Мұражай туралы ақпарат

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика унверситетінің «Ақтұмар» музейі 2002 жылдың қараша айының 8 жұлдызында №174 бұйрық негізінде ұйымдастырылды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сай дәстүрлі, мәдени-рухани құндылықтар арқылы студент жастарға елінің тарихын, тілін және көп ұлтты Қазақстанның тарихын құрметтеу қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жұмыстар жүргізеді. Музей университет тарихының 1944-2010 жылдар аралығына зерттеулер жүргізіп, тарихи мұрағаттар мен сирек бейне суреттерді жиыстырып, насихат жұмыстарын жүргізеді. Университет Орта Азия мен ТМД аймағындағы қыздарға арналған ерекше оқу орны болғандықтан музей экспозициясында қазақ мемлекетінің қалыптасуындағы қазақ әйелінің рөлі – көне заманнан қазіргі заманға дейін тыныс тіршілігі көрсетілді. Музей экспозициясы жастарды танымдық, отаншылдық рухта тәрбиелеп, түрлі кездесулер, патриоттық сабақтар, конференциялар өткізеді. Музейде оқытушылар мен студент жастардан құрылған қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс істеп, Ардагерлер алқасы, жастар комитеті және факультеттермен тығыз байланыста болады. Музей өз жұмысын университет Ережесін негізге алып Қазақстан мемлекетінің Еңбек заңына сай жүргізеді.

Музей экспозициясы университеттің 70 жылдық даңқты жолының қалыптасуын, дамуын, университетті құрған мемлекет қайраткерлерінің, алғашқы ректорлардың оқу орнына сіңірген еңбектерін, ел таныған түлектердің ғылымға, білімге қосқан үлестерін, ұлағатты ұстаздардың, университеттің даңқты түлектерінің еңбектерін баяндайды. Музей экспозициясы 5 бөлімді құрайды:

  1. Аналар ұлағаты- елге аманат.
  2. Университет тарихы.
  3. «Әйел әлемі»- этно.коллекция.
  4. Әйелдер шығармашылығы.
  5. Әйелдердің қоғамдағы ролі.