«Елін сүйген, Елі сүйген-Елбасы» атты дөңгелек үстел өтті

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 26 қараша күні «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты 25 жұлдызды іс-шаралар аясында «Елін сүйген, елі сүйген – Елбасы» атты Жастар ісі жөніндегі комитет, Жастар саясатын дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің қонақтары Алматы технологиялық университетінің Жас Отан жастар қанатының төрағасы Р.Палмағанбетов, Орталық Азия университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Е. Мысыров және белсенді ұйым төрайымдары келіп қатысты. Дөңгелек үстел модераторы – Жастар саясатын дамыту бөлімінің басшысы Н. Қайдаулова болды.

Дөңгелек үстелді Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі департамент басшысы Ә. Несіпбаев ашып, Елбасы туралы толымды ойларын тілге тиек етті.

Қазақ халқы егемендігін алып, Тәуелсіздікке қол жеткізгенде өз алдымызға ел бола алатындығымызға күмәнданған жандар да болған екен. Бірақ ар-намысты ту еткен Елбасымыз бен үкімет басындағы елі үшін еңбек еткен ағаларымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді. Тұңғыш Президент күні – бұл тарихи таңдау күні барлық қазақстандықтардың Ұлт көшбасшысы. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні. Тәуелсіздік пен бостандықтың игі мұраттарынан баянды етіп, өркениетті елдерге тән қадамдар жасауда, ел алдындағы саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық және перзенттік парызын адал орындап, әлемдік беделге ие болған. Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президентінің ел тәуелсіздігін нығайтудағы, халықаралық аренада мемлекет беделін көтерудегі еңбегіне ризашылық білдірген хаттар, төрткүл дүниеде журналисттер қауымы жарыса жазып, әділ бағаларын беруде. Қазақтың бағын жандырушы, алаш ұрпағының маңдайына біткен «алтын жұлдыз» іспеттес. Бұл – көпшіліктің ұтымды ойы.

«Жастар ісі жөніндегі комитет» мүшелері Елбасына арналып жасалған түрлі баяндамаларын және арнау-өлеңдерін оқыды. Дөңгелек үстел барысында Елбасына арналған видеороликтер көрсетіліп, түрлі сұрақтар қойылды. Университетіміздің белсенді студенті Айғаным Нұрған «Балбырауын» күйін шертіп, кештің көңіл-күйін жандыра түссе, 1 курс студенті Айзада Тілеуғалиева керемет ән орындады.

Жиын соңында Алматы экономикалық және статистикалық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет басшысы Кеңесбаев Нұрлан мырзаның айтары аз болмады. Тағылымы мол дөңгелек үстелдің студент-жастарға берер үлгі-өнегесі мол болды.

Ақбота Сембек, Жастар ісі жөніндегі комитет мүшесі