуірі басталды / Динар НӨКЕТАЕВА, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, ҚазМемҚызПУ ректоры

«Алматы ақшамы» газеті

5-бет, №11 (5360) 28 қаңтар, 2017 жыл // Ел және Елбасы // http://almaty-akshamy.kz/2017/01/28/%D2%9B%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D2%A3-%D0%B6%D0%B0%D2%A3%D0%B0-%D0%B4%D3%99%D1%83%D1%96%D1%80%D1%96-%D0%B1%D0%B0%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BB%D0%B4%D1%8B/

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «алдымен – экономика, одан кейін – саясат» деген ұстанымының бұған дейін берген уәдесі бойынша өзгеретін сәті туғанын уақыт айқындап берді. Бірақ, бұл реформа саяси өзгерістер арқылы экономикалық құндылықтарды дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істейтін болады. Мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына билік тармақтарын бөлу жөніндегі кеше жасаған Үндеуінен осыны түсіндім.

Дәл қазіргі уақытта жаһандану жүйесі әлем мемлекеттері алдына түрлі сынақтарды кесе-көлденең қойып отыр. Осы орайда, Қазақстан да дүниежүзілік өзгерістен қалмай, оған сәйкес ілесуі қажет. Оған бірден-бір жауап Елбасы айтқан еліміздегі ірі реформалық қадамдар екені даусыз. Өйткені, Президент айтқандай, «за­манның дидары өзгерді, біз де өзгер­уіміз керек».

Елбасы реформаның екі негізгі бағыт бойынша іске асатынын мәлімдеді. Біріншіден, экономи­калық-әлеуметтік процестерді реттеудегі Президенттің біршама өкілеті Үкімет­ке және басқа да атқарушы орган­дарға берілмекші. Енді бұл салаға Үкімет, министр­ліктер және әкім­діктер толықтай жауап беретін болады. Өкілет­тіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сес­сиясының аяғына дейін енгізуі тиіс. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары арасындағы қатынастарды конститу­циялық деңгейде теңгерімді ету. Ол заң шығарушы органның рөлін күшейту арқылы жүзеге аспақ. Яғни, Министрлер кабинетін жасақтау Парламентке беріліп, Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады деген сөз. Парла­менттің бақылауы үлкен тетікке айналады. Бұл билікті халыққа беріп, оның мемлекеттік басқару ісіне тікелей араласуына зор мүмкіндік беретіні анық.

Кезінде мемлекеттік басқару жүйесі шатқаяқтап тұрған уақытта Тәуелсіз Қазақстанға мықты пре­зиденттік басқару тетігі керек бол­ғанын білеміз. Ол өзін-өзі ақтады деуге толық негіз бар. Өйткені, қиын-қыстау кезеңде барлық жауапкер­шілікті өз мойнына алған ҚР Тұңғыш Президенті егемендіктің 25 жылды­ғында халықты тығырық­тан шығарып қана қоймай, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен теңдесе алатын әрі бәсекеге қабілетті көркейген Қазақ­станды қалып­тастырды. Енді жаңадан басталған Тәуелсіздіктің ширек ғасыры дамудың әлемдік қағидат­тарына ықпалдасқан Қазақстанның жаңа дәуіріне есік ашпақ. Оған Елбасының тікелей бастамасымен 40-қа жуық президенттік өкілеттіліктің өз құзыретінен шығарылып, мемле­кеттік басқару жүйесіндегі тиісті мекемелеріне берілуі басты мұрын­дық. Аталған қадам Парламент пен Үкіметке үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Сондықтан, Елбасы Үндеуі соны өзгерістерге жетелейтін мемле­кет шежіресіне жаңа тарих пен жаңа заман беттерін ашатын тағы бір зор мүмкіндік беріп, еліміз үшін іргелі де ірі серпіліске жол ашып отыр.

Сондай-ақ, бұл үндеу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Конституцияның басты кепілі екенін кезекті рет дә­лелдеп берді. Мұндай реформа – әлем елдері алдындағы Ұлы Дала елінің өзіндік авторлық моделі болып, талай мемлекетке үлгі болары сөзсіз.

Динар НӨКЕТАЕВА,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты,

ҚазМемҚызПУ ректоры.