Ұлттық музыкалық таным ұмыт қалған жоқ па?

«Айқын апта» республикалық қоғамдық-саяси газеті

27-бет, №37 (3109), 11 наурыз, 2017 жыл// Авт. Ләйла Аманқұлова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, магистр // https://aikyn.kz/2017/03/11/6534.html

Ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров 1913 жылы «Өлең һәм айтушылар» мақаласында «Заманның айдауыменен күн асқан сайын қазақшылықтың шылығы жылжып кетіп барады. Байқаймын, сірә шылық кеткенменен жай кетпесе керек. Қазақтың бұрынғы сән-сәулетінің бәрін түп көтере ала кетсе керек. Ай-хай, көк шалғынға ақбоз үйді шаңқайтып тастап, шалжиып жататын сән-салтанат қайда?! Ең арты домбыра-сауық, тәтті-тәтті әндерімізге дейін азайып, қара күңгірт қапаға булыққан заманға қарай дедектеп барамыз» деген екен.
Бір ғасыр бұрын көтерілген осы мәселе әлі күнге маңызын жоғалта қойған жоқ. Одан бері өнеріміз өсті, өркендеді. Алайда жаңадан жазылып жатқан әндер ұлттық менталитетімізге, қазақы колоритімізге сай ма? Төл тарихымыздан, ұлттық тәрбиемізден, таным-түсінігімізден бастау ала ма? Халықтың болмысымен қаншалықты қабысып жатыр?
Жаһандану деп жалаулатып жүргенімізде ұлттық музыкалық таным ұмыт қалған жоқ па?
Мәдениеттанушылар мен зерттеуші мамандардың осы тұрғыдағы пікірін білген едік…

Тұрсынбек КЕШУБАЙ,
Гуманитарлық ғылым магистрі, әнші:

– Қазіргі таңда тек Қазақстанды ғана емес, жер бетіндегі жалпы жұртшылықты жаһандану үрдісі қыспағына алуда. Одан қашып құтылу да, айналып өту де қиынның қиыны. Өйткені ғаламтор желісі жүйеге түскен бүгінгі күнде әрбір адам үйінде отырып-ақ дүниежүзінің түкпір-түкпірімен түйілісе алады. Демек, кім-кімнің де әлемдік озық өркениеттен тікелей сусындауына жол ашық деген сөз. Дәл осындай сәт-сағаттарда «біз өміршең ұлт ретінде өзімізді қалай қорғап қаламыз?!» деген сауалды жиі қойған жөн. Әуелі сұрақ санаға сары майдай сіңсе, жаһандану мәселесі де жауапсыз қала қоймайды деп ойлаймын.
Кез келген ұлт үшін ең өзекті мәселе – рухани құндылығы екенін біз естен шығарып алмауымыз керек. Себебі, ұлттық руханияты әлсіреген қауымның ана тілі де, құлақтан кіріп бойды алар музыкасы да өз қасиетін жоғалтады. Өз тілінде сөйлеп, өз ұлтының сазында сүйіне алмаған ұрпақтан қандай ұлтжандылық күтуге болады. Қазақ атамыз «кімнің асын ішсең, соның сойылын соғасың» дегенді жайдан-жай айта салған жоқ. Оның астарында үлкен философиялық қорытынды жатыр. Біздің бүгінгі ұрпағымыз онсыз да өзге елдің музыкасына ауызданып алды. Ертең сүтпен біткен сарын сүйегіне сіңері де сөзсіз. Олардың ұлттық музыкамызға мұрынын шүйіре қарауы былай тұрсын, бүгінгі жастарымыздың арасынан да дәстүрлі ән, ұлттық күй десе құлағын баса қашатын жаһанданушыларды табу аса қиынға соқпайды. Бұл – індеттің тек қана бастамасы. Бұның алдын алу шарасы уақыт күттірмейтін тақырыпқа айналуы керек.
Қазақ ұлтының мәдениеті – бір кездері дүниені дүр сілкінткен сақтар мәдениетінің жалғасы. Сан ғасырлар бойы сақталып келген, ұлтымызды сақтап келген құндылығымыздан адасу – ұлттық қасіретімізге айналуы әбден мүмкін. Сөз реті келгенде мынаны да айта кеткен жөн. «Жаһандану үрдісін» біз өзге өркениетті құртып жіберетін алып құбыжық деп түсінсек қателесеміз. Ол – өміршеңдік нағыз сыналатын қан майдан. Әлсіз жеңіліп, әлді жеңетін күрес заңдылығына ол да бағынады.
Бәз біреулер «домбыра, қобыз, саз сырнай, сыбызғы сияқты ұлттық аспаптарымыз заман талабына сай емес, оны қазір ешкім тыңдамайды», – дейді. Олардың айтуынша, ол аспаптардың сазына билеуге де келмейтін көрінеді. Олардыкі жөн делік. Дегенмен біздің ұлттық музыкамыз өзге елдің шығармаларына мүлдем ұқсамайды. Өйткені ұлтымыздың табиғатына сай қазақы мінезі басым. Біз осы қасиетімізбен мақтануымыз, ерекшеленуіміз керек. Қазіргі эстрада жұлдыздары айтып жүрген әндердің көп сандысы ұлттық бояудан жұрдай. Қазақша сөзін алып тастасаңыз, қарақалпақтың, түріктің, румындердің, қырғыздардың сарыны сайрап шыға келеді. Бұл үрдіс ұзаққа жалғаса берсе, төл туындыларымыздың тұнығын лайламай қоймайды.
Музыкамен адамды жылатуға, күлдіруге, науқасынан айықтыруға да болады. Ол қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін тылсым күшке ие. «Музыкада – тіл жоқ» деген күннің өзінде, ұлттық бояусыз болмасы анық. Бабалар бізге ұлан-ғайыр даламен қоса, сахара сазын аманат етті. Сол үшін де, бүгінгі ұрпақ жаһандану үрдісіне жұтылып кетпей, өзімізді өміршең ұлт ретінде дәлелдеуге борыштармыз. Сонымен қатар өнерімізді өңірлік деңгейде ғана сақтап қалмай, әлемдік музыка өнерінде қазақы қолтаңба қалыптастыруға тиіспіз.
Ұлттық музыкамен ұлттық мүдде, ұлттық таным біте қайнасқан. Ұлттық музыка өміршеңдігін жоғалтса, ұлт та әлсірейді. Ұлттық руханият – ұлттың тірегі. Бүгінгі таңда ұлттық музыкаға деген танымның тереңдігі біз үшін ауадай қажет. Оған әсте немқұрайды қарауға болмайды. Біз басқалардың музыка бағытына орынсыз бой ұра берсек, жаһандануға барынша жақындай түсеміз. Керісінше, қанымызға сіңген қазақы сарынымызды көзіміздің қарашығындай қорғай алсақ, түрі де, тілі де, мінезі де қазақы өміршең ұлт ретінде сақталып қала аламыз.

Ләйла АМАНҚҰЛОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, магистр:

– Тәуелсіздіктің туын көтерген қазақ халқының тарихы туралы сөз бола қалса, ең алдымен, оның тілі мен діні, өнері мен мәдениеті, ғылымы мен әдебиеті ауызға ілінуі – заңды. Өйткені, елдің мәртебесін көрсететін биік өлшем де осы рухани байлық. Адамзат тәрбиесінде құндылықтар орны ерекше, ал қазақ халқының тәрбие тағылымы өнер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Осы тұста «қоғамда ұлттық құндылықтарды жалғастыратын сапалы ұрпақ тәрбиеленіп жатыр ма?» деген сұрақ туындайды. Қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық, ойы пайымды, білімді, іскер, еңбекшіл етіп тәрбиелеу ата-ана мен ұстаз шеберлігі арқылы жүзеге асуы мүмкін. Осы ретте ұлттық музыка өнерінің де алар орны үлкен. Даңғаза музыкаға еріп, еліктеушілер қазіргі таңда жанды дауыста, тәлім-тәрбие мен философияға бай дәстүрлі музыканы тыңдауға ойыса бастады. Мен бұған өте қуанамын. Бұрын телеарналарда ұлттық классикалық музыканы дәріптейтін «Шашу», «Кеш жарық», «Қымызхана» секілді бағдарламалар болушы еді. Өнерпаздардың орындаған шығармалары мен ұмыт қалған өнер майталмандарының өнерлерін әрдайым есімізден шығармай, ұлықтап, дәріптеп отыратын. Қазір де осы үрдісті жалғастырғанымыз абзал. Ұлттық өнеріміздің қаймағын бұзбай ұғындыра отырып, кейінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізу – біздің басты міндетіміз. Ұлттық өнерімізді халық игілігіне айналдыру үшін мәдени орталықтарда дәстүрлі музыка өнерін дәріптейтін шеберлік сыныптар ашуға да көңіл бөліну керек.

Ғизатулла Халидуллин,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры:

– Ұлы дала халқының мұрасын сақтау «Мәдени мұра» бағдарламасы көтерілгеннен бастап қолға алынды. Осы құндылықты енді зерттеп, оқулыққа енгізіп, күнделікті тұрмысқа пайдалану қажет. Бұл еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Осыдан төрт-бес жыл бұрын екі ел арасында мәдени байланыс орнату үшін Венгер еліне сапар шеккенбіз. Олар бізге қайтар тұста «көне ғұндардың мәдени мұрасы» деп кәдесый ретінде жасалған жетіген аспабын ұсынды. Жап-жас қыздары жетігенде сызылтып ойнап отырғанын көрдік. Міне, көрдіңіз бе, бәленбай ғасыр бұрын кетіп қалған ғұндардың өзі ата тегін Батыс Еуропада көзінің қарашығындай сақтап отыр. Біз өз жерімізде отырып, көне мұрамызға мән беруге немқұрайды қарап келеміз. Ұлттық музыкамызды тыңдаушылар, насихаттаушылар, зерттеушілер қатары аз.
Бір ғана мысал, Жамбыл, Дина, Құрманғазы ұстаған домбыралар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Осы бірегей жәдігерлерімізді жинақтап, қайта жасатып, болашақ ұрпаққа жеткізуді ойластырып отырмыз ба? Ұлттық бояуын жоғалтпаған дәстүрлі әнші-күйшілерге өнерін насихаттау үшін қандай жағдай жасай алдық?
Бұл тиісті орындар ойланатын үлкен мәселе болуы тиіс!

Түйін:

Сұлтанмахмұт Торайғыров жоғарыда айтып өткен мақаласында «Біздің қазақ – ән құмар халық. Газет оқып, не шариғат, не насихат айта бастасаң, құлағын салар-салмас шеттеп кетеді. Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиылып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай, қамалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Мағынаны керек қылмаса да, әнге бола жиылады. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады. Соның үшін ескі кісілер «пәленнің өлеңінде де бар ғой» деп келтіріп отыратын. Не ғажап?
Қысқасы, бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар.
Дұрыс, басқалардан шамамыз келмегеннен айырылдық дейміз, міне, бұған не деп сылтау табамыз! Масқаралық емес пе?», – дейді.
Құдайға шүкір, ән сақталды, алайда мән сақталды ма? Қазіргі тыңдап жүрген дүниелерімізде алпыс екі тамырыңызды идіретін құдірет бар ма? Ұлттық бояуы қанық әндер неге сирек жазылады? Жаһандану деп жалаулатып жүргенімізде ұлттық музыкалық таным ұмыт қалған жоқ па?
Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ