Ұлт ұлыларын ұмытпайды

«Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті

6-бет, №46(3118), 31 наурыз, 2017 жыл //Авт. Ершай Әзірет // https://aikyn.kz/2017/03/31/8545.html

Таяуда «Мектеп» баспасынан филология ғылымдарының докторы, профессор Руда Зайкенқызының «XX ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы» атты оқулығы жарық көрді. Бұл еңбек XX ғасырдың басындағы тәуелсіздік жолында мерт болған Алаш қайраткерлерінің ұлттық ұстанымына негізделген. Мұнда XX ғасырдың басындағы әлеуметтік жағдай мен рухани өмірдегі өзгерістер және сол кезеңнің қайталанбайтын тұлғалары арқылы ұлттық дамудың көркемдік кеңістігі ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сарапқа салынған.

– Нағыз көркем әдебиетті тума талант, хас шебер, сөз зергері көктетеді. Шынайы талант – ілуде біреудің ғана маңдайына жазылатын Тәңірдің сыйы. Осы тұрғыдан қарағанда, XX ғасырдың бас кезіндегі Алаш алыптарының бірінен-бірі асқан шеберлік на­қыштарына, өзекті ізденіс иірімдеріне жаңа заман биігінен қарап, сол кездің өзінде әлемдік өркениеттен түркі дүние еншісін алуды көздеген тұғырнамаға көңіл аударту аса қажет.
Оқулықта күрескер-ұлтшылдық бағыт бойынша – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ж.Ай­мауытұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, X.Дос­мұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы, С.Садуа­қасұлы, Ж.Ақбаев, Т.Шонанұлы, О.Әл­жанұлы, Б.Күлеев; діни-милләтшілдік бағыт бойынша – М.Көпейұлы, Ғ.Қараш, Т.Ізтілеуұлы, Ш.Жәңгірұлы, К.Шаһмар­данұлы, М.Қалтайұлы, М.Бай­зақұлы, А.Сабалұлы, Н.Орман­бетұлы, Ә.Кердері; ағартушы-демократтық бағыт өкілдері бойынша – С.Көбеев, М.Сералин, Т.Жомартбаев, С.Дөнен­тай­ұлы, М.Дәулетбаев, И.Құтпанұлы, Ө.Тәңір­­бергенұлы, Ә.Найманбайұлы, Ы.Шөрекұлы, Н.Құлжанова, Ш.Иман­баева, Б.Ізтөлиндердің өмірбаяндары мен шығармашылық еңбектері берілді.
Сонымен қатар Алаш ұранды әде­биеттің көшбасшыларымен бірге тізе қосып, келешек ұрпақ қамы үшін көптеген мақала жазып, тауқыметті өмір азабын бірге көтеріскен азаматтық һәм адамгершілік деңгейімен де бір-бірімен үндес көрнекті тұлғалар туралы да мәлімет бердік. Олар – С.Асфендиаров, X.Ғаббасов, М.Шоқай, М.Тыныш­байұлы, Ә.Ермеков, Ж.Дос­мұхамедұлы, С.Аманжолов, А.Бірімжанов, Б.Құл­манов, Б.Мөметов.
Сал-серілер поэзиясы мен XX ға­сырдың басындағы баспасөз мәселесі де қамтылып, біршама шығармалар контекстік оқу әдісі бойынша берілді. Жасөспірімдерді XX ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі кезең туралы өз бетімен ізденіп, ой қорытуға бейімдеу мақсатымен «Алаш жылнамасы» және басқа да құжаттық материалдар бойынша арнайы тапсырма берілді.
Қолдарыңыздағы кітаптың айыр­машылығы, әдебиетті жаңа сораппен күрескер-ұлтшылдық бағыт, діни-мил­ләтшілдік бағыт және ағартушы-демо­к­раттық бағыт деген үш топқа жіктедік. Екіншіден, XX ғасыр басындағы әдеби үрдіс пен оның тұлғаларын бір шоқатқа (төбешік) шоғырландыруға тырыстық. Мұнда 50-ге жуық қаламгердің өмірі мен шығармашылығы бүгінгі оқытудың инновациялық талабына сай бірінші рет тұтас ұсынылып отыр. Үшіншіден, осыған дейінгі оқу басылымдарында
XX ғасыр басындағы әдебиеттің даму жолы СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) арқылы байланыстырылып берілген емес, – дейді ғылыми еңбектің авторы, Руда Зайкенқызы.
Бұл оқулық «Қазақ әдебиеті тарихы» курсы бойынша жоғары оқу орындарында оқылатын дәрістерде, семинарларда, практикалық сабақтарда пайдалануға және арнаулы курс жүргізуге көмекші құрал ретінде қазақ әдебиеті мен тарихы пәндерінің мұғалімдеріне, студенттерге, жоғары сынып оқушыларына, сондай-ақ жалпы көпшілік қауымға арналған.

Ершай ӘЗІРЕТ