"Қыздар университеті" газеті

«Қыздар университеті» университеттік газетінің ең басты мақсаты –  университеттің ғылыми, қоғамдық, мәдени жаңалықтарымен таныстырып, әр факультетте ұйымдастырылатын іс-шаралармен бөлісіп, жаңа оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, монографиялар жайында ақпараттармен бөлісіп, сондай-ақ студенттің мамандық игерудегі жаңа көркем шығармашылықтағы табыстарын жариялау. Сонымен қатар университеттегі жазуға бейімі бар талапты студенттердің шығармашылығын арттыру да – газеттің басты мақсаттарының бірі.

«Қыздар университеті» газеті 2003 жылдың сәуір айынан шыға бастады. Алғашында «Оңтүстік меридиан» деген атпен жарық көрген университет газеті кейіннен «Ақтоты» деген жаңа атпен офсеттік басылымда шығып тұрған. Ал 2012 жылы 22 наурызда Ұлыстың ұлы күніне орайластыра «Қыздар университеті» деген жаңа атаумен, жаңа леппен жарық көре бастады. Газеттің дизайны жаңа, форматы – А3, 8 беттен тұрады. Студенттердің өмірінен сыр шертетін, жалпы жастарға арналған басылым бұл күнде Қыздар университетінің қыз-қыз қайнаған өмірінің айнасы болып отыр. Он жылдан астам уақытта университеттік басылым дамыды, өзгерді,  кемелденді.

«Қыздар университеті» газетінде қазіргі таңға дейін университетте өткізілетін ғылыми, мәдени, қоғамдық шаралар, әрбір факультетте ұйымдастырылатын іс-шаралар, студенттердің жетістіктері жайындағы түрлі ақпараттар «Ақпар», «Таным», «Тағылым», «Ұлағат» сынды  айдарлар бойынша жарияланып келеді. Басылымда жастарға арналған  «Пікір», «Мінбер», «Рух», деген бірнеше айдарлар аясында қалам ұстаған студенттердің шығармашылығы жарияланып отырады. Онда университеттің үздік студенттерінің ғылым мен білімдегі, спорттағы, қоғамдық жұмыстардағы жеткен жетістіктері баяндалады. Сонымен қатар «Қызым, саған айтам...», «Керек кеңес» деген айдарлар да бар. Себебі «Қыздар университеті» газеті –  жай ғана университеттің басылымы емес, болашақтың кілті, шаңырақ шырақшылары болатын қыз балаларға тәрбие беру құралдарының бірі. Келешек ұрпақты білім нәрімен сусындататын қыздардың бойына ізеттілік, инабаттылық сынды қасиеттерді қатар сіңіру мақсатында ашылған айдарларда тәрбиелік мәні зор материалдар жарияланады.

Редакцияның мекен-жайы: 04 кабинет. Тел/факс 279-38-05, 279-38-17